АуылБасты жаңалықтар

Көшу тоқтаған ауылдарға барлық жағдай жасалады

Әйтеке би ауданына жұмыс бабымен барған облыс әкімі Оңдасын Оразалин Белқопа ауылына газ жіберу шарасына қатысты.

Қарабұтақ ауылдық округіне қарасты Белқопа ауылы Самара-Шымкент республикалық жолының бойында орналасқан. Елді мекенде 78 үй бар. Газ құбыры барлық үйге барып тұр. Ауылдағы үш әлеуметтік нысан көгілдір отынмен қамтылады.

«Актобе Нефте Газ Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген газ құбырының құрылысына 56 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Белқопалықтар бұл күнді асыға күткендерін айтады. Тұрғындар бір жазда газ кіргізіп берген облыс әкіміне алғыстарын жаудырды. Ауылдың ортақ қуанышына Ақтөбе қаласынан арнайы барған түлектер де болды. Қуанышты сәтті облыс басшысымен бірге бөліскен ауыл тұрғындары бұл күнді тарихи сәт деп есептейді.

2019 жылы алғаш жұмыс бабымен ауылдарыңызға келгенде газ мәселесін көтерген едіңіздер. Биыл қаражат бөліп, ауылға газ құбырын тарттық. Сіздердің қуаныштарыңызға ортақтасып әрі жұмыстың қалай орындалғанын бақылау үшін арнайы келіп отырмын. Ауылдарыңызда қай жағыннан да өсім бар,  тазалық пен мәдениет жақсы сақталған. Біз осындай ауылдарға ұдайы қолдау көрсетіп келеміз. Ауылды сақтап қалған сіздердің еңбектеріңіз, ауызбіршіліктеріңіз.  Нәтижесінде бүгінде ондаған жылдар бойы күн тәртібінде тұрған әлеуметтік сұрақтар шешіліп жатыр. Қай кезде де өз еңбегімізге, өз мүмкіншіліктерімізге сенуіміз керек, —  деді облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы.

Бұл — мен үшін және менің ауылдастарым үшін үлкен қуаныш. Екі жыл бұрын сіз біздің ауданда қызмет бабымен болып, біздің шағын, көп көзге түсе қоймайтын ауылға соққан едіңіз. Сол кезде газ кіргізіп беруді сұрағандаол үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын деп уәде бергенсіз. Халыққа берген уәдеңізді орындадыңыз, сол үшін сізге алғыс айтамыз,— деген ауыл тұрғыны Еламан Сағындықов ендігі мәселе мектепке шеберхана, кітапхана кабинеттері, спортзал керектігін жеткізді. Облыс әкімі бұл жұмыстарды  реттеуді аудан әкімі Дархан Ермағанбетовке тапсырды. Газды алғашқы болып кіргізгендердің бірі — Аққаным Көбекова. Ардагер ұстаз үйіне бас сұғып, қуанышымен бөліскен облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды.

Келесі жылы Белқопаға ауызсу құбыры тартылады. Сол кезде ауданның қақпасы саналатын Белқопа жол, интернет, газ, ауызсу мәселесі толық шешілген ауылдардың қатарына кіреді.Әйтеке би ауданында биыл газ кірген екі ауылдың бірі Белқопа болса,  облыс бойынша бір жылдың ішінде көгілдір отынмен қамтылған 15-ші ауыл.

Қияқтыда құрылыс көп

Өңір басшысының жұмыс сапары Аралтоғай ауылдық округінің Қияқты ауылында жалғасты. Қияқты ауылының тұрғындары  бұдан былай тазартылған суды тұтынатын болады. Құны 15 миллион теңгеге жаңа блокты-модульді су тазарту қондырғысы салынған.

Блокты-модульді су тазарту қондырғысы қыркүйек айында пайдалануға берілді. Жерасты көздерінен құбыр арқылы тазартылған және залалсыздандырылған су 8 сүзгіден өтеді.

Биыл Қияқтыдағы Қыналы негізгі мектебіне күрделі жөндеу жасалды. Мердігер «Мастер Строй Клас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген күрделі жөндеу құрылысының құны — 40 миллион теңге.  Қазіргі таңда мектепте 48 оқушы білім алып жатыр. Барлығы 22 мұғалім жұмыс істейді.

Күрделі жөндеу жүргізілгеннен кейін мектепке 7 бөлме қосылған. Оның біреуі —спортзал. Онда теннис үстелі бар.

Мектепті аралаған облыс әкімі оқушылармен жүздесіп, интернеттің қалай жұмыс істеп тұрғанын тексерді.

Келесі жылы ауылдарыңызға газ тартып береміз. Оған жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға кірістік. Егер сіздер ауылда бала оқытып, мал бағып, кәсіптің көзін көбейтсеңіздер біз мемлекет тарапынан  көмек көрсетіп, тұрғындары тұрақты ауылдың мәселесін шешіп беретін боламыз, — деді облыс әкімі.

Қияқтыдағы «Әділ» шаруа қожалығына барған облыс басшысы ондағы ауқымды жұмыстарға көңілі толды. Шаруа қожалығының жұмысына жоғары баға беріп, әрі қарай гүлденетініне сенім білдірді.

Асылтұқымды малдың түрлерін көбейтіп отырған шаруа қожалығында қазір 763аналық ірі қара бар. «Еділбай» шаруа қожалығы қой санын төрт мыңға жеткізген. Қожалықтың өрісі  герефорд және қазақы ақбас сиыры мен Мұғалжар, Көшім жылқыларына толып отыр.

Қос шаруа қожалығы біріктіріліп, «Берік АБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып құрылған. Ет және сүт өнімдерін өңдейтін цех құрылысы басталды. Онда жылына 400 тонна ет өнімдері мен тәулігіне 2000 литр сүт өнімдері дайындалады.  Құны 300 миллион теңгеге бағаланған жоба жүзеге асқан жағдайда ЖШС өнімдері облыс орталығы мен көрші аудандарға шығарылмақ.

Шаруа қожалыққа «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен 25 шақырым электр желісі тартылған.

Келер жылы сүт фермасы, 1000 ірі қараға арналған бордақылау алаңы және ет өңдеу цехы ашылмақ.

Бордақылау алаңын ашу жоспарына байланысты қожалыққа судан шөбін егу үшін 350 гектар суармалы жер берілген.

Барлық жұмыстарды атқаратын жұмысшы күші керек. Тұрақты малшылар іздейміз. Алдағы уақытта өз қаражатыма Қияқты ауылынан шағын интернат салмақшымын. Жұмысшылардың балалары сонда жатып оқитын болады. Жұмысшыларға арнап 10 тұрғын үй салынады. Жалпы, шаруа қожалықтарына арналған  мемлекеттік қолдаулардың барлық түрін көріп отырмыз. Жұмысшылардың жалақысы 150-250 мың теңге аралығында,— деген «Берік АБ» ЖШС директоры Берік Аяпов шаруашылыққа тұрақты мал дәрігер мамандары керек екенін айтты.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button