Денсаулық

Биыл ауруханаға түскен 2857 адамның 78-і ғана екпе алған

Облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы пандемия кезінде талай науқасты індеттен емдеп шығарды. Бұл орайда аурухана дәрігерлерінің еңбегі орасан.

Аурухананың бас дәрігері Жолдас Қамбаровтың айтуынша, пандемия кезінде бұл мекемеде 4704 науқас емделген. Оның 336-сы — бала (7,1%).

2020 жылмен салыстырғанда биыл емделген науқастардың жалпы саны ғана емес,  COVID-19-дың ауыр түрімен ауырғандар, ем қабылдап жатқан науқастар көп. Биылғы жылы жансақтау бөліміне ауыстырылғандар да, өлім-жітім саны да артты. Мәселен, өткен жылы 1847 науқас емделсе, биылғы жылдың 11 айында олардың саны 2857-ге жетті. Ал жансақтау бөліміне былтыр небәрі 96 науқас жатқызылса, 2021 жылдың 11 айында 569 науқас емделді, яғни жағдайы ауыр науқастар саны 6 есеге өсті. Биылғы жылдың 11 айында ауруханаға жатқызылған науқастардың жалпы санынан вакцина алғандардың үлесі 2,7 пайызды құрады. Бұл дегеніміз — 2857 адамның 78-і ғана екпе алған деген сөз. Сондықтан біз кез келген емделушіге инфекцияның алдын алуда екпе салдырудың маңызын түсіндіріп жатырмыз, — дейді бас дәрігер.

Оның айтуынша, COVID-19-ға қарсы вакцина адамды індеттен 100 пайыз қорғамағанымен, ауырған жағдайда науқасты өлімнен қорғайды.

— 2021 жылдың желтоқсан айында жұқпалы аурулар ауруханасына коронавирус инфекциясымен ауырған 43 науқас жатқызылды. Олардың арасында COVID-19-ға қарсы вакцинамен егілген науқастардың үлесі артқанын айта кету керек. Себебі бірінші вакцинациядан кейін 6 ай уақыт өткен соң коронавирусқа қарсы ревакцинациядан өту қажет, — дейді Ж.Қамбаров.

Бас дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда індетпен ауырған әр науқасқа дәрігерлер аса мұқият және жанашырлықпен қарап, медициналық көмек көрсетуде.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button