Спорт

Жекпе-жектің төрт жүлдесі — бізде!

Жақында Алматы қаласында өткен ұлттық жекпе-жектен әлем чемпионатында ақтөбелік спортшылар жеңіспен оралды: Мирас Ұлықпанов, Амандық Әбілдиев, Нұрсұлтан Махметовтер — алтын медаль, Айбек Атабаев күміс медальға ие болды.

ҚР «Жекпе жек» ұлттық спорт түрлері федерациясының Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі, спортшыларға қаржылай қолдау көрсетіп, осы спортты насихаттауғе үлес қосып жүрген Қайырбек Тахановтың айтуынша, мұндай үлкен жеңіс бұрын-соңды аталған спорт федерациясында болмаған.

— Бұл үлкен додаға Ресей Федерациясынан, Дағыстан, Шешенстан, Башқұртстан, Саха республикалары және Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен мықты спортшылар қатысты. Біздің спортшылар үш алтын, бір күміс медальға ие болды. Бұл — үлкен жеңіс. Жарыс тартысты өтті. Амандық Әбілдиев деген баламыз бұл спорт түрінен ешуақытта жауырыны жерге тимеген спортшыны екінші раундта айқын басымдықпен жеңді. Екі дүркін әлем чемпионы Мирас Ұлықпанов та қарсыласын екінші раундта  жер соқтырды. Аса ауыр салмақта күш сынасқан Нұрсұлтан Махметовтің де қарсыласы мықты болды — екі раундтан кейін спортшыларға қосымша 5 минут уақыт берілген еді. Нұрсұлтанның қарсыласы раунд аяқталуға 30 секунд уақыт қалғанда біздің спортшының тегеурініне шыдай алмай, жеңілісін мойындады, — дейді ол.

Мирас Ұлықпанов бұл додаға тыңғылықты даярланғанын айтады. Ол 2016 жылдан бастап жылдам қимылдайтын арнайы жасақта жұмыс істеп келе жатыр екен. «Еркін күш» клубында жаттықтырушым Айбек Шоқпытовпен бірге дайындалдым», —  дейді ол.

Мейрагүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button