Жаңалықтар

Ауыл белсенділерінің әлеуеті

Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік гранттарды бөлу жергілікті атқарушы органдар немесе ресурстық орталықтар арқылы жүзеге асырылуы тиіс.Ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды дамыту жөніндегі республикалық жобаның қорытындысын шығарған облыстың Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы осындай қорытындыға келді.

Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы басшысы Айгүл Дүйсенованың айтуынша, бұл жоба биыл наурыз айынан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» АҚ есебінен жүзеге асырылып келе жатыр. Шағын гранттар байқауына 436 үміткер қатысып, сараптама комиссиясы 12 бағыт бойынша 60 өтінімді іріктеп алды. Жеңімпаз болған 13 ҮЕҰ мен 47 бастамашыл топтың әрқайсысына екі транш бойынша 500 мың теңгеден грант берілді.

Ауыл белсенділері өз идеяларын жүзеге асыруға кіріспес бұрын біздің мамандар онлайн кездесулер өткізіп, аталған жобаға қалай қатысу керек, қандай талаптары бар деген секілді мәселелерді талқылады, бұл онлай-оқуларға 1010 адам қатысты. Облыс ауылдарындағы бастамашыл азаматтарға сегіз шағын грант берілді. Мәселен, Алға ауданы Тамды ауылында колледж оқытушысы, жаттықтырушы Мұрат Сембаев грант қаражатына футбол ойнауға арналған костюмдер, доптар, қақпа торлары және басқа да жабдықтар сатып алды. Ол әлеуметтік осал таптар санатындағы жастарды спортқа баулып, жолдастық кездесулер ұйымдастырады, тегін жаттығулар өткізеді.

Жалпы алғанда жобалардың тұрақтылығына баса назар аударылды, яғни қаржыландыру аяқталғаннан кейін істі мемлекеттік органдардың, демеушілердің, серіктестердің қолдауымен немесе қатысушыларымыздың өз қаражаты есебінен жалғастыру қажеттігіне мән берілді. Оған қоса жұмыс орындарын ашу туралы шарт қойылды. Бүгінде грант иегерлерінің есебі бойынша 28 адам жұмысқа орналастырылды, негізгі жоспар 20 жұмыс орнын ашу болатын, — деді ол.

А. Дүйсенованың айтуынша, бюджет қаражатының жұмсалуының ашықтығын бақылау үшін грант алушылардың есептерін толық қолдауды және орналастыруды қамтитын бірыңғай цифрлық платформа қажет.

— Гранттарды беру тәртібі, қаржылық және бағдарламалық есеп беру рәсімдері мүмкіндігінше қарапайым және түсінікті болуы керек. Жобаларды қашықтан үйлестірудің, сараптаудыңөз қиындықтары бар, себебі ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпайтын, уақытылы есеп бермейтіндер де бар. Сондықтан, қаржыландыруды ресурстық орталықтар немесе ауылдық әкімдіктер арқылы жүргізу қажет деп есептейміз, — дейді ол.

Бұл жоба — аталған қауымдастықтың республикалық деңгейде ұйымдастырған алғашқы ірі жобасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button