Жаңалықтар

Оқушылар редакцияға келді

Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақтөбе қаласындағы №23 мектептің оқушылары мен мұғалімдері «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үштаған» журналының редакцияларына келіп, журналистермен кездесіп,  газет-журнал шығару ісімен танысты.

Алдымен балалар жарық көріп келе жатқанына бір ғасыр болған екі облыстық газеттің тарихымен танысу үшін серіктестік музейін аралап көрді. Мұнда ғасыр бойы өңірдің тыныс-тіршілігіне куә болып келе жатқан «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің жүз жылдық тарихы қамтылған. Балалар өткен ғасырда редакцияларда пайдаланылған баспа машиналарын, журналистер қолданған құралдарды  «Ел тірегі Елбасы» атты арнайы экспонаттарды қолмен ұстап көрді. Экскурсия жүргізген «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Мейрамгүл Рахатқызы балаларды екі газеттің тарихымен, бүгінгі тынысымен таныстырды.

Сонымен бірге балалар шыға бастағанына биыл бес жыл толған «Үштаған» журналының бас редакторы, белгілі ақын Ертай Ашықбаевпен кездесіп, журналистика, әдебиет және шығармашылығы туралы пікір алысты.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button