Мәдениет

Ата-әжелер салған ән қандай!

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы және халықтық «Атамекен — Асылым» аталар мен аналар ән ансамблінің 3 жылдығына орай «Тәуелсіздік — ұлт рухы» атты концерт өтті.

Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шығармашылық кеште қарттар «Қазақстан — қыран далам», «Тау ішінде», «Жағадағы ару қыз», «Ақсәуле», «Әнім сен едің», т.б. белгілі әндерді орындады. Арасында халық әндеріне де кезек берілді.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі — Қаракөз Сағынова.

— 2017 жылы құрылған ансамбльге, аты айтып тұрғандай, өнерлі аға-апалар мүше. Қазіргі таңда құрамында 22 адам бар. Олар қаланың қоғамдық-мәдени өміріне белсенді атсалысып, концерттерге ылғи шығып тұрады. Кез келген шараның көркін қыздырады. Жалпы, бізде халықтық атағы бар 8 ұжым — «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі, «Серпер» жастар хоры, «Наставник» еңбек және соғыс ардагерлері хор ұжымы, «Рюкзак» бард клубы, «Сұңқар» вокалдық ансамблі, «Наурыз» тобы, «Ермекбаевтар» отбасылық классикалық ән ансамблі, «Атамекен — Асылым» аталар мен аналар ән ансамблі, сондай-ақ эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрі мен «Ақтөбе» вокалды аспаптар ансамблі жұмыс істейді, — дейді Ақтөбе қалалық Мәдениет үйі халық шығармашылығы және демалыс қызметі ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бақтыгүл Тілепова.

Концерт барысында ансамбльге Ақтөбе қаласы әкімінің Алғыс хаты, мемлекеттік мекеме басшыларының құттықтау хаты мен сый-сияпаттары табыс етілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button