Жаңалықтар

Тауықтар неден қырылды?

Облыстың бір ауданында ірі қара малынан жұқпалы ауру анықталса, енді бір ауданында үй құстары қырылып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде қызу талқы тудырған мәселеге қатысты тиісті мекеме басшылары пікір білдірді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Кеңес Қанатбаевтың айтуынша,  Алға ауданына қарасты Бестамақ пен Бесқоспа ауылдық округтерінде ірі қара малдан анықталған ринотрахет ауруы бойынша эпизоотологиялық жағдай тұрақты. Ауруға шалдыққан малдар жазылуда.

Қазан айында ірі қара малдардың аузынан сілекей ағып, көздері қызара бастаған соң, ветеринар мамандар диагноз қою үшін сілекей мен қан сынамаларын алып, Нұр-Сұлтан қаласындағы ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жіберген. Нәтижесінде малдардан жұқпалы ренотрахет диагнозы анықталып, Бестамақ ауылдық округі әкімінің шешімімен Бестамақ ауылындағы  Есет батыр  көшесіне шектеу шаралары енгізілді.

Диагноз қойылғанға дейін ветеринар мамандар ауырып тұрған жануарларға антибиотикалық емдеу жасап, ауыз қуысын тазартты. Екі ауылдық округте барлығы  60  ірі қара қамтылды. Бұл — диагноз анықталғанға дейінгі шаралар. Ал бүгінгі таңда эпизоотияға қарсы топ ветеринарлық мамандары ірі қара малдың жұқпалы ринотрахетке қарсы вакцинасын қолдану арқылы сауықтыру шаралар кешенін жүргізуде, — деді Кеңес Қанатбаев.

Сондай-ақ мамандар Алға ауданына қарасты Қарағаш ауылдық округіндегі «Бес-ата» шаруа қожалығында да екі ірі қара малының өлгенін айтты. Ветеринарлар комиссиялық  сараптама жасап, патологиялық материалды ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жіберді.

Мамандар клиникалық белгілерге сүйене отырып, Қарғалы ауданының Петропавловка ауылында қырылған тауықтарға «Ньюкасл» құс ауруының алдын ала диагнозы қойылғанын айтады. 16-20 қараша аралығында барлығы 200 тауық өлген.

Нақты диагнозды анықтау үшін патологиялық материал алынып, Нұр-Сұлтан қаласындағы ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жіберілді. 200 тауық өлексесі өртеу арқылы жойылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Диагноз анықталған соң, нақты іс-шаралар жүргізілетін болады. Тұрғындар арасында «құс тұмауы» деген пікір айтылып жатыр. Біз бұған қарсы пікір айтамыз. Аудандағы құстар жоғары патогенді құс тұмауына қарсы егілген. Және өлім тек тауықтар арасында тіркелген. Қаз бен үйрек арасында тіркелген жоқ, — деді инспекция басшысы.

Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен онлайн брифинг барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Кеңес Қанатбаев пен облыстық ветеренария басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай тұрғындар тарапынан түскен бірқатар сұрақтарға нақты жауап берді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button