Басты жаңалықтарМереке

30 ақтөбелік баспаналы болды

Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Нұр Ақтөбенің» 4-шағын ауданындағы көп қабатты үйден аз қамтылған отбасылар мен жетім балалар баспаналы болды. Өңір басшысы Оңдасын Оразалин 30 тұрғынға пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етіп, қуаныштарына ортақтасты. Сондай-ақ қаладағы бірқатар құрылыс зауыттарының жұмысымен танысып, мәдени нысандарды аралады.

Биыл облыста 1 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жылдың аяғына дейін тағы баспана беру жоспарланып отыр.

— Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде елімізде қиындықтар аз болмады. Халықтың сабырлылығы мен ауызбіршілігінің арқасында, Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде ол күндер артта қалды. Экономикамыз дамып, кәсіпкерлер көбейе бастады. Осылайша көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік туды.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы — халықтың әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсарту. Бүгінде өңіріміздегі үй мәселесін шешуде барынша тиісті жұмыстар атқарылуда. 

Қазір Ақтөбеде 24 мың адам үй кезегінде тұр. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұның барлығы үлкен еңбек.

Бүгін 159 пәтерлі көп қабатты үй пайдалануға беріліп отыр, оның отызы кезекте тұрғандарға тигені қуантады. 

Бұл ауданға барынша жайлы жағдай жасалатын болады. Ендігі жерде балалар алаңын, спорт кешендері мен әлеуметтік нысандарды салу жоспарда бар. Бүгінгі қоныстарыңыз құтты, берекелі болсын! — деді облыс әкімі.

Баспаналы болған жалғызбасты аналардың бірі Ұлмекен Ақасанова 2007 жылдан бастап үй кезегінде тұрғанын айтады. Төрт балалы ана қуаныштан көзіне жас алды.

— Әрине әр адам жайлы баспанасы болғанын қалайды. Толық емес отбасы ретінде үй кезегіне тіркелдім. Қазір балалардың күтімімен үйде отырмын. Бұған дейін анамның үйінде, жалдамалы пәтерде де тұрдым. Міне, бүгін үш бөлмелі пәтер алып, үлкен қуанышқа кенеліп жатырмын. Қолдау көрсеткен барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін, — дейді ол. Пәтер иесіне құттықтап келген кәсіпкер демеушілердің атынан тоңазытқыш тарту етілді.

«Ақтөбе Сәулет» ЖШС директоры Арнұр Ахмадидің айтуынша, қолданысқа берілген тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған. Баспананың 1 шаршы метрі — 160 мың теңге.

— Құрылыс жұмыстары былтыр басталып, биыл қарашада уақытында аяқталып отыр. Есік, терезелері сапалы. Жылу, су, көгілдір отынмен толық қамтамасыз етілген. Құрылыс материалдарының 80 пайызы өзіміздің жергілікті өнімдер. Тұрғындар дән риза, — дейді Арнұр Ахмади.

Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жандос Әлімовтің айтуынша,  159 пәтердің 30-ы аз қамтылған отбасылар мен жетім балаларға, қалғаны  — 2007-2008 жылдардан бері тұрғын үй кезегінде тұрған мүгедектер, Ауған соғысының ардагерлері мен әлеуметтік осал топ өкілдеріне берілмек. Тұрғындар тек жалдау ақысын төлейді, шаршы метрі үшін 100 теңге, бұл шамамен 5 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар коммуналдық қызметтерді де төлейді.

Өңір басшысы «Ақтөбе» индустриалды аймағында орналасқан «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС-ның жұмыс барысымен танысты. Фарфордан жасалған бұйымдар мен керамикалық плиткалар шығаратын зауыт бір ай бұрын ғана іске қосылып, 100 мың шаршы метр өнім шығарған.

Бүгінде өндірістің алғашқы кезеңі басталды. Жылына 5 миллион шаршы метр өнім шығару көзделіп отыр. Инфестиция көлемі — 9 жарым миллиард теңге. Өнімнің 50 пайызы Ресей Федерациясына экспортталмақ. Қазір 150 адам жұмыспен қамтылды. Келер жылдың наурыз айында екінші  кезеңі жүзеге асырылмақ. Оған 200-ге жуық адам жұмысқа қабылданбақ.

2017 жылы зауыттың құрылысы басталды. Италиядан келген техникамен жабдықталды. Бұл өнімнің сапасын арттырады. Қазақстанда мұндай техникалардың баламасы жоқ. Былтыр пандемияға байланысты жұмысымыз тұралап қалды. Биыл толық қолға алып жатырмыз, — дейді «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС директоры Ерлан Тілеуқабылов.

Облыс әкімі құзырлы органдарға кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
— Біз осындай экспортқа бағытталған кәсіпорындарды қолдауымыз керек. Оның үстіне дайын өнім шығарып, жергілікті шикізатты тұтынады, ақтөбеліктерді де жұмыспен қамтып отыр.

Өнімдердің сапасы өте жоғары екенін өзіміз де көріп отырмыз. Ендігі жерде оларға тек сәттілік тілейміз,— деді Оңдасын Оразалин.
Айта кетейік, «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС зауытын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ ҚР индустриалды-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында салған.

Бұдан бөлек өңір басшысы биыл күрделі жөндеуден өткен Сазды Мәдениет үйінің ғимаратын қарап шықты. 1990 жылы салынған екі қабатты ғимараттың шатыры, жылыту және электрмен жабдықтау жүйелері алмастырылып, қасбеті жаңартылған. Сондай-ақ ауласы абаттандырылып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін еске алуға арналған ескерткіш-тақта орнатылған.
Сазды Мәдениет үйінің директоры Жансәуле Кемерованың айтуынша, ғимарат 2007 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Бүгінде мекемеде 150 бала 9 үйірме бойынша дәріс алады. Жөндеу жұмыстарына 122 миллион теңге қаражат жұмсалған.

Облыс әкімі аталған Мәдениет үйінің қызметімен танысып, қызметкерлері мен үйірмелерге барып жүрген балаларды келе жатқан тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтады.
— Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында тұңғыш Президенттің рөлі зор. Осыны ешқашан ұмытпай, өскелең ұрпаққа жеткізуіміз керек, — деген өңір басшысы Сазды ауылының тұрғындарымен де кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ алдағы уақытта спорт алаңы салынатынын және ауыл көшелері жөнделетінін атап өтті.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button