Басты жаңалықтарЭкономика

 «Бизнестің жол картасы»: субсидиялау және кепілдік беру

Мемлекеттік бағдарлама

Президент Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» секілді мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін, олардың мерзімін ұзарту туралы айтқан-ды.    

Жалпы, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында мемлекет тарапынан 66  мың жоба қолдау тауып, бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізген. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» аясында  3,5  мыңнан астам жоба іске қосылып, 70 мың жұмыс орны ашылды. «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдадым. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болады», — деді Президент Жолдауында. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында субсидиялау, кепілдік беру секілді тетіктерді іске асырып отырған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры облыстық филиалы республикалық рейтингте субсидиялау бойынша үшінші, кепілдік беру тетігі бойынша бірінші орында тұр. Аталған бағдарламаларды жүзеге асыру барысы туралы облыстық филиал директоры Айнагүл Байдәулетова айтқан-ды:

Бүгінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының екі бағыты бойынша жұмыс істеп отырмыз. Бірінші бағыты микро және шағын кәсіпкерлікке арналған. (Микро кәсіпкерлікке жұмысшылар саны 15-тен, орташа жылдық табысы 30 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, ал шағын кәсіпкерлікке жұмысшылар саны 100 адамнан, орташа жылдық табысы 300 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын бизнес субъектілері жатады). Бұл бағытта микро, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне салалық шектеусіз инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толықтыруға 20 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Осы қаражаттың 5 миллион теңгеге дейінгі сомасы айналым қаражатын толықтыруға беріледі. Кәсіпкер толық соманы инвестициялық мақсаттар үшін аламын десе де, 15 миллионды ғана инвестициялық мақсаттар үшін, қалған 5 миллионды айналым қаражатын толықтыруға аламын десе де өз еркі. Инвестициялық мақсаттар үшін несие — 3 жылға,  айналым қаражатын толықтыруға 2 жылға қарастырылады. Несие 18,25 пайызбен беріледі, оның 6 пайызын кәсіпкер өзі төлесе, қалған 12,25 пайызын «Даму» қоры арқылы мемлекет субсидиялайды.

Бағдарламаның бұл бағыты былтырдан бастап іске қосылған болатын. Содан бері мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Бұл бағыттың бір ерекшелігі —  портфельдік субсидиялау, кепілдік беру тетіктерін жүзге асыру кезінде банк пен кәсіпкер өзара жұмыс істейді, «Даму» қоры бұл процеске араласпайды. Банк субсидия, кепілдік беру секілді шешімді өзі қабылдайды және шешім қабылданғаннан кейін бізге кепілдік беру құжаттарын ұсынады. Біз бұл құжатты алғаннан кейін 8 сағаттың ішінде кепілдік міндеттемелерді береміз. «Даму» қоры

несие сомасының 85 пайызына дейінгі көлемде кепілдік береді. Және кепілдік ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің барлығына шектеусіз беріледі. Бұл ауыл кәсіпкерлері үшін өте тиімді болып отыр, себебі бұрын ауыл кәсіпкерлері банк алдына кепілге қоятын мүлкі жоқтығы салдарынан жеңілдетілген несие алуға мүмкіндігі бола бермейтін. Сондықтан бағдарламаның бірінші бағыты аясында банктерге берілетін лимит мөлшері ауыл кәсіпкерлерімен жиірек жұмыс істейтін «Халық банк» пен «Сбербанкке» көбірек бөлінді. Жалпы, бұл бағдарлама бойынша екінші деңгейлі жеті банк жұмыс істейді. Бүгінде осы бағыт аясында мемлекеттің қолдауын алған кәсіпкерлік субъектілерінің 30 пайызы ауыл кәсіпкерлері болып отыр. Тағы бір айта кетерлігі — банк кей жағдайда кепілдіктің қалған 15 пайызын кәсіпкерден талап етпеуі де мүмкін, бұл да кәсіпкер үшін үлкен көмек.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасының бірінші — портфельдік субсидиялау бағыты аясында 993 жоба бойынша 5 785 миллион теңге көлемінде субсидия берілді, сонымен бірге 980 жобаға 4746 миллион теңге көлемінде кепілдік берілді.

Екінші бағыт бойынша талаптар қандай?

— Екінші бағыт аясында мемлекеттік қолдау шағын және орта бизнес өкілдеріне және экономиканың басым секторларындағы ірі кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі. Бұл бағыт бойынша несие инвестициялық мақсаттарға, соңғы 8 айда берілген несиелерді қайта қаржыландыруға және айналым қаражатын толықтыруға беріледі. Несиенің жалпы сомасы 7 миллиард теңгеге дейін. Инвестициялық несиені субсидиялау мерзімі — 5 жыл,  айналым қаражатын субсидиялау мерзімі — 3 жыл. Бұл бағыт бойынша несие жылдық 14,75 пайызбен беріледі, оның 6 пайызын кәсіпкер өзі өтесе, қалғанын мемлекет «Даму» қоры арқылы субсидиялайды.

Екінші бағыт бойынша ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 360 миллион теңгеге дейін, несие сомасының 85 пайызына дейінгі көлемде, ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге 1 миллиард теңгеге дейін, несие сомасының  50 пайызына дейінгі көлемде кепілдік беріледі. Кепілдік беру мерзімі несие беру мерзімінен аспайды.

Жыл басынан бергі он айда аталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша жалпы несие сомасы 19 861 миллион теңге болатын 339 жоба бойынша субсидиялау келісімшарты жасалды. Сонымен бірге несие сомасы 10 316 миллион теңге болатын 207 жобаға 4748 миллион теңге көлемінде кепілдік берілді.

— Соңғы жылдары кәсіпкерлік саласын мемлекеттік қолдау саласында қаржыландыру көлемі артты ма?

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы 2010 жылы алғаш рет іске асырыла бстады. Содан бері қарай кәсіпкерлік саласын қаржыландыру көлемі тұрақты түрде артып келе жатыр. Бағдарламаның бағыттарына, талаптарына, шарттарына бірнеше рет өзгерістер енгізіліп, шектеулер азайтылып, кәсіпкерлік саласының дамуына тиімді болатын шешімдер қабылданып келеді. Мәселен, былтыр пандемия салдарынан ісі тұрып қалған кәсіпкерліктің бірқатар саласына қолдау көрсетілді. Соның ішінде бұрын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында мемлекеттен қолдау ала алмаған кәсіпкерліктің кейбір салалары, мәселен, мейрамханалар, қоғамдық тамақтану орындары мен сауда-саттық саласындағы кәсіпкерлік субъектілері «экономиканың зардап шеккен салалары» ретінде мемлекеттен қолдау алды. Биыл осы мақсатта экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің несиелерін субсидиялау бойынша 171 жобаға қол қойылды.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына да мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Бұл бағдарламаның мақсаты —  ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру және, ең алдымен, халық тұтынатын тауарлардың кең номенклатурасын шығару, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында кешегі пандемия кезінде көп жобалар жүзеге асырылды, себебі халық жиі тұтынатын кейбір тауарлар сырттан келмей қалды, осы ретте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру мақсатындағы жобаларды іске асыру маңызды болды. Бұл бағытта орта, шағын, ірі кәсіпкерлік деп шектемей, барлығына бірдей несие берілді. Бірақ салалық шектеулер бар. Жылдық 15 пайызбен берілетін несиенің 6 пайызын кәсіпкер, 9 пайызын «Даму» мемлекет атынан субсидиялайды. Жыл басынан бергі он айда осы бағыт бойынша 20 жобаға 12 604 миллион теңгеге субсидия берілді. Сонымен бірге «Даму» бір миллиард теңгеге дейінгі қаражаттың 50 пайызына дейін кепілдік береді. Жыл басынан бері 14 жобаға 1 868 миллион теңге көлемінде кепілдік берілді.

Жалпы алғанда мемлекеттік бағдарламаның барлық бағыттары бойынша жыл басынан бергі он ай ішінде «Даму» қорының облыстық филиалы тарапынан 1 351 жоба бойынша жалпы сомасы 38 250 миллион теңгеге субсидиялау келісімшарты жасалды. Сонымен бірге несие сомасы 19 935 миллион теңге болатын 1 201 жобаға кепілдік берілді, бұл ретте кепілдік сомасы — 11 362 миллион теңге. Біздің облыс мемлекеттік бағдарламаның субсидиялау және кепілдік беру тетіктерінің іске асырылуы жағынан республика бойынша алғашқы үштікте.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button