Құқық

Полицейдің құны өтеле ме?

Редакциямызға сот орындаушыларының әрекетіне һәм әрекетсіздігіне налыған азаматтардың жиі келетіндігі рас. Солардың бірі – Гүлмира Нұрмағамбетова. 2007 жылдың желтоқсан айында оның інісі, Шалқар аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Мұрат Исмурзинді бір топ жігіт соққыға жығып, аяусыз пышақтаудың салдарынан көз жұмады.

Әрине, содан бергі уақытта бірнеше сот отырыстары өтіп, кінәлілер тиісті сыбағаларын алғандығы да рас. Алайда жәбірленуші жақты мазалайтын сауалдар әлі де көп.

Мысалы, Гүлмира Нұрмағамбетова інісінің өліміне себепкер деуге тұрарлық тағы бірнеше адамның бостандықта сайрандап жүргендігіне налиды. Тал түсте Шалқар қаласының орталығындағы дәмханалардың бірінің алдында полиция қызметкеріне қол жұмсаған жігіттердің кінәсін мойындату да оңайға соққан жоқ. Тіпті, марқұмның болашақ қалыңдығы да осы күйік пен белгісіз біреулердің қысымына шыдамастан өз-өзіне қол жұмсап, бақилық болғаны да сол кез. Бұл іс бойынша негізгі кінәлі деп танылған Айбек Мәмбетовті Шалқар аудандық соты 11 жылға бас бостандығынан айырды және жанама қатысы болған деген айыппен Ержан Сағатовты 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарған болатын. Бұған марқұмның тума-туыстары күні бүгінге дейін келіскен емес.

– Қылмыстық істің неліктен созбалаңға салынған белгісіз. Біздің пікірімізше, айыптылар жеңіл жазамен құтылды десек болады. Әрине, інімнің қайтып келмесі анық. Бірақ кінәлі жақтың тағы бір тобының бостандықта сайрандап жүргендігі қынжылтады, – дейді Г. Нұрмағамбетова.

Сот шешімімен жаза тағайындалған А. Мәмбетовтен М. Исмурзиннің отбасына 1 миллион теңге, ал Е. Сағатовтан 500 мың теңге моральдық және материалдық шығын өндіру туралы шешім шыққан еді. Әрине, адам өмірі ақшамен өлшенбейді. Алайда жәбірленуші жақ онсыз да қара жамылып отырғанда Шалқар аудандық сотының орындаушысы Н. Ормахановтың әрекетсіздігіне наразы. Сот орындаушысы әзірге айыптының жұмыссыздығын желеу еткен анықтамаға қанағаттанып отырғанға ұқсайды. Тіпті, Е. Сағатовтың кәсіпкерлікпен айналысатын тума-туыстары да өлік шыққан үйге қарайласса қайтеді?

Иә, болашағынан үміт күттірер спортшының өмірі ерте қиылды. Ал айыптыларды жазалау немесе сот шешімін орындауға ат үсті қарайтын мемлекеттік органдардың әрекеті қарапайым халықтың алдында мемлекетіміздің беделіне шіркеу болары анық.

321 қылмыстың бірі

Бүгінде нашақорлық дерті – қоғамның өзекті мәселерінің бірі. ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақтөбе облыстық басқармасы өкілдері баяндаған мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы есірткіге байланысты 321 қылмыс тіркелген.

Бұл көрсеткіш 2007 жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Аталған қылмыстардың басым бөлігі, яғни 70 пайызы Ақтөбе қаласында жасалса, одан кейінгі орындарда әдеттегідей Хромтау, Мұғалжар, Қарғалы және Шалқар аудандары тұр. Жинақталған деректер бойынша 171 іс сотқа жолданып, тиісті шешім қабылданған. Заңсыз айналымнан 92 келідей есірткі заттары алынған. Бұл, әрине, үрей тудырарлық сандар. Ең қорқыныштысы, есірткінің ауыр түрі саналатын героиннің заңсыз айналымдағы үлес-салмағы артқан үстіне арта түсуде.  Бірер мысал…

Өткен жылы құқық қорғау органдары 70 жастағы кейуананы… саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған педагогты қамауға алды. Бұл – өте өкінішті, бірақ өмірде кездесетін рас дерек. Полицейлер бұл зейнеткер мен оның 45 жастағы қызын есірткі сату үстінде күз айларының бірінде қолға түсірген еді. Жоғарыда аталған басқарма прокуроры Мәрзия Шоңмұрынованың мәлімдеуінше, сотталушы талай буын ұрпақты сауаттандырған еңбегі үшін бірнеше медальмен марапатталған. Кейуана кінәсін толық мойындап, бұндай қылмысқа нендей жағдайдың итермелегендігін жасырған жоқ. Бұл отбасылық қасірет екен.

– Мен нашақор ұлымның өлім мен өмір арасындағы арпалысын көргенде шыдай алмадым, – деді сотта түсінік берген зейнеткер. – Есірткіні қажетсінген уақыттағы қиналысын құдай ешкімнің басына бермесін.

Полицейлер зейнеткер мен оның қызын қамауға алғанға дейін олар героиннің бірнеше бөлігін сатып үлгерген екен. Айта кетерлігі, зейнеткердің қостас болған қызы ауыр сырқаттан сотқа дейін-ақ өмірімен қоштасты. Ажалға себеп – қатерлі ісік.

– Іс осылай жалғаса берсе, ондаған жылдардан кейін ауру меңдеген елге айналамыз. Халықтың беймазалығы олардың саяси белсенділіктері мен Отанымыздың экономикалық өркендеуіне кері әсерін тигізері сөзсіз, – дейді прокурор.

Жалған қолдаушы жардан құлады

Елімізде шағын кәсіпкерліктің тынысын кеңейтіп, мемлекеттік қолдау көрсету және дамуын жеделдету мақсатында 1997 жылы Президент жарлығымен «Шағын кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ құрылған болатын.

Ондағы мақсат – шағын кәсіпкерлік субъектілерінің экономикалық өркендеуі мен аяғынан тұруына жағдай жасау, мемлекеттің қолдау қаражатының мақсатты жұмсалуын қадағалау болатын.

Алайда осы қамқорлықты азсынғандай, кейбір пысықайлар шағын және орта бизнесті қолдауға арналған қаражатқа қол салып, бас пайдаларына жаратуға құмар. Оған жуырда ғана экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері жергілікті серіктестіктердің біріне қатысты қозғаған іс дәлел.

Тексеру барысында анықталғандай, 2007 жылдың қазан айында жергілікті ЖШС басшысы «Шағын кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ аймақтық өкілдігіне Түрік елінде шығарылған құрғақ құрылыс қоспасын өндіретін құрылғы сатып алу үшін лизингке 5 жылға дейінгі мерзіммен 32,3 миллион теңге қарыз алу жөнінде өтініш жазып, қаржыландыру мүмкіндігін қарауды ұсынады.

Тапсырылған құжаттар негізінде қор жоғарыда аталған серіктестікпен арада қаржылық лизинг беру туралы және осындай жабдық сататын басқа серіктестікпен сатып алу туралы келісім-шартқа қол қояды. Бұл келісімнің негізінде 2007 жылдың соңына дейін жеткізуші серіктестіктің есебінен қажетті қаражат толығымен аударылған.

Алайда жеткізуші ЖШС өндіріс жабдығын әкелуге талпынбастан, қордан бөлінген қаражатты сатып алушы серіктестік басшысына тапсырған.

Ал соңғысы қылмыстық істің ізін жасыру үшін жалған есептік анықтамалар әзірлеп, жүктің Қазақстан шекарасынан өткендігін анықтайтын жалған кедендік декларацияға дейін жасап үлгеріпті.

Осы дерекке байланысты ЖШС директорының әрекеті қылмыстық кодекстің 177-бабының 3-тармағына сәйкес деп танылып, яғни ірі көлемдегі алаяқтығы үшін жауапқа тартылуда. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі – 32,3 миллион теңге.

Қазір  экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде тексеріліп жатқан бұл іске нүкте қойылар күн алыс емес. Ал департаменттің баспасөз қызметі халықтың кез келген заң бұзушылыққа байланысты «144» сенім телефоны арқылы хабарлауына мүмкіндік жасалғандығын айтып отыр.

Құжатыңды ретте…

Шетелге шығатын балаға қандай төлқұжат қажет? Нотариустық қызметтің мәні қандай? Осындай сауалдар редакциямызға жиі келетіндіктен, олардың бірқатарын облыстық әділет департаментіне жолдаған болатынбыз. Мүмкін, ол мәселелер сіздерге де қатысты болар. Кеңес алыңыз…

– Менің анам денсаулығына байланысты жүре алмайды (мүгедек), бірақ өсиет рәсімдегісі келеді. Нотариусты үйге шақыруға бола ма?

– Иә, нотариусты үйге шақыруға болады, ол үшін нотариуспен алдын ала уақыты мен жасалатын нотариалдық іс-әрекеттің түрін келісіп алу қажет. Және де «Нотариат туралы» Заңының 30-бабы 6-тармағына сәйкес сіз оның нақты көлiк шығыстарын өтеуіңіз қажет.

– 1995 жылы мемлекеттік нотариуспен куәландырылған сатып алу-сату  шартында менің тегімді жазуда бір әріп дұрыс жазылмай, қате кеткен, сол себепті қазір Халыққа қызмет көрсету орталығында менің құжаттарымды тіркеуге қабылдамайды. Бұл жағдайда не істеу қажет?

– 2005 жылдан бастап Ақтөбе қаласы мемлекеттік нотариалдық конторасының қызметі қысқартылды және мемлекеттік нотариустардың барлық істері Ақтөбе облысының мұрағатына тапсырылды. Осыған байланысты сұрағыңызды шешу үшін Ақтөбе қалалық сотына жолыққаныңыз жөн.

– Мен шетелдегі апама нотариалдық куәландырылған сенімхатты жіберуім қажет, бірақ ол үшін маған сенімхатқа апостиль қою қажет деді, мен бұл сұрақ бойынша қай жерге жолыға аламын?

– Құжатқа апостиль қою үшін Әбілқайыр хан даңғылы, 51 «а» мекен-жайы бойынша облыстық әділет департаментіне азаматтық хал актілерін тіркеу және апостильдеу бөліміне келуіңіз қажет. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз және апостиль қоятын құжат болуы міндетті.

– 10 жастағы балаға шетелге шығу үшін төлқұжат қажет пе? Қандай жағдайларда баланың суреті ата-ананың біреуінің төлқұжатына жабыстырылады? Бұл сұрақты шешу үшін қайда жолығуға болады?

– ҚР азаматының төлқұжаты 10 жыл мерзімге кез келген жастағы азаматқа беріледі. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жолығу қажет және өзіңізбен бірге азаматтарды тіркеу кітабы, туу туралы куәлік, ата-ананың біреуінің жеке куәлігі, 3 сурет және мемлекеттік баж төлемі туралы түбіртегіңіз болуы керек.

Егер де бала ата-анасымен немесе ата-анасының біреуімен шетелге шығатын болса, оған төлқұжат рәсімдеу міндетті емес, тек ата-анасының төлқұжатына баланың суретін жабыстырса болғаны. Ол үшін 312-атқыштар дивизиясы, 5 «а» мекен-жайындағы Ақтөбе облысы ІІД миграциялық полициясына жолығуыңыз қажет.

– Менің пәтерімде менің апам тіркелген, бірақ ол менің пәтерімде ұзақ уақыт тұрмайды,  оны қалай тіркеуден шығаруға болады?

– Пәтер иесі ретінде өзіңіздің апаңызды оның келісімінсіз  пәтерден тіркеуден шығаруыңызға құқығыңыз бар. Ол үшін сізге Халыққа қызмет көрсету орталығына жолығып, 3 дана кету парағын және статистикалық есеп талонын толтыруыңыз қажет.

Бетті әзірлеген Серік ӘБДІБЕКОВ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Сəлеметсіздерме менің сұрайын дегенім төлқұжатқа баланың суретін қыстыру қанша теңге жəнеде қанша уақытта дайын болады əкесімен закске тұрмағанбыз бірақ баламның тегі соның атында довернос қажетпа

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button