Жаңалықтар

Қоғамдық көлік неге ерте тоқтайды?

Сессия

Облыстық мәслихат депутаттары қаланың кейбір бөліктерін қайта атау, қаланың әлеуметтік маңызы бар автобус маршруттарын субсидиялау, үй жануарларын ұстау және серуендету ережелері, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария және орман шаруашылығы мамандарының лауазымдық жалақыларын арттыру мәселелерін қарап, талқылады.

Бұл мәселелер облыстық мәслихаттың кезекті алтыншы сессиясының ашылуында күн тәртібіне енгізілді. Депутаттар он бес күндік үзілістен кейін сессия жұмысына белсене кірісті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғмановтың төрағалығымен өткен отырысқа облыстық мәслихаттың депутаттары, Ақтөбе қаласының әкімі, облыстық басқармалардың басшылары қатысты.

Басты мәселелердің бірі қаланың әлеуметтік маңызы бар автомобиль қатынастарын субсидиялау болды.Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров депутаттарға қаламыздағы 369 автобусы бар «Автопарк», 32 автобусы бар«QalaTrans» және 196 автобусы бар коммуналдық «Ақтөбе қаласының жолаушылар автокөлік кәсіпорны» 53 автобус маршрутын ұйымдастырып, оның ішінде 38 қалаішілік, 15 қала маңындағы тұрғын үй алаптарына қатынап отырғанын хабарлады.

— Қаламызда қоғамдық көлікте жол жүру тарифі 2018 жылғы 28 қыркүйекте енгізілген болатын, жолақы — 80 теңге.Жолақыдан түскен қаражат тасымалдаушылардың шығындарын өтемейді, ал келтірілген шығындарды субсидиялау осы жылдың қазан айынан бастап жүргізіледі, —деп түсіндірді Асхат Шахаров.

Бұл мәселені талқылау барысында депутаттар баяндамашыға сұрақтар қойды. Облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғмановазаматтар үшін қажетті жағдай жасау, оның ішінде оларды қолжетімді, жайлы қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету — Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасындағы міндеттер екенін атап өтті. Сондай-ақ ол:

— Қала тұрғындарықоғамдық көліктер қозғалысын тоқтатқандықтан, кешкі сағат алты-жетіден кейін үйлеріне жете алмайтындығына шағымданады. Субсидиялау бойынша шешім қабылдамас бұрын, барлық кемшіліктерді шешіп, автобустар бағыттар бойынша үздіксіз және халық тарапынан ескертусіз жүретініне берік кепілдік беру қажет, — деді.

Одан соң облыстық мәслихаттың депутаты Евгений Лазарчук иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары туралы мәселекөтерді. Талқылау барысында «Қаңғыбас жануарларды жою туралы шешім қабылдайтын комиссияны қандай орган бекітеді және оның құрамына еріктілер кіре ме?» деген сауалдарын да қойды. Облыстық  ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай барлық сұрақтарға толық жауап берді.

Сонымен қатар сессияда депутаттар Ақтөбе қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы мәселелерді қарады. Бұл туралы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов мәлімдеді.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева азаматтық қызметшілерге және ауылдық жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария және орман шаруашылығы саласындағы мамандарға 25 пайызға жоғарылатылған лауазымдық жалақылар мен тарифтік мөлшерлемелерді белгілеу туралы мәселені ұсынды.

Облыстық мәслихаттың алтыншы сессиясы депутаттардың қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдауымен түйінделді.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button