Басты бет » Басты жаңалықтар » Тұңғыш Президент күні атап өтілді

Тұңғыш Президент күні атап өтілді

Кеше Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек сарайында Тұңғыш Президент күніне арналған «Тәуелсіз ел Елбасы жолымен» атты салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Шара ҚР Мемлекеттік Әнұранымен басталып, облыстағы өнер және шығармашылық ұжым өнерпаздарының концертіне ұласты.

Бұдан кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин жиналғандарды мерекемен құттықтап, Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздігіміздің негізін қалап, сындарлы сәттерде сарабдал сая­­сатымен елді сүріндірмей, дамудың даңғыл жолына жетелеп, бүкіл әлемге таныта білгендігін, Тұңғыш Президент күнінің мереке ретінде тойлануы — Елбасыға деген ерекше құрметтің белгісі, ел бірлігінің жарқын көрінісі екенін айта келіп:

— Өздеріңіз жақсы білесіздер, мен Елбасының жанында қатар жүріп, он екі жыл бірге қызмет жасадым. Елдің қамы үшін тынымсыз еңбегінің куәсі болдым. Бүгінгі біз көріп отырған жетістіктердің  қай-қайсысы болсын, оңайлықпен келмегенін көзіммен көрдім. Жеке тұлға ретіндегі қасиеттерін де ерекше сезінген адаммын. Ал Елбасының әлемдік деңгейдегі саяси тұлға екендігін жаһандық қауымдастық әлденеше рет мойындады.

Мұның бәрі де біздің көз алдымызда болған жайттар. Алдыңғы буын өкілдері — сол тарихтың тірі куәгерлері. Ал бүгінгі жастарымыз мұны есте ұстауы керек, сондай-ақ сабақ алуға тиіс.

Біз отыз жыл ішінде қазіргідей жетістіктерге елдің ауызбіршілігі мен ынтымағының, халқымыздың еңбекқорлығының, Елбасымыздың табандылығы мен салиқалы саясатының арқасында жеттік. Көрсетіп берген жолымен жүрдік. Елдегі өзара татулық — соның нәтижесі. Ал береке-бірлік, еліміздің  тыныштығы мен бүтіндігі — баршамызға берілген аманат. Сондықтан алда осы аманатқа берік болайық! Мереке баршамызға құтты болсын!  Елдің ертеңіне деген сеніміміз берік, жарқын күндеріміз көп болсын! — деді.

Өз сөзінде облыс әкімі еліміздің тәуелсіздіктің 30 жылында қол жеткізген жетістіктерін жеке-жеке атап, жуырда ғана жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығында айтылған басым бағыттар мен міндеттерге тоқталып өтті.

Құттықтау сөзінен кейін облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін бір топ азаматты «Жомарт жүрек»  медалімен марапаттады. Олардың қатарында «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша Токио олимпиадасының қола медаль иегері Нұрислам Санаев, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы бойынша «Қазхром» акционерлік қоғамы филиалының Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Жыл меценаты» номинациясы бойынша Алмабек Төлепов, «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясы бойынша Досбол Бакеновтер бар.

Сондай-ақ шарада «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі ҚР Құрметті сәулетшісі Болат Егімбаевқа, «Стройдеталь» ЖШС директоры Анатолий Симоновқа, «Алтын Әсел» ЖШС директоры Хамит Өтеуұлына, мәдениет саласының ардагері Шалқия Бақытжановаға,

қаржы саласының ардагері Мария Байғановаға табысталса, «Жыл адамы-2021» номинациясымен «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов, облыстың бас инфекционист-дәрігері Мейрамбек Құрманғазин, «Каир-Трейд» ЖШС директоры Владимир Гринберг, белгілі мүсінші Жеңіс Жұбанқосов, полиция қызметкері Мұратбек Нұрмағамбетов, тәуелсіздік құрдасы Нұржан Оразов марапатталды.

Данагүл ҚАЗИХАН.