Жаңалықтар

Ауру көрсеткіші төмендеді

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 жағдай тіркелді.

Бұл туралы «Вакцинация мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы» тікелей эфир барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аманжолова баяндады.

Гүлбану Дәулетованың айтуынша, жалпы облыста пандемия басталғалы 34873 науқас қауіпті індетті жұқтырғаны анықталған. Оның 0,7 пайызы сырттан келген, 11,7 пайызы ауру адаммен қарым-қатынаста болған, 87,4 пайызы жергілікті жағдайлар. ​​​Қазіргі таңда үй карантиніне алынған 3043 адамға медициналық бақылау жүргізілуде.

— Биыл 1 қазан мен 1 желтоқсан аралығында облыс бойынша 3142 жағдай тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 44 жағдай анықталды. Бұл көрсеткішті өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, бір жарым есе төмендегені байқалады.

Облыс бойынша мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен мәліметтерге сәйкес 92 миллионнан астам теңге көлемінде 946 айыппұл салынды. «Ashyq» жобасы қолға алынғалы облыс бойынша тәртіп бұзған «қызыл» статусы бар 366 адам анықталды.  Биыл 24 қазанда шыққан Қаулыға сәйкес, сенбі және жексенбі күндері сауда орындарына міндетті түрде тек «жасыл» статусы бар адамдар кіргізіледі, — деді Гүлбану Дәулетова

Өткен тәулікте пневмония бойынша 12 науқас ауруханаға жеткізілген. Облыстағы инфекциялық ауруханаларда 111 адам ем қабылдап жатыр. Оның 17-сі жансақтау бөлімінде. Карантиндік стационарларға 3 адам жатқызылды. Жалпы, облыста коронавирус инфекциясын тестілейтін 12 зертхана бар.

Айгүл Аманжолованың айтуынша, биыл ақпан айынан бастап облысқа барлығы 894 240 доза вакцина жеткізілген. Бүгінде бірінші компонентін 355 539, екінші компонентін 330 311 адам алған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button