Тәуелсіздік — 30

Оқырмандар марапатталып, оқушылар өнер көрсетті

Ақтөбе қаласындағы №30 орта мектепте тұңғыш Президент күніне және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Менің елім!» мектепішілік жобасы аясында «Елбасы. Тәуелсіздік. Жарқын болашақ» атты салтанатты шара өтті.

Шараға облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы Серік Бектенғалиев, облыстық ішкі саясат басқармасының маманы Мәди Кемешов, облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Данагүл Қазихан, қала мектептерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп ата-аналары мен оқушылар қатысты.

Кеш барысында Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мұражай мен С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхана жылжымалы көрме ұйымдастырып, мектеп оқушыларына Елбасы туралы тың мәліметтер беріп, өлкенің тарихына шолу жасады.

Шарада «Тәуелсіздік жетістіктері — мектебімнің жетістіктері» тақырыбында бейнефильм көрсетіліп, мектеп директоры Жанар Терекова жиналған жұртшылықты тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Өз сөзінде мектеп басшысы биыл білім ордасында «Тәуелсіздікке 30 жыл, №30 мектеп, 30 жарқын сәт» акциясы жүзеге асырылғанын, оған ұстаздар қауымы мен оқушылар белсенді түрде қатысқанын атап өтті.

Сондай-ақ кеште облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы және белсенді ата-ана Серік Бектенғалиев пен облыстық ішкі саясат басқармасының маманы Мәди Кемешов оқушыларға білім мен тәрбие беруде үздіксіз еңбек етіп жүрген ұстаздарға ризашылығын білдіріп, шараға жиналғандарды алдағы мерекемен және ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.

Бұдан кейін «Ақтөбе» газетінің тілшісі Данагүл Қазихан облыстық басылымдармен тығыз байланыс орнатып, қос газеттің тұрақты әрі жанашыр оқырмандары болып келе жатқан бір топ ұстаздарға «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншиннің атынан Алғыс хаттар табыс етті.

Салтанатты шарада мектептің өнерлі ұстаздары мен оқушылары концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ шара соңында биыл мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өздерінің ән шашуын арнады.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button