Жаңалықтар

Кәсіподақ марапаты — үздіктерге

«Ақтөбе-нан» ЖШС бүгінгі күні нан-бөлке, макарон және кондитер өнімдерін шығарады. Кәсіпорын қала нарығын тәулігіне 15 тоннадан астам нан-бөлке және 3 тоннадан астам басқа өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Нан комбинаты өнімдерінің ассортиментін жыл сайын ұлғайтып келеді. Қазір комбинат өнімдерінің түрлері 60-тан асады.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңыңда комбинат еңбеккерлері салалық кәсіподақтың Алғыс хаттарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен бірге әлеуметтік әріптестермен қатар, бірқатар еңбеккерлерге салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгісі табыс етілді.

Ауыл шаруашылығы саласында көп жылдар жемісті еңбек етіп, кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін «Ақтөбе-нан»серіктестігі директорының орынбасары Роза Ғабидуллина «Елеулі еңбегі үшін» медалімен және серіктестік директоры Оразғали Бикжанов 3-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Марапатталғандар қатарында бөлім бастығы Гүлшара Дайрабаева, қойма меңгерушісі Абусыдық Сәрсенбаев та бар.

Сонымен қатар ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін нан зауытының ауысым шебері Рая Молдағалиева мен механикалық қызмет бөлімінің электромонтері Александр Колоницкий Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Нан комбинатында 230-дай адам еңбекетеді. Оларда біздің салалық кәсіподаққа қарасты бастауыш ұйым жұмыс жасайды. Кәсіпорында жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуы мәселесіне ерекше ден қойылып отыр. Жұмысшылардың жұмыс кезінде тамақтануы үшін тегін асхана бар. Кәсіпорын мен жұмысшылар арасында ұжымдық шарт жасалған. Біз өзіміздің бастауыш ұйымдарымызға ерекше көңіл бөлеміз», — деп атап өтті салтанатты шарада ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Ақтөбе филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев.

 

Н.ДАБЫЛОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button