Мәдениет

Достық дәнекеріне айналған өнер

Осыдан 10 жыл бұрын, 2011 жылдың желтоқсанында ақтөбеліктер жаңа ұжым — «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің алғашқы концертін тамашалаған еді.

Бастапқыда облыстық Достық үйі жанынан құрылған ансамбль бүгінде Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияға қарасты өнер ұжымдарының біріне айналды. 16 желтоқсанда «Достық сазы» ансамблі көрермендерге «Мызғымас достықтың жаршысы» атты мерейтойлық концертін ұсынғалы отыр. Расында, бұл әуелде елімізде тату-тәтті тірлік кешіп жатқан ұлттарды өнер, ән-күй арқылы бір-біріне жақындата түсу, олардың арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайта беру үшін құрылған ансамбль болатын.

ҚР мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, домбырашы Бақытбек Зейнелов ұжымға құрылған күннен бастап жетекшілік етіп келеді. Ол ансамблдің құрылу тарихы, ұжымның алға қойған мақсаты жөнінде:

— Біздің өңірде  көптеген ұлттардың өкілдері өмір сүреді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында 18 этномәдени бірлестік тіркелген. Елімізде тұрақтылықтың сақталуы, болашағымыздың жарқын болуы үшін ұлтаралық қатынастарды нығайтудың маңызы зор. Сондықтан бір-біріміздің әнімізді, күйімізді үйреніп, өнер арқылы жақындай түсу үшін осы ұжымды құру қолға алынды. Бұл — облыстық Достық үйінің сол кездегі директоры Қанат Айтбаевтың бастамасы еді. Бастама облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының сол кездегі басшысы Нәзира Табылдиновадан қолдау тауып, «Достық сазы» ансамблі құрылды. Репертуарымызда қазақтың халық әндерімен қатар, Ақтөбе жерінде тұрып жатқан өзге де халықтардың әндері, музыкалық шығармалары бар. Сондай-ақ біздің ансамбльдің сүйемелдеуімен өзге ұлт өкілдері де қазақ әндерін шырқап жүр, — дейді.

«Достық сазы» еліміздегі ұлтаралық жарасымды нығайтуға үлес қосып қана қоймай, сол жарасымды бүкіл әлемге паш етіп те келеді. Бүгінге дейін ансамбль көршілес Ресей, Өзбекстан, сондай-ақ Үндістан, Түркия елдерінде өткен түрлі халықаралық байқаулар мен фестивальдарға қатысып, бірнеше мәрте лауреат атанды. Мысалы, 2014 жылы Астраханда өткен хор және ансамбльдер арасындағы Х Бүкілресейлік фестиваль-байқауы, сол жылы Махачкалада (РФ, Дағыстан) өткен VІ Халықаралық фольклорлық және дәстүрлі мәдениет фестивалі, 2015 жылы Уфада (РФ, Башқұртстан) өткен ІІ Халықаралық «Зов Урала» фестиваль-байқауы және басқа да үлкен өнер жарыстарынан жүлделі орындар алып, абыроймен оралды. Сондай-ақ ансамбль Ресейдің Орынбор, Орск, т.б. шекаралас аймақтарындағы қазақ диаспораларымен шығармашылық байланыс орнатып отыр.

Ансамбль мүшелерінің жеке шығармашылықтарында да үлкен табыстарға жетіп жүргенін атап өткіміз келеді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Бақытбек Зейнеловті өнерсүйер қауым домбырашы, күйші ғана емес, кәсіби ән өңдеуші ретінде де жақсы біледі. Ол өнерлі отбасынан шыққан. Әкесі Жұбатқан да мәдениет саласында еңбек етіпті, ал анасы Күләш облыстық филармонияның әншісі болған. Бақытбек — Қайырғали Қожанбаев, Әділжан Күмісбеков сынды белгілі өнер қайраткерлерінің шәкірті. Ән өңдеуші ретінде ол, әсіресе, қазақ халық әндерін оркестрге лайықтауға, заман талаптарына сай өңдеуге, сонымен қатар жергілікті сазгерлердің шығармаларын халыққа жеткізуге зор үлес қосып келеді. Бір ғана мысал айтар болсақ: Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Дайдидау» әнін өңдеуге Бақытбек үш ай уақытын арнапты. Бұл еңбегі текке кетпей, қазақтың халық әні «Дайдидауды» Димаштың орындауында бүкіл дүниежүзі естіп, қазір әлемнің әр түкпірінде басқа халықтардың әншілері де айтып жүр.

«Достық сазы» ансамблінің бастапқы сахнаға шыққан кездегі әншісі Гүлмарс Аманбаева өзінің ерекше әдемі даусымен, талантымен бірден-ақ халықтың сүйікті әншісіне айналды. Гүлмарс шырқаған халық әні «Аршам-ай», Қызылдың әндері, Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағы», басқа да туындылар оның талғампаздығын, өз репертуарына үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті.

Ансамбльдің бүгінгі әншілері — Нұрлан Әбдібеков пен Динара Шынарбаеваның өнері де көпшілікке кеңінен танымал. Мысалы, Динара Шынарбаева 2019 жылы «Жан серігім — домбыра» атты республикалық байқауға қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Домбырашы Төребек Мұстафин, сырнайшы Ғарифолла Жақсыбеков, қобызшы Мәншүк Балжанова және ансамблдің өзге де мүшелері дәстүрлі өнерді насихаттау жолында аянбай тер төгіп келеді.

Өнердегі әріптестерінің де «Достық сазы» ансамблін ерекше қадірлеп-құрметтейтініне ақтөбелік көрермендер сан мәрте куә болды. Ансамбль бүгінге дейін Қанат, Света Айтбаевтар, Жадыра Арыстанова, Рамазан Стамғазиев, Жанар Айжанова, Өмірқұл Айниязов, т.б. белгілі әншілермен бірігіп, концерттер ұсынды. Көптеген халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, жерлесіміз Жадыра Арыстанова бұл ұжым туралы лебізін: ««Достық сазы» — еліміздегі шоқтығы биік фольклорлық ансамбльдердің бірі. Ол республикалық деңгейдегі өзге ансамбльдерден артық болмаса, еш кем емес.  Біз әнмен өсіп, әнмен асқақтаған халықпыз ғой. Арайлы Ақтөбенің төрінде әуезді әндері мен күмбірлі күйлерін халық назарына  ұсынып жүрген шығармашылық топқа тек жетістіктер тілеймін», — деп жеткізген еді.

Сондай-ақ ұжым өзге ұлт өкілдері арасынан шыққан талантты әншілермен де әрдайым бірлесе еңбек етіп келеді. Олардың қатарында Ангелина Югай, Найль Гараев, Уәлихан Дербишәлі, Анастасия Подальянова және басқалар бар.

Өнердегі алғашқы он жылдық белесінің қорытындысы ретінде ұжым тыңдарманға «Ақтөбе — алтын бесігім» атты аудиожинақ ұсынуды көздеп отыр. Бұл жөнінде Бақытбек Зейнелов:

— Қазақтың дәстүрлі өнері және біздің өңірде тұратын өзге ұлттардың ән-күйлерімен қатар, біз тағы бір бағыт — жергілікті сазгерлердің шығармашылығын кеңінен насихаттауды алдымызға үлкен мақсат етіп қойып отырмыз. Еліміздің астанасында, үлкен мәдени орталық саналатын Алматы қаласында тұратын сазгерлерге өз туындыларын жарыққа шығару, тарату, қалай десек те, оңайға түседі. Өйткені ол жақтарда үлкен шығармашылық орта бар, кәсіби мамандар, өнердің бағасын беретін сыншылар, ақпарат құралдарының өкілдері шоғырланған. Ал жергілікті жерлердегі сазгерлердің арасында да үлкен талант иелері бар болғанымен, өз шығармашылықтарын насихаттауға келгенде, мүмкіндік аясы шектеулі болады. Сондықтан оларға әншілердің, біз секілді өнер ұжымдарының қолдауы өте қажет деп ойлаймын. Болашақта жергілікті сазгерлердің шығармашылығын насихаттауға көп көңіл бөлмекпіз, — деді.

Ұжым «Ақтөбе — алтын бесігім» атты аудиожинағымен қатар, жергілікті сазгерлер шығармаларының оркестрге лайықталып нотаға түсірілген нұсқаларын кітап ретінде ұсынуды жоспарлап отыр. Яғни бұл кітап ақтөбелік сазгерлердің шығармаларын басқа да ансамбльдер мен оркестрлердің репертуарына қосуға үлкен көмек болмақ.

«Достық сазы» ансамблінің репертуарында бастапқыда 50 шақты шығарма болса, бүгінде қазақтың және басқа да халықтардың музыкасынан 200-ден астам туынды бар. Жоғарыда айтқанымыздай, оркестр репертуары болашақта жергілікті сазгерлердің шығармаларымен, соның ішінде сирек орындалатын шығармалармен және жаңа туындылармен де толыға түседі. Біз алдына үлкен мақсаттар қойып отырған ұжымға үлкен шығармашылық табыстар тілейміз.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button