Мәдениет

Тәуелсіздікпен құрдас өнер ұжымы

Биыл Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияға қарасты Қазақ камералық хорының құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай ел Тәуелсіздігімен құрдас өнер ұжымының «Тәуелсіздікке тарту» атты мерейтойлық концерті өтті.

Кәбдікәрім Ідірісовтің сөзіне жазылған Мыңжасар Маңғытаевтың «Қазақстаным менің» әнімен ашылған концертте Ахмет Жұбанов, Сейдолла Бәйтереков, Қуат Шілдебаев, Георгий  Свиридов, Владимир Гаврилиннің музыкасы, сондай-ақ қазақтың халық, орыс әндері шырқалды.

Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова хор ұжымын мерейтойымен құттықтап, бірнеше өнер иесіне марапаттар тапсырды. Атап айтсақ, ұжымға ең әуелі ҚР Президентінің «Құрмет грамотасы» табысталды. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Римма Дүйсенбаева мен Шаригүл Өтегенова, ал «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» атынан «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Шолпан Тілепиева, облыстық ішкі саясат басқармасының «Өнер саласының үздігі» төсбелгісімен Серік Жұбатқан сынды артистер марапатталды.

— Қазіргі таңда хор ұжымының репертуарында 400-ге жуық туынды бар. Оның 150-і — қазақ әндері. Шетелдік, соның ішінде әлемдік музыка да біршама. Соңғы жылдары жерлес композиторлардың әндерін де көптеп қосып жатырмыз.

Құрамымызда 33 артист бар. Арасында консерваторияны тәмамдаған білікті кадрлар бар. Біз олармен мақтанамыз. Жалпы, әріптестеріміздің қай-қайсысы да өз ісінің маманы. Осы жағы ескеріліп, жақында ел Президентінің«Құрмет грамотасын иелендік. Өте қуаныштымыз.

Алға қойған жоспарымыз көп. Болашақта мемлекеттік академиялық хор ұжымы болсақ дейміз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, шеберлігіміз де жетеді. Мақсатымыз — сол, — дейді Қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі Мербол Құспанов.

Айта кетейік, кеште аталған ұжымның негізін қалаған Тұрым Алагөзов, Несібелі Қоңырбасова сынды ардагерлер де болып, ақжарма тілектерін арнады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button