Денсаулық

Өңірде 222 жасөспірім «Pfizer» екпесін салдырған

Тікелей эфир

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясымен 14 жағдай тіркеліп отыр. Індет жұқтырғандардың арасында бір жасөспірім бар. Қазіргі таңда үй карантиніне 7906 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Бұл туралы тікелей эфирде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров баяндады.

24-28 қараша аралығында облыста аурудың көбею көрсеткіші — 0,9, аурушаңдық көрсеткіші 9,74 пайызды құрады. Соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған 14, пневмония бойынша екі науқас тіркелді. Ал індет жұқтырғандардың жас ерекшеліктеріне келсек, соңғы кездерде өңірде 60-65 жастағы адамдар арасында ауру көп тіркелген. Одан кейінгі орында 50-59 жас аралығындағылар болса, 66 жастан жоғарылар — үшінші орында. Биылғы оқу жылында оқушылар арасында 1001 жағдай тіркеліп, нәтижесінде 765 сынып карантинге жіберілген. Ал соңғы тәулікте екі сынып карантинге жабылып отыр. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында — 42, арнаулы оқу орындарында — 97, балабақшаларда 205 жағдай тіркелді, — деді М.Сербаев.

Оның айтуынша, бүгінге дейін мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша анықталған бұзушылықтар бойынша жалпы құны 92 859 718 теңге көлемінде 946 тұлғаға айыппұл салынған.

Ал «Ashyq» жобасы бойынша өңірде 4358 кәсіпкер тіркелсе, олардың барлығына да QR-кодтары жүктелген. Айталық, бағдарлама енгізілгеннен бастап, өңірдегі «Ashyq» жобасына қатысқан «сары» статусы бар 248 адам және «қызыл» статусы бар 366 адам анықталған. Оның ішінде «қызыл» статусы бар 122 жеке тұлғаға «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 425-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік шара қолданылған. Аталған азаматтарға жалпы мөлшері 5 381 845 теңгеге айыппұл салынған.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, қазіргі таңда инфекциялық ауруханаларда 135 адам ем алуда. Жансақтау бөлімінде 20 науқас жатыр. Олардың екеуі өкпенің жасанды  желдету аппаратына, 12 науқас инвазивті емес жасанды желдету аппаратына қосылған. Сондай-ақ індет жұқтырған 16 бала ем алуда. Карантиндік стационарларда 3 адам бақылауда.

— Қазір стационардағы кереуеттердің 44,7 пайызы, жансақтау бөліміндегі кереуеттердің 40,8 пайызы толық. Ал вакциналауға келсек, бүгінге дейін облыста 352 мыңнан астам адам екпенің бірінші компонентін алса, екінші компонентін 327 мыңнан астам адам салдырған. Ал 22 қарашадан бастап «Pfizer» вакцинасын 222 жасөспірім, бала емізетін 176 әйел, 21 жүкті әйел алды, — деді Б.Ізбасаров.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button