Мәдениет

Қайран, көңіл

Осыған дейін «Қайран, көңіл» деп аталатын әндер топтамасының талайын түрлі әнші мен әйгілі топтардың айтуында естіп келе жатырмыз. Шынымен де адамның алабұртқан құбылмалы көңіл күйінің қашаған пернесі тәрізді, бұлардың да біріне екіншісі мүлдем ұқсамайды. Ұқсастық тек атында ғана, затында ортақ ештеңе жоқ.

Айналайын-ай, Гүлмарс қарындасымды тыңдамағалы қай заман? Жасыратыны жоқ, тіпті соңғы кезде кімдерді тыңдап жүргенімізді де ұмытып қалдық қой өзі. Тыңдайтын әншінің жоқтығынан емес, танымыңды тұшындыратын ән азайып кетті. Кейбірінің әуені келіссе, мәтіні сорлайтынын қайтерсің? Қалай десек те, төрт аяғын тең басқан тайпалған жорғалықтан айырылып тұрмыз.  Бір жағынан, ақсаған бір кем дүние. Әні мен сөзін өзі шығарып, ат үстінде тізгінге сүйеніп тұрып табанда айтатын баяғы сал-сері, қасқа-қайқы сияқты бесаспаптардан кейін ән әлемінде қойыртпақ көбейіп кетті ғой, әйтеуір. Осы үш айырық кеудеде бір одаққа бірікпейінше, ендігі жерде тәуір ән жоқ.

«Қайран, көңіл

Өттің өмір.

Жылаймын қимай-қимай ағыл-тегіл!».

Мына қайырма осылай деп егіледі. Өзі ғана жыласа жақсы ғой, тыңдаушысын қоса жылатады. Мұндағы «жылау» жақсы мағынасында әрине, әйтпесе, бұл тіпті де жылауық әндердің санатынан емес. Жылататыны сол, перизаттың қос қанатына маржан тағып, жүрек байғұсты сағым далаға алып ұшады. Әйтеуір, бейжай тыңдау мүмкін емес. Жан дүниең төңкеріліп, астан-кестеңі шығып, қапелімде бір түсініксіз нәрсеге айналып кете барады. Өзегін өртеген бір мұң, сағыныш, еркелік, есірік көңіл. Осының бәрі ерекше махаббатқа ұласып, айтылмақ сыр әуен желісін бойлай келіп, ән қазығына байланған. Кәдуілгі даланың қасиетін сезінген ұланның санасында ғана болатын сындарлы сезім. Ашық-тесік, алба-жұлбадан әбден жеріген бізге бейіл дүние екен. Авторы өзіміздің Орал-Қосай Байсеңгір.

Орал-Қосай Байсеңгір «Біздің ауыл тамаша»,  «Байғанин маршы», «Жарқамыс вальсі», «Тобық аға», «Бәкір аға» сынды кең таралған әндердің авторы. Мақтанышымыз Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы «Ұмытылмас күн», «Аққуым»,  «Қайран елім» сияқты әндердің сөзін жазған. Оның туындыларын  Аллаберген Жақсыбаев, Қанат-Света Айтбаевтар, Мирас-Құралай Бекжановтар, Жадыра Арыстанова, Нұрболат Абдуллин сынды танымал әншілер орындайды.

Кешегі Ақселеу, Тұрсынғазы, одан кейінгі Тұрсынжандай қазақи әннің күретамырына дәл түскен қасқалар мен жайсаңдардан кейінгі тізгін ұстап жүрген санаулы топтың арасындағы осы бауырдың қарымы ерекше.

Гүлмарстың жанға жайлы үні «Желтаудың біздің ауыл етегінде, Арманның жүруші едік жетегінде» дейтін алғашқы екі тармақтан бастап-ақ тыңдаушының еркін өзіне бағындырады. Мәтіні ескінің сарқыты сияқты көрінгенімен, жаңаша жасанған. Иә, бұлайша сөз байлау баяғы сал-сері, қасқа-қайқы басып өткен дәуір-дәуренде қалып қойды деп жүрсек, бір шеті Ақтөбе топырағында, біздің Оралдың жадында жүр екен ғой. «Кетпейді жатсам түстен, тұрсам естен, Жәудіреп қарағаның кетерімде» деп түйінделген алғашқы шумақтың кеудесіндегі кейінгі екі жол ән туған сәттегі жарқ еткен ситуативтің бәрін түсіндіріп тұр. Есі бар пендеге ештеңені де күрделендіріп қажеті жоқ екен-ау. Ол үшін ақын болу да міндет емес. Өлеңнің тууы мен жазудың арасындағы керте тұр бұл екі арада. Жалған сөйлемесең, көрсеқызар ниет пен арам пиғылдан аулақ болып, жүрегіңмен шын сүйсең, ән де өзі иіліп, исіне береді екен ғой. «Қайран, көңілді» тыңдап отырып осыны сезіндім, біздің Оралжанның қимай-қимай, ағыл-тегіл жылауының мәнісі сонда екен.

Пенденің сағынышында шек болушы ма еді?! Әннің екінші шумағынан бастап ол түбекті әнге бөлеген қайқыларша кесек турап өте шығады. «Қалқам-ай, жүрсек деп ем жарасып-ай, Көзімнен бұлбұл ұшып барасың-ай». Біздің Орал ХХI ғасырдың табалдырығында тұрып ХIХ ғасырдың қазағы сияқты қасіретке шома алатын сиректің қатарында. Оның ғасырларды көктей өтіп тұрған ілкі себебін үңіле түссең, осы шумақтағы 3, 4-тармақтан табасың. Өйткені «Қайып та қара тастан жас шығарған, ән салып Ақбөбекке дәл осылай!». Сазгердің баяғыда өткен Қайыпқа қара тастан жас шығартуы айтып жеткізіп болмайтын, қайталануы қиын образ, өлеңге өмірін арнаған сөз иелерінің тілінің ұшына түспей жүрген бейнелі орамның бірі. Арада аттай шалқып, күндей балқып екі ғасыр жатыр дегенге кім сенеді? Ой, дүние-ай. Ән қайырмасы

«Ахау, қайран, көңіл,

Өттің өмір.

Жылаймын қимай-қимай ағыл-тегіл» деп қайталаған сайын көз алдыңнан өмір керуені бос көшіп бара жатқандай болып көрінеді.

Бұл әнге ерекше әр беріп тұрған музыкалық әрлеудің иесі Бақытбек Зейнелов һәм оның жетекшілігіндегі Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармонияның «Достық сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің сүйемелі, ән өзегіне өріліп, желең ілесіп отыратын фон ретінде алынған эстрадалық аядағы шешім де өте сауатты жасалыпты. Димаш айтып жүрген «Дайдидау» әнінің әрлемесінен бастап, бүгінде қазақ сахнасын ерекше жылылыққа толтырып жүрген талай әнге екінші өмір сыйлаған осы музыканттың ойлау жүйесіне тәнтімін. Несін айтасың, кәсібилік деген шіркінің осы енді. Ол араласқан жерде әннің де, әншінің де, ән иесінің де бақ жұлдызы қатар жанады ғой. Қалай десек те, бұл бір сәтті күні туған Орал шығармашылығындағы орны бөлек ән екен. Ғұмырлы болсын дегеннен басқа сөз қалмай тұр.

Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы,

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, халықаралық ТҮРІКСОЙ-дың «Мұрагер» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button