Экономика

Облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жоғары

Перинаталды орталықтың ашылуынан кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, сауалдарына жан-жақты жауап берді. Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген толағай табыстарға тоқталды.

Баспасөз мәслихатында аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикасы қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

Салыстырмалы түрде айтсақ, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері республика бойынша алдыңғы қатарда. Барлық салада өсім жоғары. Қуаңшылыққа байланысты тек ауыл шаруашылығында ғана төмендеу бар. Былтырға қарағанда астықтан, әсіресе бидайдан 2 есе төмен түсім алдық. Арпа, бидайымыз аздау болса да, мал басы артып, ет-сүт өнімдері көп болды.  Майлы дақылдар да жақсы шықты, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

— 2003 жылы Хромтау-Алтынсарин теміржол тармағы ашылғаны белгілі. Сонымен қатар халықаралық маңызға ие  «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» көлік дәлізі  біздің  облыс аумағы арқылы өтіп жатыр. Бұл қос жол өңірдің экономикасына қандай пайда тигізуде?

— Меніңше, бұл сұрақтың өзінде жауап та бар. 90-жылдары тәуелсіздік алдық деп қатты қуандық, бір жағынан шекара пайда болып, түйткілді мәселелер туындады. Экономикалық байланыстар үзіле бастады. Нарық қыспағына шыдамай, көптеген мекеме жабылып қалды. Электр қуатын қайдан алатын едік? Көп мәселені шешуде Ресейге тәуелді болдық.  Қазір 1-2 сағат электр жарығы сөнсе, халық байбалам салады. Әлеуметтік желіде ызы-қиқы шу болады. Ал ол уақытта апталап, айлап, жарық болған жоқ. Кейбір елді мекендердің тұрғындары бірнеше жыл қатарынан  электр қуатын пайдаланған жоқ. Мұғалжар ауданындағы 3 ауылға 10 жылдан кейін электр қуаты берілді. Елбасының тапсырмасымен елді мекендерге  электр желілерін тарту мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілді.  Сөйтіп, көрші мемлекетке электр қуатына тәуелділіктен құтылдық.  Сол сияқты жағдай теміржол саласында да болды. Кейбір өңірге жету үшін, мысалы, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына бару үшін көлікпен шекарадан 2-3 рет өтуге тура келетін. Бүгінде тұңғыш Президентіміздің Қазақстанды әлеуетті еуразиялық көлік-логистикалық транзиттік хабына айналдыру жөніндегі стратегиялық идеясы орындалды. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Қазақстанда  еліміздің төрт бұрышын түгел байланыстыратын ірі-ірі теміржол құры­лыстары салынды. Осы жобалардың арқасында шалғайдағы ауылдардың тұрмысы түзелді.

Алтынсарин – Хромтау теміржолы — тәуелсіз еліміздің тарихындағы екінші маңызды теміржол құрылысы.  Қостанай об­лы­сындағы Алтынсарин стансасы мен Ақтөбе облысының Хромтау қа­ласын байланыстыратын теміржол магистралінің арқасында халық  Нұр-Сұлтанға бару үшін шекарадан өту бейнетінен құтылды. Сондай-ақ бұл теміржол бұрын-соңды  теміржолы болмаған Әйтеке би ауданы үстінен өтіп, үлкен жаңалық алып келді. Еліміздің солтүстік және орталық аймақтарымен батыстың арасындағы жүк қатынасы реті орташа есеппен алғанда көптеген шақырымға қысқарды. Ақтау теңіз айлағы арқылы астық тасымалдау жеңілдеді.

Жол қай уақытта да экономиканың күретамыры.  «Ұлы Жібек жолын»  бес ғасыр өткен соң қайта жаңғыртуды ұсынған тұңғыш Президенттің  бастамасы «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізі облыстың ғана емес, ел  экономикасының қарқынды дамуына тың серпін берді. Халық түрлі кәсіп ашып, әл-ауқатын түзеді. Жолаушыларға қызмет көрсету ерекше дамыды. Жағалай кемпингтер салына бастады.  Халықаралық көлік дәлізі туризмнің дамуына да зор серпін берді.

Қазір осы күре жолдың бойында орналасқан ауылдарға мектеп пен спорт кешендерін салу, газ тартып, су құбырын жүргізумен бірге көше жолдарын асфальттау, тротуар салу, абаттандыру жұмыстарына көбірек көңіл бөлініп жатыр.  Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

— Соңғы жылдары Ақтөбенің ажарын арттыра түсу мақсатында көптеген жұмыс жүргізілуде. Жанға жайлы саябақтар, аллеялар ашылып, скверлер жаңартылуда. Көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттері боялып, жаңаша түрге енуде. Осы жұмыстар туралы айтсаңыз? 

— Мен осы киелі Ақтөбе топырағында туып, өстім. Мен үшін жер бетінде Ақтөбеден ыстық мекен жоқ. Туған жер, туған ел үшін еңбек ету — әр адамның азаматтық парызы.

Ақтөбе халықының саны жыл сайын көбеюде. 900 мыңнан астам халық бар. Көшіп келушілердің саны көп. Тек қана өзіміздің аудан, ауылдардан ғана емес, көршілес облыстардан да қоныс аударушылар көбейді. Көрші өңірлерден келгендер  тек Ақтөбе қаласында ғана қоныстанып жатқан жоқ. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан көшіп келген азаматтар облысымыздың ауылдарында да тұрып жатыр. Бұдан шығатын қорытынды, демек, Ақтөбеде өмір сүру сапасы жоғары болып тұр.

Халық саны көп аудандардың бірі — «Нұр Ақтөбе» шағын ауданы. Аталған шағын аудандағы тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында біршама жұмыстар қолға алынады. «Нұр Ақтөбеде» тұратын ата-ана баласын қосымша сабаққа беру үшін қаланың екінші бір шетіндегі Шығармашылық академиясына немесе Оқушылар сарайына тасып, әуреге түсуде. Онда барып-келудің өзіне 2-3 сағат уақыт кетеді. Осы мәселелерді ескеріп, келесі жылдан бастап «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында білім, денсаулық сақтау, спорт ғимараттарын салуды жоспарлап отырмыз. Аталған ауданда келесі жылы 2 денешынықтыру сауықтыру кешені салынады, сондай-ақ мұнда үйірмелер де ашылады.

Облыс орталығындағы халық көп шоғырланып жатқан шағын ауданның бірі — Батыс-2. Бұл шағын ауданда құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жеке кәсіпкерді тартудың арқасында биыл зәулім мектеп салынды. Соның арқасында аталған ауданда мектептерде  оқушылардың орын тығыздығы мәселесі біршама шешілді.

Рас, шаһарды көріктендіру, абаттандыру мақсатында біршама жұмыстар тындырылды. Мысалы, биыл Тұрғындар қалашығы ауданында жаңарту жұмыстары қызу жүргізілді. Аталған шағын аудандағы өткен ғасырдың 50-60 жылдары еңсе тіктеген 2-3 қабатты үйлер жаңаша түрге енді. Ескі үйлерді жаңарту мәселесін шешу мақсатында облыстық әкімдік пен «Қазхром» трансұлттық компаниясы арнайы меморандумға қол қойған болатын. Соған сәйкес биыл мұндағы көптеген тұрғын үйдің төбесі ауыстырылып, қабырғасы боялды.

Сондай-ақ шаһардағы көптеген аулалар абаттандырылып, ойын алаңдары салынды. Аулалардың аумақтарына асфальт төселді.   Жаңадан саябақтар салынып, қала көркі арта түсті. Қала жасанып, жаңарып қалды.  Мұның бәрі  — ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстың бір парасы.

Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында да біршама ізгі жұмыстар жасалуда.  Соның бірі  — 12-шағын ауданда ашылған Триатлон паркі. Бұл парк бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынды.  Жаңа паркте велосипедшілерге, жеңіл атлеттерге және жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жолақтар бар. Қазір Триатлон паркі қала тұрғындарының, әсіресе велосипед тебуге құмар жастардың сүйікті орнына айналды.

Бірде мүлде танымайтын адам велосипед теуіп қасымнан өтіп бара жатып, «Сізге көп рақмет» деді. Ел-жұрттың еңбегіңді бағалағаны көңілге қуаныш сыйлайды.

Халыққа қолайлы жағдай жасау үшін әлеуметтік нысандар салу мақсатындағы жұмыстар келесі жылы да жалғасатын болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button