Жаңалықтар

Көтерме-тарату орталығы ашылды

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Ақтөбеде «Dina Market» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа көтерме-тарату орталығы ашылды. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов, «Даму» қорының облыстық филиалы басшысы Айнагүл Байдаулетова, кәсіпорын құрылтайшылары қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуінде осындай көтерме-тарату орталықтарын көптеп ашу туралы айтқан-ды. «Көтерме-тарату және агрологистикалық орталықтардан тұратын бұл жаңа инфрақұрылым тауарларымызды Еуразия экономикалық одағының, ТМД елдерінің және үшінші мемлекеттердің нарығына шығаруға жағдай жасайды. Бұл қадам маусымаралық кезеңде өз нарығымызды ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді», —  деді Президент.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қаламызда жаңа орталық ашылып жатыр. Жоба құны —  2,1 млрд теңге. Бұл жоба «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. «Dina Market» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қойма аумағын арттыру арқылы кәсіпорынның өзін-өзі қамтамасыз ету аясын кеңейтуді, кейбір импорттық тауарларды төмендетілген бағамен үлкен көлемде әкеліп сақтауды, өнім өндіруші мен тұтынушы арасындағы дистрибьютор санын азайтуды мақсат етіп отыр, — деді Нұрхан Тілеумұратов.

Тауарлар «Дина» сауда желілеріне осы жерден таратылады. Көтерме-тарату орталығы директоры Денис Моруновтың айтуынша, бұл жерде жылына 70 мың тоннаға дейін жүк қабылдауға мүмкіндік бар.

—  Егер бұрынғы қоймада күніге шамамен екі миллиард теңгенің тауары сақталатын болса, жаңа қойманың салынуымен бұл көрсеткіш екі есеге артып отыр. А» класындағы дайын өнімді өткізу қоймасы —  жаңа қойма аумағы — 5 мың шаршы метр. Тоңазытқыш камераларының да аумағы   — 5 мың шаршы метр.

Жаңа тоңазытқыш камераларының сыйымдылығы 250 тоннадан асады. Қойма аумағын кеңейту арқылы тауар ассортименті 13 мыңға артты. Жұмыс та бұрынғыға қарағанда жеңілдетіліп отыр, себебі қойманы басқарудың жаңа жүйесі енгізілетін болады, өйткені қойма аумағы өте үлкен, — дейді ол.

Келушілер жаңа қойма мен тоңазытқыш камераларын аралап шықты. Жүктер әкелініп, түсіріліп, орын-орнына қойылып жатыр. Денис Моруновтың айтуынша, күніге шамамен 10-20 тонналық жүк көліктерінің бес-алтауы тауар әкеледі. Және осынша тауар таратылады.

— Бұл жоба тауарларды тасу кезінде аралық байланыстар санын азайтады, ал арадағы дистрибьюторлардың аз болуы тауар бағасына оңды әсер ететіні белгілі. Осылайша дистрибьюторларды азайту арқылы тауарды өндірушіден тікелей тұтынушыға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Бұл — тауар құнын өз деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Тоңазытқыш камералар толық іске қосылған кезде алыс шетелдермен тікелей байланысты бастаймыз. Мәселен, қазір бананды оңтүстіктен әкеліп жатсақ, алдағы жылы, бәлкім, Эквадордан тікелей алдыруға мүмкіндік болады деп ойлаймын, — дейді Д.Морунов.

Бұл жоба мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. «Даму» қорының облыстық филиалы басшысы Айнагүл Байдаулетованың айтуынша, кәсіпкер «Халық банкі» АҚ арқылы көтерме-тарату орталығының құрылысы үшін де, орталыққа қажетті жабдықтар алу үшін де «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында қаржы алып, оны «Даму» қоры арқылы субсидиялаған.

— Аталған бағдарламаның екінші бағыты аясында алдымен 810 миллион, кейін 210 миллион теңге көлемінде қаражатты  мемлекет «Даму» қоры арқылы субсидиялады. Жылдық пайыздық ставканың 14 пайызының 6 пайызын кәсіпкер өзі өтесе, қалған 8 пайызын мемлекет «Даму» қоры арқылы субсидиялайды, — деді Айнагүл Байдаулетова.

Бүгінде «Dina Market» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көтерме-тарату орталығында 150 адам еңбек етіп жатыр. Жаңа көтерме-тарату орталығының ашылуымен тағы 50 адамға жұмыс орны ұсынылмақ.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button