Экономика

«330 кәсіпкер мемлекеттік грант алды»

Шаһардағы кәсіпкерлерге қандай қолдау бар? Жыл басталғалы қанша инвестициялық жоба іске асырылды? Өз бизнесін ашқысы келетіндерге мемлекеттен нендей демеу көрсетіледі? Осы және басқа да сауалдарды біз Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеевке сұхбат барысында қойғанбыз.

— Эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп жақсарып келе жатқанының көрінісі болар, соңғы уақытта Ақтөбедегі кәсіпкерлерге арналған шаралар жиі ұйымдастырылып жатыр. Сол туралы толығырақ айтып берсеңіз.

—  Иә, халыққа кәсіпкерлікке қатысты мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен түсіндіру — мақсатымыз. Сол үшін қаржы институттары, өзге де ұйымдармен бірлесіп, тұрақты түрде көшпелі кездесулер өткіземіз. Дөңгелек үстел, шеберлік сағаты, семинар-тренинг, көрме, форумдар да ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, өткен айдың соңында ғана ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін «Өз бизнесіңді жаса» тақырыбында семинар-тренингтер өткізілді. Бұл олардың қызметті табысты жүргізу үшін білім деңгейін, іскерлігін және дағдыларын арттыру мақсатында қолға алынды. Екі күн ішінде қатысушылар білім көкжиегін кеңейтті деген үміттемін. Бұған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары, жетекші бизнес-тренерлер атсалысты. Барлығы 90 тыңдаушы қатысты.

Ал өткен аптада кәсіпкерлер палатасы және облыстың дизайнерлер және тігіншілер қауымдастығымен бірлесіп «PRO-шить v KZ» киім өндірушілер форумын өткіздік. Мақсат — қазақстандық нарықта жергілікті брендтерді танымал ету. Шараға тігін шеберханасының өкілдері, ателье басшылары мен дизайнерлер, сондай-ақ арнаулы киімдерге тапсырыс беретін ірі компаниялар және сауда үйлерінің қожайындары қатысты. Атырау, Ақтау, Орал, Шымкент, Қызылорда сияқты көршілес қалалардағы әріптестеріміз де жиналды. Жай ғана пікір алыспай, қатысушыларға көрме, сән көрсетілімі, дөңгелек үстел мен семинар-тренингтер, шеберлік сағаттары өткізілді.

Мұнымен бірге бірер күнде жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттау, олардың әлеуетін дамыту мақсатында «Жас кәсіпкер Ақтөбе — 2021» форумы өтті. Оған жүзге жуық жас шақырылды. 3 панельдік секция өткізіліп, көрме ұсынылды.

— Яғни жыл санап кәсіпкер болам деушілер артып отыр ғой? Санайғақтарды «сөйлетсек» де солай ма?

— Әрине. Осы жылдың он айындағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, оң өзгерістер бар. Айталық, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 10 пайызға өскен. Инвестиция көлемі де 24 пайызға артты. Ал нақты сұрағыңызға келсек, өткен жылмен салыстырсақ, биыл ақтөбелік кәсіпкерлердің саны 4,2 пайызға көбейді. Қазіргі таңда шаһарда 51053 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Соның ішінде жұмыс істеп тұрғаны — 42444. Жалпы, Ақтөбедегі шағын және орта бизнес субъектілері биылғы жарты жылда 474,2 миллиард теңгеге өнім өндірген.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбенің ең бірінші кезекте индустриалды аймақ екенін баса айтқаны белгілі. Инвестициялық жобалар жайы қалай?

— Осы жылы қалада жалпы құны 54,5 миллиард теңгеге 15 индустриялық жоба іске асырылады деп жоспарланған. Сол арқылы 583 жұмыс орны құрылмақ. Бұл бойынша

жыл басынан бері 6 кәсіпорын пайдалануға берілді. Егер ірі және маңызды инвестициялық жобалар туралы айтатын болсақ, наурыз айында іске қосылған «Дата» орталығы ойға оралады. Жобаның авторы — «Транстелеком» акционерлік қоғамы. Бұған 8 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция салынды.

Медициналық кереуеттерді жасайтын цехты да айтуға болады.  «Vega Мебель» серіктестігінің жобасы осы көктемде пайдалануға берілді. Салынған инвестициялар көлемі — 1 миллиард теңге.

Керамогранит және керамикалық тақтайшалар шығаратын зауыт та ірі жобалардың бірі. «Зерде-Керамика Ақтөбе» компаниясының кәсіпорны жоспар бойынша 180 адамды жұмыспен қамтымақ.

Жыл соңына дейін өнеркәсіптік балық өсіру зауыты және ашылады деп күтілуде. «Мұрагер 22» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аталған жобасына 1,5 миллиард теңге инвестиция һәм 40 адам еңбекке тартылмақ.

Сол сияқты жыл соңына дейін жалпы құны 31,4 миллиард теңгені құрайтын ірі жобалар іске қосылғалы отыр. Бұның қатарында тоңазытқыш цехы, асфальт зауыты, құрылыс материалдарын өндіретін зауыт, сүт өнімдерін өндіретін цех, автомобиль шиналарын қалпына келтіретін зауыт, басқа да жобалар бар.

— Мемлекеттік қолдауға да аз-кем тоқталсаңыз.

— Биыл бизнесті қолдаудың мемлекеттік салалық бағдарламаларын, атап айтсам, «Бизнестің жол картасы — 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобаларын іске асыруға Ақтөбе облысына 12,4 миллиард теңге көлеміндегі қаражат көзделген. Соның ішінде 1 қарашадағы жағдай бойынша «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы бойынша 1886 жобаға 32,8 миллиард теңгеге қаржылық қолдау көрсетілді. Тарқатып айтсам, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша (портфельдік шағын несие беру) 8,8 миллиард теңгеге несиелер мен кепілдіктерге 1418 жоба мақұлданды. Ал екінші бағыт бойынша барлығы 24,7 миллиард теңгеге 458 жоба қолдау тапты. 8 жобаға 2-5 миллион теңге аралығында мемлекеттік гранттар берілді. Жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу бойынша 61,8 миллион теңгеге 1 жоба қаржыландырылды.

Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 11 айда 12 жобаға несие рәсімделсе, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 940,7 миллион теңгеге 94 жоба мақұлданды. Және 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі гранттарға 330 адам қол жеткізді. Бұл — өте жақсы көрсеткіш.

Сонымен қатар «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 377 адам кәсіпкерлік негіздеріне қанық болды.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button