Жаңалықтар

Салық түсімдері көбейді

Instagram және фейсбук желілеріндегі aqtobe_press парақшасында тікелей эфирде ұйымдастырылған брифингте Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті осы жылдың қорытындысын жариялады. 

Биыл мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері бойынша жоспар 107,3 пайызға жетті, яғни 25,3 миллиард теңге жоспардан тыс орындалды. Салықтық түсімдердің жоғары болуына бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысының жоғарылауы, валюта бағамының өсуі, экспортталатын тауарлар (қара металл, мұңай, кен) бағасының өсуі сияқты экономикалық көрсеткіштер, сонымен қатар салық және бюджет төлемдерін әкімшілендіру бойынша мемлекеттік кірістер қызметі жүйелік жұмыс атқару нәтижесі оң әсер етіп отыр. Бұл туралы брифингте

Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Еркебұлан Маретбаев баяндап берді.

— Салықтық тексерулер бойынша да жақсы көрсеткіштер бар. 361 салықтық тексеру жүргізілді. Тексеріс нәтижелері бойынша 7,1 миллиард теңге қосымша алым есептеліп, 10,3 миллиард теңге өндірілді. Ірі салық төлеушілер мен жер қойнауын пайдаланушыларды әкімшілендіру де басты назарда, — дейді Еркебұлан Маретбаев. Сондай-ақ ол акциздік өнімдердің көлеңкелі айналымын анықтау және азайту бойынша ақпараттық жүйеден алынған сараптамалық мәліметтерге де тоқталып өтті. Оның айтуынша, темекі өнімдеріне қатысты көлеңкелі айналымның көлемі — 5,6 миллиард теңге. Мұнда 15,3 миллион бума шылым анықталып, 3 миллиард теңге көлеміндегі табысы тәркіленіп, 1 миллион теңге айыппұл салынды. Ал мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымына келер болсақ, барлығы 12 салық төлеушіге қатысты көлемі — 1 035,6 тонна, сомасы 192,7 миллион теңге болатын табысы тәркіленіп, оларға 154,1 миллион теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ алкоголь өнімдерінің көлеңкелі айналым көлемі —  39 595,8 литр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button