Жаңалықтар

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс 17 пайызға азайған

Құқықбұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссияның бірлескен отырысында жастар арасындағы қылмыс мәселесі қаралды.

Отырыс облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өтіп, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Жиында облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Қанат Әлиев облыс халқының 19,7%-ы жастар екенін, биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қылмыс саны азайғанын жеткізді. Мәселен, өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 14-18 жас аралығындағы жастар арасындағы құқықбұзушылық саны 17%-ға азайған.

Сонымен қатар отырыста теміржол нысандарындағы құқықбұзушылықтар, қаржы пирамидаларына қарсы күрес жүргізу, жергілікті атқарушы органдардағы коррупциялық тәуекелдерді жою, мемлекеттік кірістер жөніндегі органдардағы антикоррупциялық жұмыстарға байланысты сұрақтар қаралды.

Отырыс соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және өңірдегі қылмыс санын барынша төмендетуге байланысты қажетті шараларды қабылдау қажеттігін баса айтты. Соның ішінде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу және жастарды жұмысқа орналастыру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button