Білім

Танымы терең тәлімгер

Ұстаз бейнесі —  шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі. Сондай ұстаздардың бірі — алғаш еңбекке араласқанымда көмегін аямаған, бағыт-бағдар беріп, көп нәрсеге үйреткен тәлімгерім Ботакөз Омарова.

Ботакөз Рысбайқызы 1963 жылы қойнауы кенге бай Мұғалжар ауданы, «Жаңажол»кеңшарында дүниеге келді. 1988 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институттың физика-математика факультетін тәмамдап, алғаш еңбек жолын өзі оқыған Жаңажол орта мектебінде бастады. 1995 жылы қазақтың алғаш гимназиясы М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназиясына жұмыс ауыстырды.

Саналы ғұмырын білім саласына арнап келе жатқан парасатты педагог отыз үш жылдық тәжірибесінде талай шәкірттерге сапалы білім мен тәрбие сіңірді. Класс жетекшілік қызметін де атқарды. Қазіргі уақытта Ботакөз Рысбайқызының білімімен қоса, адамгершілігін, қарапайымдылығын бойларына сіңірген шәкірттері өмірден өз орындарын тауып, білікті маман иесі атанып отыр. «Шәкірт жетістігі — ұстаз мерейі» демекші, Ботакөз Рысбайқызының жетекшілігімен математика пәнінен М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназиясының атын шығарып жүрген оқушылар жетерлік. Атап айтсам, олар —  республикалық пәндік олимпиадада І орын иегері11-сынып оқушысы Мұхамбетшәріп Махамбет, қалалық пәндік олимпиадада І орын алған  9-сынып оқушысы ДанаСүгірбаева, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, Кіші Ғылым академиясында жоба қорғап,  І орын алған 7-сынып оқушылары АйшаЖарылқасын, Диляра Ертуғанова.

Математика пәнін жас ұрпаққа оқыту, ұлттық тәлім-тәрбиені бала бойына сіңіру жолында ұстаз күнделікті сабақта ізденуден жалықпайды. Озық тәжірибелі маман әр сабағын дұрыс іріктелген әдістемелік тәсілдер, көрнекі және техникалық құралдар, мультимедиалық бағдарламалар арқылы түрлендіріп отырады. Сондай-ақ ол сабақ барысында оқушыларының білімге деген құлшынысын проблемалық сұрақтар қою арқылы жандандырады. Қалалық, облыстық семинарларда үнемі ашық сабақтар беріп, тәжірибесін бөліседі.

Ботакөз Рысбайқызы — Қазақстан педагогтер қауымдастығының  «Үздік педагог» төсбелгісінің иегері. Сонымен қатар Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, бірнеше мәрте облыстық білім басқармасының, қалалық білім бөлімінің, әкімдердің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Ботакөз Рысбайқызы — ұстаз ғана емес, ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасының ұйытқысы. Үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана, немере баққан әзиз әже.

Ботакөз Рысбайқызы сияқты біліктілігі жоғары ұстазға кезігіп, тәлім мен тәрбие алған шәкірт өмір майданында қиындық пен кедергілерге мойымай күресіп, адалдықтың арқасында  тек жетістіктің биік белесінен көрінері анық.

 Меруерт МЫРЗАҒАЗИЕВА,

М.Құрманғалиева атындағы №32 мектеп-гимназиясы математика пәні мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button