«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Қала әкімі қабылдады

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қала тұрғындарын жеке қабылдап, олардың толғандырып жүрген өзекті мәселелері мен өтініш-тілектеріне жауап берді. Жалпы, үш күнде қала әкімінің қабылдауына 200-ге жуық тұрғын келді. Негізгі мәселелер тұрғын үй, жер телімдерін беру, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына қатысты болды.

 «Нұрлы жер»: 415 адам баспаналы болды

Бүгінде тұрғын үй ең өзекті мәселелердің бірі екені белгілі. Бұл мәселе бойынша 61 қала тұрғыны өтініш білдірді. Қала әкімі Асхат Шахаров жеке қабылдаудан бұрын тұрғын үй қатынастары саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Баспана тұрғын үй кезегінде тұрғандарға міндетті түрде кезек ретімен заң аясында беріледі. Сонымен қатар «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» секілді мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен баспанаға қол жеткізу мүмкіндіктері де бар. Қабылдау барысында мамандар арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана алу жолдары туралы азаматтарға кеңес берді.

БІЗДІҢ ДЕРЕК:

Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметтерге сүйенсек, қазір Ақтөбеде 26 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарға 159 пәтер беру жоспарлануда. Үстіміздегі жылдың соңына дейін «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша 54 пәтер берілмек.

Өткен жылы тұрғын үй кезегінде тұрған 353 адам баспаналы болды. Оның 231-і халықтың әлеуметтік осал тобына жататындар болса,122-сі — көпбалалы отбасылар.

Биылғы жылдың он бір айында «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 415 пәтер берілген. Жыл соңына дейін тағы 220 отбасы баспаналы болмақ. Сондай-ақ биыл «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамы желісі бойынша 52 пәтер қолданысқа берілген.

Жер телімін сұраушылар көп

Қоғамдық қабылдау кезінде жер қатынастары мәселелері бойынша барлығы 50 адам өз сауалдарын қойды. Сондай-ақ қала әкімі кезектен тыс 15 көпбалалы ананы қабылдады. Олар қабылдауға түрлі жеке өтініштері мен сұрақтары бойынша келген. Барлық сауалдарға ҚР заңнамасына сәйкес толық түсініктемелер берді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтөбе қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіне тұрғандар саны — 148 971.

2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жеке үй құрылысы үшін 29 240 жер учаскесі бөлінді. Бұл ретте учаскелер инженерлік желілері бар жерлерден де, сондай-ақ жақын арада бюджет қаражаты есебінен желілерді жүргізу жоспарланып отырған жерлерден де берілді.

2014-2017 жылдар аралығында берілген жер телімдері инженерлік желілерге тек 2019 жылдан бастап қосылған. Коммуникацияның жоқтығына қарамастан, тұрғындар жер телімдерін игеріп жатыр. Атап айтсақ, Бауырластар-5, Думан, Парасат және Жаңақоныс-3,4,5 тұрғын алаптарында үйлер салуда.

Биыл Ақтөбе қаласы әкімдігінің Қаулысына сәйкес 2007 жылдан бері кезекте тұрғандарға, яғни 6605 азаматқа Сазды-3, Жаңа ауыл-3, Рауан-2, Баянауыл тұрғын алаптарында 5 жыл мерзімге жалға алу құқығына жер учаскелері берілді.

Биыл бұрын берілген тұрғын үй массивтеріндегі жер учаскелеріне коммуникациялық желілерді жүргізу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы келер жылы толық аяқталатын болады.

Сонымен қатар қазіргі таңда Жаңа ауыл-3, Сазды-3, Рауан-2 және Баянауыл тұрғын алаптарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Аталған аумақтарды газдандыру, электр желісімен және сумен қамтамасыз ету жұмыстарын биылғы жылдың аяғында бастау жоспарланып отыр. Инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтамасыз етілгеннен кейін кезекте тұрған азаматтарға жер телімдері берілетін болады.

42 көшенің жолы жөнделді

50-ден астам ақтөбелік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, тұрғын үй инспекциясына, қалалық сәулет бөліміне қатысты сауалдар қойды. Пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына қатысты сұрақтар да көп қойылды. Тұрғындарға меншік иелері бірлестігін құру жолдары түсіндірілді.

Сондай-ақ Жаңақоныс-3,4, Рауан, Құршысай елді мекендеріне инженерлік желілер тарту, жол жөндеу, қоғамдық көлік жұмысын жақсарту мәселелерін айтып келген тұрғындар болды.

Биыл Құрайлы, Құршасай, Рауан, Заречный тұрғын алаптарында сумен жабдықтау желілері, Құрайлы, Құршасай, Рауан, Ақшат-2, Ақжар плюс тұрғын алаптарын электрмен жабдықтау, және Жаңақоныс-3, Құршасай, Ақшат-3, Қурайлы, Ақжар плюс тұрғын алаптарын газбен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар жолдарды жөндеу жұмыстары да келесі жылы жалғасады. Бүгінде қала аумағында 53 тұрғын үй алабы бар. Биыл олардың жолдарына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді.

Өткен жылы 117 көше, биыл 42 көшенің жолы жөнделді. Келесі жылы жол жұмыстарына қатысты 87 жоба жүзеге асырылмақ.

Теміржол вокзалы аумағындағы қоғамдық тәртіпті күшейту керек екендігін айтып келген 8 март көшесінің тұрғындары көшелерді жарықтандыру жұмыстарына ризашылықтарын білдірді.

— Жалпы, қаланы жарықтандыруға байланысты үлкен жобаны қолға алдық. Алдағы уақытта көне жарық нүктелері ауыстырылып, 9 мыңға жуық жаңа бағаналар орнатылады. Асфальт төсеу, жарықтандыру, балалар ойнайтын және спорт алаңдарын орнату сияқты аулаларды абаттандыру бойынша белсенді жұмыстар жалғасып жатыр.

Биыл 200-ден астам ауланы абаттандырдық. 30-40 жыл бойы жөндеу көрмеген аулаларды абаттандыру жұмыстары біздің жоспар бойынша алдағы екі жылда толықтай аяқталатын болады. Көшелерге жарық беру жұмыстарын да бастап кеттік. Жыл соңына дейін қалаға 700 жарық нүктесін орнататын боламыз, деді қала әкімі Асхат Шахаров.

Қоғамдық қабылдау кезінде жеке үйінің құрылысы үшін, жеке бизнесін ашу үшін материалдық көмек сұрап келгендер де болды. Оларға бюджеттен жеке бизнес қаржыландырылмайтыны және жеке үй салып беруге қаржы бөлінбейтіні түсіндіріліп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау түрлерін пайдалану туралы кеңес берілді. Қабылдау барысында қала әкімі барлық сұрақтар бойынша ҚР заңнамасына сәйкес толық түсініктемелер берді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органның тиісті бөлім басшыларына міндеттер жүктеді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button