Жаңалықтар

«Ақтөбе» — естеліктер шежіресі

Бағдаш ТӨПЕНОВА,

«Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры

Баспасөз — 2022

«Ақтөбе» газеті — мен үшін орны бөлек басылым. Қасиетті Ақтөбе өңірінің жаршысы облыстың әрбір тұрғыны үшін ыстық.  Әр санын асыға күтеміз. Жарыққа шыққан әр нөмірінен өңіріміздің  тыныс-тіршілігімен танысып, күнделікті жақсы жаңалықтарын естіп марқаямыз. Алдымызға бірнеше басылым қатар келгенімен, алдымен қолымызға «Ақтөбе» газетін аламыз.

Мен қызмет жасайтын «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығында «Ақтөбе» газетінің бірнеше жылдық нөмірлері сақталған. Қажет уақытта кез келген жылды көтеріп, күнделікті жұмысқа пайдаланамыз.  Сол қат-қат болып жиналып тұрған «Ақтөбе» газетінің осыдан 16 жыл бұрын, 2005 жылы 22 қыркүйек күнгі жарық көрген саны тек Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойына арналыпты. Сол күнгі  газет бетінде жарық көрген тарихи құнды деректерде батыр өмірі толық қамтылған және қайталанбас тұлғалардың Әлия туралы жазған деректері жарияланған.

Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының, «Мергендер» фильмінің режиссері Болот Шәмшиевтің, сол фильмдегі Әлия рөлін сомдаған Айтұрған Темірованың, әскери ғалым-профессор  Ким Серікбаевтың, Асанәлі Әшімовтің, композитор Ескендір Хасанғалиевтің,  ақындар Ақұштап Бақтыгереева, Марфуға Айтхожина, Елена Әбдіхалықовалардың, Әлияның соңғы ерлігі өткен, сүйегі жерленген Ресейдің Новосокольники ауданындағы ескерткішінің авторы, мүсінші Марат Әйнековтің, Әлия туралы еңбектенген ақын-журналистер Амантай Өтегенов, Ұзақбай Қауыс, Әмір Оралбай және әлиятанушы Ғалымжан Байдербестің естеліктері келесі ұрпаққа қалатын бай мұра және  «Ақтөбе» газетін оқи білетін және сақтай білетін келер ұрпақ үшін аса маңызды, құнды деректер дер едім. Бұл газет жастардың рухани бай болып өсуіне және өткен тарихын терең зерделеуіне өз үлесін қосып келеді. Сондықтан «Ақтөбе» газетін үзбей оқитын жанашыр оқырмандардың қатары көбейсе деп ойлаймын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button