Білім

Балдырған

Менің арманым

Дәрігер болу ұнайды

Менің арманым өте көп. Соның бірі бала күнгі арманым, қазіргі кездегі арманым — дәрігер болу.

Себебі, маған дәрігер болу ұнайды және менің кіндігімді кескен анам да, апам да дәрігер, мен соларға еліктеп дәрігер болуды армандадым.

Маған дәрігер болу қатты ұнайды. Болашақта жаны ауырған адамға көмегімді тигізсем, өзімді өте бақытты жан деп бағалар едім.

Және тағы бір арманым, Қазақстан жерін көркейтуге атсалысып, өз үлесімді қосқым келеді.

Осы армандарыма сүрінбей жетіп, халқыма қалаулы, еліме елеулі азаматша болғым келді.

Арманы жоқ адам болмайды, әрине.Әркімнің өз арманы бар. «Сол арманым орындалса екен, соған жетсем екен, қателеспесем екен» деп тілейді. Соған жетуге, қателеспеуге ұмтылады. Ол үшін мектеп қабырғасында жақсы оқып, парасаттылықты, әдептілікті, мәдениетті, мейірімділікті, ақылдылықты, шыншылдықты үйренуі керек. Және тағы да нашақорлықтан, шылым шегуден, алкогольден сақ болуы қажет. Адам өміріне алкоголь, есірткінің қаншалықты зиян екенін білеміз. Сондықтан адамдар, жасөспірімдер, жағымсыз әрекеттерден аулақ болайық. Арманымызды кірлетіп алмайық.

Гүлжібек КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

Бершүгір орта мектебінің оқушысы.

Шалқар ауданы.

Туған жер

Көктем бізге кеш келеді

Менің туған жерім — Бадамша ауылы.

Біздің ауылдың адамдары бір-біріне қамқор болып, қол ұшын беріп тұрады. Тату, ауызбіршілігі мол деп айта аламын.

Біздің ауылдың қысы қатты. Уілдеп соққан боран мен ерекше аязы есімнен шықпайды. Егер де мен Жерұйық іздеген Асанқайғы сияқты өз ауылыма баға берсем, былай дер едім: «Қарың көп екен, Бадамша, көктемде суың көп болар, су болғасын шөп болар».

Расында да, біздің ауыл жазда көкорай шалғын болып тұрады. Табиғаты көркем, ауасы кең. Қысы қатты болғандықтан, көктем басқа жақтарға қарағанда кеш келеді. Бірақ менің ауылымның келбеті келген қонақтарға да ұнайды.

Гүлім ГИНЕТ,

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды

балалар мектеп-интернатының 5-сынып оқушысы.

Сырласу

Менің бақытым

Әр адам өз өмірінің бақытты болуын арман етеді.

Менің бақытым — отбасым аман, еліміз тыныш, тәуелсіз елміз.

Бақытты болу әр адамның өзіне байланысты. Өз өмірін аялап, барды қанағат тұтқан адамның құшағы әрқашанда бақытқа толы болады.

Еліне адал қызмет етіп, өзінің әр ісінің нәтижесіне қуана білген адамның бағы арта түседі. Бағы жанған адам таусылмас дәулетке, зор байлыққа кенеліп, сәнді де мәнді өмір сүреді.

Қазақ жерін мекендеп жатқан барша қазақстандықтарға бақыт тілеймін. Өйткені халқым бақытты болса, менің де бақытты болатыным сөзсіз.

«Қазақ балаларының балалық шақтары ертегідей қызықты өтсін», — деген балаң тілегімді айтқым келеді.

Бекнұр ӘШІМ,

С.Оразалин атындағы орта мектептің

7-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Бейбітшілік ұраны

Бейбітшілік ұраны

Жасай берсін жаңғырып.

Биікке самғап тұрады

Қазақстан мәңгілік.

Бейбіт, тату болайық

Түрлі елдермен бірге.

Өсіп-өніп толайық,

Тек араздасып жүрме.

Азамат ЖАЛМҰРАТОВ,

№ 4 орта мектептің 5-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

Жұмбақтар

Күнде алдына келесің,

Өзіңді өзің көресің.

(Айна)

Қанаты талмайды,

Құс емес,

Аспанды шарлайды.

(Ұшақ)

Фариза АБДУАЛИЕВА,

Еңбекту орта мектебінің 1-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Ана

Анамды жақсы көремін,

Үнемі сыйлап жүремін.

Аман болса анашым,

Мен жадырап күлемін.

Асыл анам ардақты,

Кең дүниені шарлатты.

Әрбір бала анаға

Шын алғысын арнапты.

Нұржайна АМАНБАЕВА,

Сарысай негізгі мектебінің 7-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

Он дерек

…қашан пайда болды?

Сағыз (қазіргі заманғы) — 1870 жылдың шамасы. Томас Адамс. АҚШ.

Темір (өндіру) — біздің заманымызға дейінгі ХІV ғасыр. Хеттер. Кіші Азия.

Темірбетон — 1867 жыл. Жозеф Монье. Франция.

Сұйық кристалды дисплей — 1963 жыл. Джордж Хейльмейер. АҚШ.

Дизель — 1892 жыл. Рудольф Дизель. Германия.

Динамит — 1867 жыл. Альфред Нобель. Швеция.

Дирижабль (қатқыл жүйе) — 1900 жыл. Фердинанд дон Цепеллин. Германия.

Дирижабль (жұмасақ жүйе) — 1852 жыл. Анри Жиффар. Франция.

Пневматикалық бұрғы (дрель) — 1861 жыл. Жермен Соммелье. Франция.

Электрлі қол бұрғы — 1895 жыл. Вильгельм Фейн. Германия.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button