Білім

Балаларға кеңес берді

Облыстық білім басқармасының тапсырысы бойынша «Ақтөбе даму» қоғамдық қорының қолдауымен өңірде «Құқықбұзушылыққа жол жоқ» жобасының бастау алғаны белгілі. Акция аясында облыстық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатында кездесу өткізілді.                                                   

Жобаның мақсаты — жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, балаларға психологиялық-педагогикалық және құқықтық көмек көрсету.

Кездесуге отбасын сақтау орталығының кәсіби медиаторы  Таңсұлу Лакова, техника ғылымдарының докторы, психолог маман Бибігүл Қалел, бокстан спорт шебері, жаттықтырушы Ерәділ Уббиниязов, Астана ауданының №2 қалалық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Дәуренбек Ермағанбетовтер шақырылды.

Кездесу барысында полиция қызметкері кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың, экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында дәріс оқыса, спортшы өз денсаулығына және айналасындағыларға жауапкершілікпен қарау, психотроптық заттардың жастардың денсаулығына теріс әсері, салауатты өмір салтын сақтау туралы әңгімеледі. Ал психолог маман оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, мамандық таңдау және кәсіп меңгеру туралы кеңестерімен бөлісті. Кездесу соңында ер балаларға арналған тренинг өткізілді. Онда дос таңдау, қарым-қатынас барысындағы кішіпейілділік жөнінде айтылды.

 

Сәтбек ЕСЕНҒҰЛ,

облыстық мамандандырылған  физика-математикалық мектеп-интернаты

  директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button