Мәдениет

Қазанғап кабинеті ашылды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қазанғаптанушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жайлау Асылхановтың бастамасымен Ақтөбе қаласындағы №1 Балалар музыка мектебінен Қазанғап кабинеті ашылды және «Жасай бер, жас талап!» атты қалалық күйшілер байқауы өтті.

Шараның негізгі мақсаты — Қазанғап Тілепбергенұлының есімін ұлықтап, төкпе күй мұраларын насихаттау, өскелең ұрпақтың орындаушылық бағдарламасына Қазанғаптың күйлерін енгізу.

Шара барысында Ақтөбе қалалық білім бөлімі жанындағы ғылыми-әдістемелік кабинет директоры Ақманар Сүлейменова құттықтау сөз сөйлеп, Жайлау Асылхановқа ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттаудағы еңбегі үшін Алғыс хат табыс етті.

— Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында Қазанғап кабинетінің ашылуы игі бастама деп ойлаймын. Себебі қазақтың күй өнерін жастардың бойына бала кезден сіңіруіміз қажет.

Бүгінгі ашылған кабинетте Қазанғап пен оның ізбасарлары туралы мәліметтер жинақталды. Мұнда балаларға дәріс өткізілетін болады. Қазір жастардың күйге деген қызығушылығы өте жоғары. Күй өнерінде әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері болады. Қазанғаптың күйлерін үлкен ақсақалдарымыз жақсы орындайды. Оның күйлерінің болмыс-бітімі бөлек, адам жанын тебірентетін назға құрылған, қуаныш пен махаббат лирикасына толы, терең мағыналы, күй түрлері құбылып тұрады, — деді Жайлау Асылханов.

Аталған мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Дәметкен Алданазарованың айтуынша, 80 жылға жуық тарихы бар музыка мектебінде бүгінде 19 үйірме жұмыс істейді. Домбыра, қобыз, фортепиано, скрипка, жетіген, гитара т.б. үйірмелер бойынша 480 бала дәріс алады. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы «Аяла» оңалту орталығынан да хор класы ашылған. Қазір мектепте домбыра, жетіген, гитара үйірмелері бойынша сұраныс жоғары.

Шара барысында Жайлау Асылханов «Қазанғап күйлерінің ерекшелігі» атты шеберлік сағатын өткізді.

Бұдан әрі шара «Жасай бер, жас талап!» атты қалалық күйшілер байқауына жалғасты. Аталған байқауға 8-15 жас аралығындағы 28 бала қатысты.

Өнерпаздар байқау бағдарламасы бойынша Қазанғаптың 1 күйін және өз қалауы бойынша 1 күй орындады. Бас жүлдені 13-15 жас аралығындағы өнерпаздар арасында қалалық Оқушылар сарайының оқушысы Әлқадыр Шайқақов алса, 11-12 жас аралығында №1 Балалар музыка мектебінің оқушысы Бекарыс Молдағалиев жеңіп алды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button