Тәуелсіздік — 30Экономика

Ақтөбе экономикасы: кеше және бүгін

«Ақтөбе облысы — ел экономикасының локомотиві». Екі мыңыншы жылдардың ортасында Ақтөбеге келген сапарында Елбасы Н.Назарбаев Ақтөбе өңіріне осылай баға берген болатын. Расында, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары өңірдің өнеркәсіптік, өндірістік, индустриялық- инвестициялық саласы қарқынды дамып, тұтас республика экономикасының өсуіне айтарлықтай үлес қосты. Қосып та келеді. Және бүгінде өңірдің ел экономикасының локомотиві ретіндегі рөлі күшеймесе, бәсеңдеген жоқ. Қазақстан Республикасы үшін бүгінгі Ақтөбенің экономикалық және стратегиялық маңызы зор.

Тәуелсіздік жылдары Ақтөбе облысында бірнеше ірі кәсіпорын ашылды, мыңдаған жұмыс орындары құрылды, алыс-жақын шетелдермен байланыс орнап, қазынаға миллиардтаған инвестиция құйылды. Ақтөбе қаласын Қазақстанның төрт урбанистік орталығының біріне айналдыру туралы шешім облыстың индустриялық-инвестициялық мүмкіндіктерін одан әрі арттыратыны айқын. Облыс орталығы миллион халқы бар қала болуға бағыт түзеді.  Ақтөбеде халық санының жылдам өсуіне орай үкіметтің әлеуметтік-экономикалық даму жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл — болашақ. Әзірге облыстың экономикалық өмірінің тәуелсіздік жылдары қаншалықты өзгергеніне көз жүгіртейік:

130 жер қойнауын пайдаланушы

Ақтөбе облысы — Қазақстанның бірегей минералдық-шикізат базасы бар ірі индустриялық дамыған өңір.  Бүгінде облыс аумағында көмірсутек шикізаты негізінде  44 келісімшарт бойынша 32 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс істейді. Сондай-ақ қатты пайдалы қазбалардың 98 жер қойнауын пайдаланушы 29 келісімшарт және 236 лицензия бойынша мыс, мырыш, хром, құрамында алтыны бар кендер, фосфориттер, титан өндіріледі.

Өнеркәсіп: 3,0 миллионнан 1 750,5  миллиардқа өсті

Өңір экономикасының жетекші драйвері — өнеркәсіп. Тәуелсіздік жылдары өнеркәсіп көлемі 3,0 млн теңгеден 1 750,5  млрд теңгеге дейін өскен, яғни Ақтөбе облысы өнеркәсібінің республика өнеркәсібінің жалпы көлеміндегі үлесі тәуелсіздік алған жылдан бастап 1,7 пайыздан 6,5 пайызға дейін артқан.

Өңдеу саласы: көрсеткіштер артты

Отыз жылда облыстың өңдеу секторының 6,7 млрд теңгеден 603,6 млрд теңгеге дейін айтарлықтай өсуі байқалады. Бұл өсім — облыстың шикізатқа тәуелділіктен арылуының айқын дәлелі. Бұл деңгейге жаңа жобаларды, өндірістерді, жаңғырту бойынша жүргізілетін іс-шараларды іске қосу және өнеркәсіптік өндірістерді цифрландыру есебінен қол жеткізілді.

Мұнай мен хром

Тәуелсіздік жылдары облыста мұнай өндіру көлемі 2,4 есеге (2,6 млн тоннадан  5,0 млн тоннаға дейін) артты.  Сондай-ақ ілеспе газ өндіру 230,8 млн текше метрден 5 582,1 млн текше метрге жетті.

Хром кенін өндіру 2 274,1 тоннаға өсті. Яғни тоқсаныншы жылдардан бастап бүгінге дейін облыста хром өндіру көрсеткіші 4 052,4 мың тоннадан 6 326,5 мың тоннаға дейін артты. Бұл тек облыс үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін маңызды көрсеткіш.

ОБЛЫСТАҒЫ ІРІ ӨНЕРКӘСІП ОРЫНДАРЫ

 Мемлекеттік қолдау есебінен іске қосылған жаңа жобалардың арқасында өңір республика бойынша өнеркәсіп өнімдерін өндіру көшбасшыларының біріне айналды. Тәуелсіздік жылдарында 138,3 млн тоннадан астам мұнай, 78 млрд текше метр ілеспе газ өндірілді, 75,3 млн тонна хром концентратының өнімі, 8,9 млн тонна ферроқорытпа және т.б. өнімдері өндірілді.

Отыз жыл ішінде өңірдің өнеркәсіп секторында көптеген орта және ірі инвестициялық жобалар іске қосылды. Бұл жобалар бүгінде тек облыстың ғана емес, мемлекетіміздің өнеркәсіп саласындағы негізгі көрсеткіштердің драйверіне айналып отыр.

Жаңажол газ өңдеу зауыты

Соңғы отыз жылда облыстағы мұнай өндіру көлемінің 2,4 есеге артуына өңірдің перспективалық серпінді жобаларының бірі – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы Жаңажол газ өңдеу зауытының 1, 2, 3-кезектерін ашу арқылы қол жеткізілді. Аталған жоба тәуелсіздік жылдары жүзеге асырылған Қазақстанның өңірлік индустрияландыру картасы аясында жұмыс істей бастаған еді.

Сондай-ақ бұл жоба Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың өңірлік бағдарламасына енгізілді. Кәсіпорында мұнай мен газды дайындау саласындағы заманауи технологиялардың ең жоғары стандарттарына сәйкес келетін технологиялық жабдықтар, халықаралық компаниялардың патенттік әзірлемелерін қамтитын жаңа технологиялар қолданылады.

Жобалық қуаттылығы жоғары, мұнда жылына 7 млрд текше метр газ өндіріледі. Кәсіпорында барлығы 1,6 мың адам жұмыс істейді. Жобаның жалпы құны 151 млрд теңгеден асты.

Жыл сайын зауыт 500 мың тоннадан астам сұйытылған газ, 4 млн тонна тауарлық газ және 3 млн тонна тауарлық мұнай шығарады. Кәсіпорында өндірістің барлық кезеңдерінде шикізат пен шығарылатын өнім сапасына қатаң бақылау жүргізетін заманауи жабдықтармен жабдықталған аккредиттелген зертхана жұмыс істейді. Жыл сайын Нидерланды, ҚХР, Франция және басқа елдерге 850 мың тоннадан астам шикі мұнай, 100 мың тонна сұйытылған газ экспортталады.

Ферроқорытпа зауытының инновациялық №4 цехы

Хром кенін өндіру көлемінің артуы — тек облыс үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін маңызды көрсеткіш. Себебі «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинаты өндіретін және өңдейтін кен көлемі — тұтас Қазақстанның хром рудасының көрсеткіші.

Тәуелсіздік жылдары өнеркәсіптің негізгі көрсеткіштерінің өсуіне айтарлықтай ықпал еткен жоба — 2014 жылы пайдалануға берілген Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қуаты 440 мың тонна болатын №4 цехы. «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының осы жаңа цехының ашылуы  ферроқорытпа өндірісін 296,8 мың тоннадан 776 мың тоннаға арттырды. №4 цехты жеке кәсіпорынмен салыстыруға болады. Себебі оның қуаттылығы өте жоғары.

2009 жылы Елбасы Н.Назарбаев Ақтөбе облысына сапары кезінде осы жаңа цехтың құрылысының іргетасына капсула салған болатын. Цехтың ашылуы 2014 жылы салтанатты түрде аталып өтілді. «Бұл мүлдем түбегейлі басқа өндіріс, ол қуаттылықты 2 есе ұлғайтады, экология мүлдем жақсарады. Әрбір жұмысшының еңбек өнімділігі 4 есе артады. Хром алу 90 пайызды құрайтын болады. Ақтөбе үшін және Қазақстан үшін бұл — техниканың жаңа жетістігі», —  деген еді капсула салу сәтінде Елбасы.

№4 цехтың ашылуымен 4 000-нан астам адам жұмыспен қамтылды. Бұл — өте жоғарғы көрсеткіш.

Өндірісте Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік ферроқорытпа саласы үшін де бірегей тұрақты ток пештерінде балқытудың инновациялық технологиясы қолданылады. Цех жоғары көміртекті феррохром өндірісі бойынша әлемдегі ең қуатты (72 МВт) тұрақты ток пештерімен жабдықталған, олар ұсақ хром шикізатын тегістеусіз пайдалануға мүмкіндік береді. Барлық өндірістік процесс барынша автоматтандырылған. Заманауи технологиялар ферроқорытпа газы мен шаңды жоюға мүмкіндік береді. Пештерде отандық шикізат — ұсақ кен және көміртекті қалпына келтіргіштер қолданылады. Бұл қоршаған ортаға әсер ету көрсеткішін азайтуға септігін тигізіп отыр. Өнім ТМД, Еуропа елдеріне, сондай-ақ ҚХР мен Жапонияға экспортталады.

Рельс зауыты  — әлемдегі үшінші зауыт

Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойы тұсында облыста тұтас ТМД елінде баламасы жоқ алып жоба жүзеге асырылды: Ақтөбе рельс-арқалық зауыты.

Мемлекеттің ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында ашылған «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС кәсіпорны — республика үшін стратегиялық маңызы бар, 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасына сәйкес әзірленген, еліміздің Индустрияландыру картасы шеңберінде салынған ең ірі инновациялық кәсіпорындардың бірі.

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты — әлемдегі үшінші (Австрия, Қытай) және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің арасында ұзындығы 120 метрге дейін жоғары беріктігі бар жаңа буын рельстерін шығаратын жалғыз зауыт. Былтыр облыс бойынша рельс өндірісі 138,4 мың тоннаға жетті.

Зауыттың жобалық қуаты — 430 мың тонна,  оның ішінде 200 мың тонна — рельс, 230 мың тонна — фасонды прокат. Бұл мемлекеттің ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге және экспорттық жеткізілімдерді жүзеге асыруға жеткілікті.

Бүгінгі таңда аталған зауыт аумағы 78,858 гектарды алып жатыр, онда жалпы ауданы – 81 580,40 шаршы метр өндірістік және қосалқы құрылыстар орналасқан. Ақтөбеде шығарылған өнімдер «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында кеңінен қолданылып отыр.

Жеке инвестиция және заманауи газ өңдеуі кешені

2018 жылғы желтоқсанда «Қожасай» кен орнында «Gas Processing Company» ЖШС-ның заманауи газ өңдеу кешені пайдалануға берілді. Индустрияландыру күніне арналған дәстүрлі телекөпір кезінде Елбасы тікелей эфирде ірі зауыттың жұмысын бастап берді.

Бұл жоба — жеке инвестициялар есебінен Қазақстанда салынған жалғыз газ өңдеу зауыты. Газды кешенді дайындау қондырғысы шикізат базасын ұтымды пайдалануға, ілеспе мұнай газын қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға және атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру үшін 42 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция салынды. Жобаның қуаттылығы жоғары: мұнда жылына 300 млн текше метр құрғақ бензинді газ, 37 мың тонна техникалық пропан-бутан қоспасы, 5,4 мың тонна газ конденсаты және 10,5 тонна күкірт өндіріледі. Кәсіпорында барлығы 370 адам жұмыс істейді. Газ өңдеу кешені өнімінің шамамен 70 пайызы «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбыры арқылы шетелге экспортталады.

Жел электр станциясы

Былтыр «Arm Wind» ЖШС Қарғалы ауданында жел электр станциясының бірінші кезеңін жүзеге асырды. Бұл кәсіпорынның инвесторы — италиялық ENI компаниясы.

Компания үшін жаңартылған энергия көзін пайдалану жөніндегі бұл жоба — әлемдегі бірінші жоба болып есептеледі. Бұл жобаның біздің өңірде жүзеге асырылғандығы — шетелдік ENI компаниясының біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан инвесторларды қолдау жөніндегі саясатқа деген жоғары сенімінің дәлелі.

Жобаға салынған  жалпы инвестиция көлемі — 33 млрд теңге. Жел электр станциясында парниктік газдар шығарындыларынсыз жылына шамамен 200 гВт/сағ. таза электр энергиясы өндіріледі, бұл шамамен 37 000 адамды электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар бүгінгі таңда инвестор «Бадамша» жобасының 2-кезеңін жүзеге асыра бастады. Қуаты 48 Мвт болатын бұл жобаның құны — шамамен 38 млрд теңге. 2-кезеңді іске асыру 2022 жылға жоспарланып отыр.

Әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

(Мәліметтерді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы ұсынды).

Басқа жаңалықтар

Back to top button