Басты бет » Басты жаңалықтар » Достықтың мекені

Достықтың мекені

Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы ғимаратында ел тәуелсіздінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан — достық мекені» атты салтанатты шара өтті.

Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, «Бірлік» ақсақалдар және аналар кеңесінің мүшелері, «Жаңғыру жолы» облыстық жастар штабының және «Қоғамдық келісім» мекемесінің мамандары қатысты.

Кеш Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» халықтық телеэкспедициясы» жобасы аясында түсірілген ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» атты фильмнің тұсаукесерімен басталды.

Бұдан кейін шарада облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиналғандарды тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.

— Биыл Қазақстанның дербес ел болғанына отыз жыл толып отыр. Қазақша айтқанда, еліміз орда бұзар жасқа келді. Осынау отыз жыл ішінде егеменді еліміз дамып, бүгінде бейбітшілік елшісі ретінде дүниежүзіне танылды. Тәуелсіздік Қазақстанның іргетасын қалап, қабырғасын қалыптастыру, шаңырағын көтеру тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі десек, сол шаңырақтың шайқалмай, босағасы берік, керегесі кең болуына өздеріңіздің қосқан үлестеріңіз зор. Өйткені қазақ елі бүгінде бір шаңырақтың астындағы түрлі этнос өкілдерінің достығы мен өзара ынтымақтастығының әлем мойындаған теңдесі жоқ символына айналды. Тіпті бүгінгі күні елімізде этносаралық келісімнің, конфессияаралық бірліктің берік негізі қаланды деп айтсақ та артық болмайды. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 90-нан астам өзге ұлт өкілі бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Облыстық Ассамблея жұмысы этносаралық және конфессияаралық диалог, қоғамдық келісім мен халық бірлігіне негіз болуда. Ал мұның бәріне атсалысып жүрген өзіңізсіздер. Міне, бүгін осынау айтулы мерейтойдың қарсаңында сіздермен бірге «Бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» телеэкспедициясы» жобасына куә болып отырмыз. Сондықтан бүгінгі кеште баршаңызды ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтай отырып, баршаңызға бақыт пен береке, ынтымақ пен татулық тілеймін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! — деді О.Оразалин.

Құттықтау сөзінен кейін облыс әкімі жыл қорытындысы бойынша бірлік пен бейбітшіліктің, толеранттылық пен келісімнің нығаюына қосқан үлесі үшін облыстағы этномәдени бірлестіктерді Алғыс хаттармен марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

Шарада Ақтөбе қаласында тұратын интернационал отбасылар мен тәуелсіздік құрдастары өз құттықтауларын жолдап, этнобірлестік өкілдері концерттік бағдарлама ұсынды.

Айта кету керек, шара аясында өзге ұлт өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы ғимаратының салтанат залында өздерінің ұлттық тағамдары мен киімдерінен көрме ұйымдастырды.

Данагүл Қазихан.