Тәуелсіздік — 30

Марафоншылар облыс жерімен жүгіріп өтті

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Нұр-Сұлтан — Орал» марафонына қатысушыларды  облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров бастаған топ күтіп алды.

Басқарма басшысы олармен бірге қала сыртынан бастап облыс әкімдігі ғимаратына дейін 1 сағаттан аса уақыт жүгіріп келді.

Қарашаның 26 күні Нұр-Сұлтан қаласынан басталған марафон Көкшетау, Петропавл, Қостанай қалаларымен жүгіріп өтіп, Ақтөбе қаласы арқылы Орал қаласына дейін жетпек.

Барлығы 2021 шақырым қашықтықты жүгіріп өткен марафоншылар облысымыздың Әйтеке би, Қобда аудандарында болды.

Марафоншылардың Ақтөбе қаласына келуінің салтанатты шарасына қатысқан Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Анар Даржанова ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне осылай үн қосып жатқан марафоншыларға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.

Марафоншыларды бастап келген «Астана желаяғы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Ерғалиев бұл сапарларының мақсаты тарихты еске алу екенін айтты.

Осынау ұлан-байтақ жеріміз үшін жанын қиған батыр бабаларымызға осылай тәу етуді жөн санадық. Олар қанын төгіп, елімізді қорғап қалды. Қаншама құнды салт-дәстүрлеріміз сақталды. Біздің қонақжайлылығымызға, мәрттігімізге, батырлығымызға бүкіл әлем таңғалады. Біз осы марафон арқылы жастарға туған жердің қадірін ұғындырып, патриоттық тәрбие беруді одан әрі дамытуды көздедік, — деген Талғат Ерғалиев ақтөбеліктерге эстафеталық тәуелсіздік туын табыстады.

Ертеңіне марафоншыларды шығарып салу рәсімі болды. Топ басшысының айтуынша, жүгірушілердің саны — 12 адам. Ең жасы 18-де. Марафоншылардың ішінде 61 жастағы Талап Байзақов та бар. Ол 40 жыл бойы марафонға  қатысып келеді екен. Бір тәулік бойы, яғни 24 сағат тоқтамастан жүгірген ол 215 шақырымды бағындырған.

Айта кетсек, осындай ұзақ қашықтықтағы марафон шарасы елімізде осымен 3-рет өткізіліп отыр.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button