Басты бет » Тәуелсіздік — 30 » Ембі қаласында жаңа спорт кешені ашылды

Ембі қаласында жаңа спорт кешені ашылды

Бейсенбіде Мұғалжар ауданы Ембі қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Sumruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен салынған спорт кешені салтанатты түрде ашылды. 

Спорт кешенінің ашылу салтанатына Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров, «Sumruk-Kazyna Trust» қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров, Ақтөбе облыстық футбол клубының басқарма төрағасы Ерлан Жамантаев, «Ақтөбе» ФК футбол орталығының басшысы Валерий Прихно және Ембі қаласының тұрғындары мен жастары қатысты.

— Бүгін — Ембі тұрғындары үшін ерекше қуанышты күн. Салауатты  өмір салтын қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу мақсатында жаңадан ерекше үлгідегі спорт кешені салынып, бой көтерді. Жаңа жоба облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бастамасымен және «Sumruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен жүзеге асты. Барлық бастамаларымыз нәтижелі, ал болашағымыз жарқын болсын! Еліміз дамып, нығайып, гүлдене берсін! Араларыңда Қазақстанның болашақ чемпиондары бар шығар, сендерге жаңа рекордтар мен лайықты марапаттар тілеймін. Спорт денсаулықтарыңды нығайтып,  әрқайсысыңа қуаныш сыйласын, — деді Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров.

Кешеннің ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров:

— Бұл — біздің ауқымды жобамызға бастау болатын алғашқы іс-шара. Жоба аясында 2022 жылға дейін 11 өңірде осындай спорт кешендері ашылады. Бұл бастама кем дегенде 35 мың адамды қамтиды. Біздің қорымыз еліміздегі бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөледі. Спорт — денсаулық кепілі. Ендеше, біз тұрғындардың спортқа барынша мән беріп, салауатты ұлт бола алатынымызға, сондай-ақ жаңа спорт кешендері барлық азаматтар үшін қолайлы орталыққа айналатынына сенімдіміз. Мүмкін дәл осы жерде болашақ олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондары тәрбиеленетін шығар. Бәріңізге амандық, сәттілік тілеймін. Балалар мен жасөспірімдер спорт шыңына шыға берсін! — деді. Айтпақшы, «Sumruk-Kazyna Trust» қоры бұған дейін ембіліктерге футбол ойнайтын спорт алаңын салып берді.

Одан соң Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов шараға қатысушыларға жылы лебізін арнап, демеушілерге алғысын жеткізді. Ал Ақтөбе облыстық футбол клубының басқарма төрағасы Ерлан Жамантаев қонақтарға «Ақтөбе» футбол клубының спорттық жейдесі мен шарфын тапсырды.

Шара барысында Ембі қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жас спортшылары үстел теннисі, бокс, волейбол, дзюдо, таэквондодан өз өнерлерін көрсетті.

Сондай-ақ жаңа спорт кешенінің ашылуына орай шағын футболдан «Ақтөбе» футбол клубының аудандардағы филиалдарының қатысуымен турнир ұйымдастырылды.

Спорт ардагері Хайбол Исаев Ембідегі спорт мектебін 1966 жылдан 1985 жылға дейін басқарғанын, осы жылдар аралығында талай спортшы ірі жарыстарға қатысқанын, шәкірттерінің әлі күнге дейін хабарласып, амандық білісіп тұратынын, қолы ұзындары спортқа қолдау білдіретінін жеткізді. Өмірін өңірдің спорт саласын дамытуға арнаған, әсіресе футболшыларды даярлауға еңбек сіңірген ардагер жас ұрпақтың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасап, салауаттылыққа тәрбиелеуге үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.

Заманауи кешен — жаңа мүмкіндік

Спорт кешені ауа райына қарамастан, жыл бойы жұмыс істейтін болады. Себебі кешеннің құрылысы жоғары технологияға сай, ангар типтес жасалған. Арнайы металл тіректерге бекітілген механикалық анкерлік жүйе екі қабатты ауа өткізбейтін мембранамен жабылған. Бұл дизайн қыста жылуды және жазда салқынды сақтауға мүмкіндік береді.

«Samruk-Kazyna Trust» қоғамдық қорының «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында салынған жалпы аумағы 1800 шаршы метр жерді алып жатқан заманауи спорт кешенінде шағын футбол, волейбол, баскетбол және үстел теннисі алаңдары, күрес кілемі, бокс рингі және екі жолақты жүгіру жолдары бар. Сондай-ақ қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін шешінетін бөлмелер мен жанкүйерлердің жылжымалы трибуналары да орнатылған. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры кешенді салып беріп қана қоймай, спорт үйірмелерін қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтаған.

Ембідегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ермек Елубаевтың айтуынша, бүгінде спорт мектебінде 602 бала жаттығады.

— Спорт мектебіміз ескі болатын, 2010 жылы жөндеу жүргізілді. Әрі қаланың бір шетінде орналасқандықтан, қатынастың қиындығы кедергі болып, көп бала үйірмелерге қызықса да, қатыса алмайтын. Тар мектепке сыймай, осы уақытқа дейін орта мектептердің спорт залын жалға алып, кейде кешкі уақытты пайдаланып, жаттығып, үйірме уақыттарын өткізіп жүрдік. Енді жаңа спорт кешені бой көтерді. Оны біздің спорт мектебінің балансына беріп жатыр. Жаңа кешен — жаңа мүмкіндік. Мұнда бокс, волейбол, футбол, үстел теннисі секілді үйірмелер ашылады. Жаңа спорт кешені Ембінің орталығында орналасқан. Сонысымен ұтымды. Жан-жақтағы балалар қамтылатын болды. Қазірдің өзінде бір ауысымда 400 балаға дейін жаттыға алады. Екі ауысыммен жұмыс істеу жоспарланып отыр, — деді Ермек Сансызбайұлы.

Бүгінде спорт мектебінде 25 жаттықтырушы жұмыс істейді. Спорт мектебінің басшысы алдағы уақытта жеңіл атлетика, баскетбол, үлкен теннис секілді үйірмелер ашуды жоспарлап отырғанын айтты. Сәйкесінше жаңа спорт кешеніне жаңадан жаттықтырушылар жұмысқа қабылданатын болады.

Айтпақшы, жігіттер мен қыздардың киім ауыстыратын бөлмелері, жуынып-шайынатын кабиналары, дәретханалар, жаттықтырушылардың бөлмелері — бәрі қарастырылған. Спорт мектебі мемлекеттік мекеме болғаннан кейін жаңа спорт кешеніндегі үйірмелердің бәрі тегін болады.

Боксшының қызыл қолғабын киіп алып, рингте ойнақтап жүрген баланы шақырып, таныстық. Ембі қаласындағы №7 мектептің 7-сыныбының оқушысы Ғибрат Ораз  аудандық жарыстардың жеңімпазы екен.

Бокс үйірмесіне екінші сыныпта оқып жүргенімде келдім. Спорт мектебіндегі жаттығу залына әкем Анарбек ертіп әкелді. Содан бері айналысамын. Биыл 36 келі салмақтағы балалармен қолғап түйістіріп жүрмін. Үйде екі баламыз, інім Ибраһим — алтыда. Мен Олимпиада чемпионы боламын. Ал өскенде өзімнің жаттықтырушым секілді балаларды жарыстарға дайындағым келеді, — деді Ғибрат Ораз.

Кілем үстінде отырған бір топ жас дзюдошыны көрдік. Біреуімен сөйлестік.

— 4-сыныпта жүргенімде досыммен бірге спорт мектебіндегі жарысты көруге бардым. Сол кезде дзюдоны ұнатып, үйірмеге жазылдым. Еліміздің атын шығарып жүрген дзюдошылар Елдос Сметов, Елдос Жұмақанов, Жансай Смағұлов секілді ағаларымызды білемін. Соларға ұқсап, ел абыройын асқақтату — арманым, — деді дзюдо үйірмесіне қатысып жүрген Әлішер Әли.

Спорт кешенінің ашылғанына қуанып, ағаларына рақмет айтқан балғын спортшылар дзюдоға арналған татами алып берсе деген тілектерін де жеткізді.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Мұғалжар ауданы.