Мәдениет

«Жалаңтөс баһадүр» тарихи-танымдық қойылымы сахналанды

Жексенбі күні  Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры ұжымы«Жалаңтөс баһадүр» тарихи-танымдық спектаклінің премьерасынсахналады. Туындының авторы —ҚР Мәдениет қайраткері, драматург Сая Қасымбек. Қоюшы режиссер — ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов. Жалаңтөс баhадүр рөлін Нұрболат Өтеғұлов сомдады.

Қойылымды тамашалауға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева келді.

Жалаңтөс баһадүр — тарихта өшпес із қалдырған қазақтың даңқты батыры. Ол жоңғарларға қарсы шайқаста 20 мың қолмен Салқам Жәңгірге көмекке келген. Бұл — жоңғарлар шапқыншылығына қарсы күрестегі қазақтың тұңғыш жеңісі болатын. Самарқанды 44 жыл  билеген Жалаңтөс баһадүр шаһардың гүлденіп, өркендеуінеде өлшеусіз үлес қосты. 100-ге жуық тарихи маңызы бар ғимарат салдырған. Әйгілі Регистан алаңындағы  қос медресе — Тіллә Қари мен Шердор батыр бұйрығымен салынған.2001 жылы Шердор медресесі ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енгізілді.

Қойылым барысында қайсар қазақтың өр рухы шебер сомдалды. Жалаңтөс баһадүр салдырған Самарқанның әлемге әйгілі, басты тарихи алаңы Регистанды көру кім-кімге де арман. Әсемдігімен әлем жұртын таңдай қақтырған шаһарға Самарқан әмірі атанған Жалаңтөстің ерлігін, данышпандығын, ақыл-парасатын көрсете алған актерлер тарих шындығын сахнаға алып шықты.

Қойылым соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин атынан ықылас гүлі табысталды. Ал көрермендер театр артистеріне құрмет-қошемет көрсетіп, ерекше ілтипат білдірді. Премьера көпшіліктің көңілінен шықты.

Шара барысында қала әкімі Асхат Шахаров жұртшылықты ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.

Тәуелсіздік —  ең қасиетті ұғым, ең ұлық мереке. Бүгін, міне, егемендіктің арқасында өнер тарландарының өз тарихымызға қатысты туындыларын сахна төрінен тамашалауға мүмкіндік алып отырмыз. Кеңес заманында Жалаңтөс баһадүрдей батыр бабаларымыз туралы ашық айта алмағанымыз ақиқат. Енді ұлт тарихын, ұлы мұраттарға жетелеген тарихи тұлғаларымыздың ерлік істерін ұрпаққа жеткізу әрқайсысымыздың парызымыз деп білуіміз керек, —  деді Асхат Шахаров.

Бұдан кейін қала әкіміҚР тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін бір топ азаматты марапаттады.

Шарада сөз алған  «Жалаңтөс баһадүр» республикалық  қайырымдылық қорының төрағасы Нәжмадин  Мұсабаев 27 желтоқсанда  Қызылорда  облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде   Жалаңтөс баһадүр бабамыздың еңселі ескерткіші ашылатынын жеткізді.

Бүгінгі премьера құтты болсын!Мен ақ қағазға түсіремін, бірақ жүректі тебірентетіндей деңгейге жеткізетін — режиссер еңбегі, актерлер шеберлігі, — деп пьеса авторы Сая Қасымбек өнер иелеріне, сондай-ақ қойылымды сахналауға қолдау көрсеткені үшін облыстық әкімдікке,  «Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы» қайырымдылық қорының басшысы Бақытжан Ержановқа ризашылығын білдірді.

Қор басшысы Бақытжан Ержанов «Жалаңтөс баһадүр» тарихи-танымдық қойылымының режиссеріМұрат Ахмановты, пьеса авторыСая Қасымбекті, батыр рөлін сомдаған Нұрболат Өтеғұловты, батыр ғашығы Лағылды сомдаушы Айымнұр Сәндібайқызын «Жалаңтөс баһадүр» медалімен марапаттады.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button