Жаңалықтар

Қағидаттар қоғамдағы ауызбіршілікті нығайтады

Nur Otan партиясының облыстық филиалы ғимаратында Елбасы жариялаған «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттарының маңыздылығы талқыланды.

Халық қалаулылары аталған саяси құжаттың әр бағытына жеке-жеке тоқталды. Сондай-ақ Nur Otan партиясының «Жол картасы» жобасын жүзеге асыру, «Депутаттар рейтингі» ақпараттық жүйесі туралы кеңінен баяндады.

— «Елдіктің жеті тұғырын» еліміздің әрбір азаматына жеткізіп, болашақ ұрпақтың бойына сіңірудің маңызы өте зор. Өйткені қағидаттар жиынтығы — қоғамдағы ауызбіршілікті нығайтып, тұрақты даму үшін ауадай қажет құндылық. Елбасы саясатындағы қазақ руханиятын жаңғырту үшін жасалып жатқан барлық іске ұлтын сүйетін әрбір азамат, оның ішінде депутаттар да өз үлесін қосуы керек, — деді Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов

Сондай-ақ ол жиында алдағы уақытта іске қосылатын «Депутаттар рейтингі» жүйесіне тоқталды. Негізінен, депутаттарды кешенді түрде бағалау электронды платформасы қыркүйектен бастап алғаш рет пилоттық режимде іске қосылған болатын. Соның нәтижесінде рейтингті қалыптастыру ережесі әзірленіп,  ақпараттық жүйе жасалған. Енді келер жылы ақпан айынан бастап депутаттарды бағалау жария форматта жүргізілмек. Бұл олардың қызметін жандандыруға, халықпен кері байланысты күшейтуге және жергілікті жерлерде сайлауалды уәделердің іске асырылу тиімділігін арттыруы тиіс. Кез келген адам қалауынша нақты уақыт режимінде халық қалаулыларының жұмысымен танысып, өзекті мәселелерді шешу үшін сұрақтар қойып, жауап ала алады. ⠀

Сондай-ақ жиында Nur Otan партиясы облыстық филиалының саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Ақылбек Сахиев баяндама жасап, «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттарына кеңірек тоқталды.

— Елбасы қағидаттары жарияланғаннан бастап, облыс бойынша  партия спикерлерінің қатысумен 100-ден астам талқылау шаралары, 500-ге жуық әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланды. Облыс көлемінде депутаттардан, партия белсенділерінен, зиялы қауымдардан тұратын 490 спикер тізімі жасақталды. Жыл соңына дейін ақпараттық  түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында елімізде 1400 жаңа аурухана мен емхана, 1800 мектеп және 900 балабақша салу арқылы әлеуметтік инфрақұрылым жаңартылды. Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде демографиялық жағдай қарқынды дамып, биыл елімізде халық саны 19 миллионды құрап отыр. Бұл 1991 жылмен салыстырғанда 12 пайызға көп. Сондай-ақ еліміз ТМД елдерінің арасында тұңғыш рет елді демократияландыру жолындағы жасалған маңызды қадамның бірі — ауыл әкімдерінің сайлауын өткізді.

Жалпы, осы аталған және басқа да жетістіктер — тұғырлы тәуелсіздік тұсында қол жеткізген жеңістер мен табыстар, — деді А.Сахиев.

Облыстық мәслихаттың депутаты Жұлдыз Қожабекова Nur Otan партиясының Жол картасын жүзеге асыру жұмыстары біздің өңірімізде 80 пайызға орындалғанын айтты.

— Жол  картасын орындау мақсатында облыстың бірнеше аудандарында болып, аудан халқының әлеуметтік-жағдайымен танысып келдік. Мәселен Темір ауданындағы Кеңқияқ елді мекенінде спорт кешенінің ашылуы жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға зор септігін тигізді. Бұдан өзге де көптеген аурухана, мәдени нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта жұмыстар жалғасатын болады, — деді ол.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button