Жаңалықтар

Ғасырдан асқан ардагерге құрмет

Ақтөбеде жасы 103-ке толған Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Ходусты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов үйіне барып құттықтады. Сонымен бірге облыстық әскери ардагерлер кеңесінің төрағасы Қажымұқан Сәтенов те ізгі тілегін білдірді.

Майдангер соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісті.

Петр Иванович Ходус 1918 жылы 27 қарашада Темір ауданының Покровка ауылында дүниеге келген. Он бес жасынан Сталин атындағы колхозда жұмыс істей бастаған. 1936 жылы ол агротехник мамандығы бойынша білім алып, бір жыл жұмыс істеп, орта мектеп бітірген.

1939 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Ашхабадта артиллериялық полкте қызмет етеді. Ал соғыс басталғаннан кейін Кавказ, Карпат аймақтарында әскери ұрыстарға қатысып, бөлімше командирі болып, Жеңісті қарсы алып, елге 1946 жылы оралған.

Елге келген соң еңбек жолын нан комбинатында жалғастырған. 1971-1991 жылдар аралығында кондитер фабрикасының цех бастығы болып жемісті еңбек еткен.

Соғыса көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

«Соғыс жылдарында аға буын қан майданда теңдессіз жанқиярлық пен батылдық танытты. Оларға қандай құрмет көрсетсек де артық емес. Ағаларымыздың өршіл рухы мен отансүйгіштігі, қайсарлығы мен еңбекқорлығы үлгісінде қазіргі жастарды патриотизмге тәрбиелей білуіміз керек. Бүгінде жасы 103-ке толып отырғанардагеріміздің өшпес ерлігі мен өнегелі еңбек жолын әркез ардақтаймыз», — деп атап көрсетілді ардагерге берілген құттықтауда. Сондай-ақ майдангерге ақшалай сыйлық табыс етілді.

Дулат АМАНЖОЛҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button