Жаңалықтар

  Биыл 1790 адам мемлекеттік тілді үйрену үшін курс оқыған 

Тікелей эфир

Бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен тікелей эфир барысында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов биылғы жылдың 10 айында басқарманың атқарған жұмысы туралы айтып берді.   

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста мемлекеттік тілді жетік меңгергендердің үлесі — 94,4 пайыз. Биыл тілдерді оқыту орталығы арқылы 1790 адам мемлекеттік тіл үйрену үшін курстарға қатысқан. Тіл үйренушілердің 21 пайызы — өзге ұлт өкілдері. Курс бойынша 6 ауданда (Қарғалы, Алға, Хромтау, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар) бірқатар жұмыстар жүргізілген.

— Облысымызда 2016 жылдан бері «Шетелде тұратын қазақ диаспорасымен байланыс» жобасы аясында қандастарымыздың ана тілін сақтап қалуына қолдау көрсету мақсатында әдістемелік көмек көрсетіліп келеді. Сонымен қатар өңірде ісқағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілу мәселесі назардан тыс қалған емес. Мәселен, биылғы жылы облыс әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдегі ісқағаздардың көрсеткіші 98 пайызға жетіп отыр, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, азаматтардың тілдік деңгейін бағалауға арналған «Қазтест» арқылы бүгінгі күнге дейін 22 513 адам тест тапсырған. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалайтын тестке биыл 700-ден астам адам қатысқан.

2021 жылы 28 қаңтарда қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өткен болатын. Қазіргі таңда жетілдірілген жаңа әліпби жобасы мақұлданғанымен, ресми түрде бекітілмеді. Десек те басқарма тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тоқтаған жоқ. Биыл осы бағытта 90-ға жуық шара ұйымдастырылып, онда 5000-нан астам адам қамтылды, — деді М.Ысқақов.

Басқарма басшысы биылғы жылы ҚР Үкіметінің қаулылары негізінде Ақтөбе халықаралық әуежайына Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың есімі берілгенін, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы мен Қаныш Сәтбаевтың есімдерін ұлықтау мақсатында екі мектепке есімдерін беру бойынша ұсыныс Білім және ғылым министрлігіне жолданғанын атап өтті.

  • Сондай-ақ Ақтөбе қаласында 5 атауы жоқ көшеге, 3 шағын ауданға, 13 тұрғын үй алабына, 5 қайталанған көшеге атау беру бойынша түскен ұсыныстар республикалық ономастика комиссиясында қаралып, ұсынылған 26 атаудың 25-і мақұлданды. Ал атаусыз шағын ауданға ұсынылған «Батыс» атауын басқа тарихи жер-су атауымен атауға қайта қарау үшін кері қайтарылды.

Қазіргі таңда облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген 3 ауылдық округ, 9 ауыл, 13 жалпы білім беретін орта мектеп, атауы мән-мағынасыз қойылған 33 көше,12 атауы жоқ көше анықталып отыр. Алдағы уақытта бұл бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз, — деді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button