Басты жаңалықтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Партияны ел Президентінің басқаруы маңызды

Кеше елордада тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Кеңес барысында мемлекеттік бағдардың сабақтастығы мен тұрақтылығына негіз болатын партияның ұзақ мерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударылды. Сондай-ақ партияны ел Президенті басқарып, оның саясаты мен стратегиясын өзі айқындап отыруы қажет екені атап көрсетілді.

Еліміздегі жетекші саяси партия – Nur Otan-ның ауқымды мәселелер қаралған Саяси кеңесінің отырысы бейнеконференция байланысы режимінде ұйымдастырылды. Алқалы жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелері, Nur Otan партиясының Саяси ке­ңесі мен Бюро мүшелері, Пар­ламент Мәжілісіндегі жә­не мәслихаттардағы партия фрак­циясының депутаттары, өңір басшылары, Jas Otan жастар қа­натының көшбасшылары қа­тыс­ты.

Жиынды ашқан Елбасы тә­уел­сіздік жылдарында қалыптасқан көппартиялық жүйе елдігіміздің тірегіне айналғанын, осы орайда Nur Otan партиясының саяси салмағы басым екенін айта ке­ліп, отыз жыл ішіндегі еліміздің да­му жетістіктеріне тоқталды. Мұ­ның барлығы бірлесе атқарыл­ған жұмыстың, маңызды мемле­кеттік шешімдер мен батыл рефор­малардың жемісі екенін атап өтті.

«Біз еліміздің партиялық-сая­си жүйесін біртіндеп әрі жан-жақты саралай отырып дамыт­тық. Барлық бастамалары­мыз сияқты бұл мәселеге де ішкі дайындықпен келдік. Жүйе­сіз реформалар халықтың демо­­кратияға деген сенімін жоғал­тып, түрлі шиеленістер тудырған және территориядан айырған жағ­дайлар тарихта аз емес. Тәуел­сіздікті сақтау және мемле­кеттілікті нығайту – біздің бо­ла­шақ ұрпақ алдындағы парызымыз. Сондықтан Nur Otan партия­сы тұрақтылық пен татулыққа, әлеу­меттік-экономикалық прагма­тизмге, орнықты дамуға негіз­дел­ген және тұтас қоғамның мүд­де­сіне сай келетін саясат жүр­гі­зуде», — деді.

Қазақстанның тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл тарихымызда алғаш рет заң шығарушы және өкілдік органдарға сайлау пропорционалды жүйе бойынша өткенін айта келіп, «Сондай-ақ ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Бұл қадамдардың бәрі елдегі партиялар арасында бәсекені күшейтіп, олардың жауапкершілігі мен есептілігін арттыра түсті», —деді.

Елбасы Премьер-Министр мен Парламент Мәжілісі Төрағасының баяндамаларынан соң биліктің атқарушы және заң шығарушы тармағы партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда үйлесімді жұмыс істегенін ерекше атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев мем­ле­кетіміздің алдында тұрған сын-қатерлерге, сондай-ақ пар­тияның келешек стратегиялық мақсаттарына, міндеттеріне жан-жақты тоқталды.

«Қазақстан тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басуда. Бұл ауқымды өзгерістерге, қиын да жауапты шешімдерге толы кезең болары анық. Қазірдің өзінде пандемияны тоқтату қиынға соғуда. Бүгінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Оған ақпараттық технологиялар мен жасыл энергетиканың қарқынды енгізілуі де әсер етуде», —деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті адамзат алдында тұрған бірқатар сын-қатерді атап өтті. Соның ішінде жаңа пандемияларға қарсы күреске, экологиялық проб­лемалар мен жаһандық жылынудың теріс әсерінің кү­шеюіне, әлемдік экономиканың өзгеруіне орай елдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, геосаяси шиеленістің өршуіне, сондай-ақ қоғамдық пікір мен құндылықтардың күрт өзгеруінен саяси алауыздық белең алатынына назар аударды.

«Жаһандық тұрақсыздық ұзаққа созылуы мүмкін. Осы орайда партияның соңғы парламент сайлауындағы «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деген ұранының өзектілігі арта түсуде. Біз бүкіл қоғамның мүддесін қорғайтын центристік ұстанымды сақтауымыз қажет екенін тағы да атап өткім келіп отыр. Партияның міндеті – ха­лықты бөліп-жару емес, біріктіру», —деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Н.Назарбаев партия фракциясы депутаттарының пандемия кезіндегі тиімді жұмысына тоқталып, барша қазақстандықтар Президенттің мемлекеттік бағ­дарын қолдап, соның аясында жұ­мылуы маңызды екеніне баса мән берді.

«Мен партиямыздың негізін қалап, оған осы жылдар ішінде басшылық еттім. Nur Otan партиясын ел Президенті басқарып, оның саясаты мен стратегиясын өзі айқындап отыруы маңызды екенін жақсы білемін. Бұған дейін де солай болды. Біз партия Жарғысына сүйене отырып, шешім қабылдауымыз керек. Бұл – біздің бірлігімізді көрсететін қадам», —деді Қазақстанның тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мем­ле­кеттік бағдардың сабақтастығы мен тұрақтылығына негіз болатын партияның ұзақ мерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударды. Елбасы атап өткендей, ол үшін Nur Otan партиясы үнемі жаңғырып отыруға, заман талабына сай әр өзгерістерге дайын болуға, халық мүддесін басшылыққа алуға, ал­дына айқын мақсат қойып, оған жетудің нақты жолдарын табуға, билік органдарының, қо­ғамдық институттардың тиімді ықпалдастығын қамтамасыз етуге тиіс, сондай-ақ қоғамды партия құндылықтары төңірегіне біріктіруі керек.

Алқалы жиында тәуел­сіз­дігімізді нығайтып, ел тұтас­тығын сақтап, отбасылық құн­ды­лықтарды қолдап, ұлттық мә­дениетімізді насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қою арқылы жасампаз ел боламыз деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.

«Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Олар­дың алдыңғы шебі орда бұзар отызға толып отыр. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекеттілікті сақтап, Қазақ­станды «Мәңгілік ел» ету осы ұр­паққа жүктелетін тарихи миссия деп санаймын. Осы орайда жа­ңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағ­дар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиын­ты­ғын ұсынамын. Бұл – отыз жыл­дық белесті елмен бірге өткер­ген Елбасы ретіндегі менің жас ұр­паққа жолдар Үндеуім деп қабыл­даңыздар», —деген Нұрсұл­тан Назарбаев «Елдіктің жеті тұ­ғыры» қағидаттарына кеңінен тоқталды.

Елбасы аталған жеті тұғыр­дың ең біріншісі – басты құнды­лы­ғымыз – Тәуелсіздік екенін атады. Тұңғыш Президент осы орайда «Әлемде көлемі жағынан 9-орын алатын байтақ атырапты еншілеу —Жаратқанның халқымызға берген баға жетпес несібесі деп білеміз»,

— деді.

Екінші тұғыр ретінде бірлік пен келісім атап көрсетілді. Елба­сының айтуынша, «Этникалық әралуандық – біртұтас ұлт ретінде қалыптасқан халқымыздың артықшылығы. Бүгінде бірлік пен этносаралық татулықты сақтау жолында отыз жыл бойы жүргізген сындарлы саясаттың жемісін көріп отырмыз». Н.Назарбаев атап көрсеткендей, бірлігімізді арт­тырып, ынтымағымызды күшейт­сек қана елдігіміз нығайып, егемендігіміз баянды болады.

Ата-баба мұрасы, халық қазынасы – ұлан-байтақ жеріміз елдігіміздің үшінші тұғыры ретінде аталды. «Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ. Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым» деген Елбасы Тәуелсіздікті жариялай салысымен, шекарамызды құжат жүзінде бекітіп алуға қол жеткізілгенін айта келіп, өзге мемлекеттердің арасындағы даулы территория­лар соғысқа, қантөгіске апарып соғатынын еске салды. Н.Назарбаев атап көрсеткендей, ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз.

Елбасы отбасы мен салт-дәстүрлерімізді қоғамның алтын діңгегіне балап, оны төртінші тұғыр деп белгіледі. Шын мәнінде, Тұңғыш Президентіміз айтқандай, отбасы – ұрпақ тәрбиесінің ұстаханасы, қоғамдық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт. «Жаһандану үдерісі тұрмысымыз бен салт-санамызға өзгеріс әкелгенмен, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардан бас тартуға болмайды. Қай кезеңде де біз үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетуді дәріптейтін ата дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет. Отбасы инс­титуты әлсіреп, салт-дәстүріміз ұмытылса, ел болып қалуымыз екіталай», —деді Н.Назарбаев.

Бесінші, алтыншы және же­тінші тұғырлар ретінде халықтың рухани тірегі – ұлттық мәдениет, бақуатты өмірдің кілті – білім мен еңбек және бәсекеге қабілетті бо­лудың кепілі – прагматизм белгі­ленді.

Ұлттық мәдениетіміз тұрғы­сында сөз қозғаған Елбасы бұл орайда «Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар, рухани байлықтың маңызы зор. Сол үшін мәдениетімізді зерделеп, өзге жұртқа насихаттай білген абзал. Басқа халықтарды тек өнер құдіретімен, ғылыми ізденіспен ғана мойындата аламыз», —деді.

Ал білім мен еңбекті бақуатты өмірдің кілті деп атаған Елбасы дана Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзін мысалға келтіре отырып, «Ендеше табыстың кілті —үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде. Адал еңбек қана адамды мұратына жеткізеді. Осыны жастардың санасына сіңіру қажет», —деді.

Прагматизм – бәсекеге қабі­летті болудың кепілі екенін атап көр­сеткен Н.Назарбаев бізге қол­да бар мүмкіндікті пайдала­нып, нәтижелі жұмыс атқару және көздеген мақсатқа тиімді қол жет­кізу маңызды екеніне тоқ­талды. Осы орайда Елбасы қазір елімізде жастардың өзін- өзі дамытуына, білімін жетілдіруіне, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік мол екенін, сондықтан прагматизм қағидаттары бойынша барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн екенін айтты.

«Елдіктің жеті тұғырын» таныстыру барысында Елбасы халқымыздың тәуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетіс­тік­термен қарсы алып отырғанына, Қазақстан қуатты мемлекетке ай­налып, бірлігі бекем ел болға­нымызға, сындарлы саясат жүр­гізіліп, әлеуеті зор нарықтық экономикалық жүйе қалыптас­тыр­ғанымызға екпін берді. Тұңғыш Президент сондай-ақ ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізілгенін, елдігіміз қайта жаңғырғанын ең басты жетістік ретінде атады. Осы орайда Елбасы «Әлем картасында Қазақстан деген егемен елдің ойып тұрып орын алуы үшін аянбай еңбек еттік. Ендігі кезекте осы жетістігімізді еселеп арттыру ел ынтымағы мен тұтастығына байланысты», —деді.

Алқалы жиында Нұрсұлтан Назарбаев алдағы кезеңдер елдігімізді, мемлекеттілігімізді нығайтудың жаңа белесі болатынына сенім білдіре келіп, бұл әрбір азаматтың ұлтымыздың болашағына жауапкершілікпен қараған кезде жүзеге асатынын жеткізді. Осы орайда еліміздегі ең ірі, әлеуетті саяси партия ретінде Nur Otan-ның халқымыздың игі­лігі үшін қолға алынған істердің алдыңғы шебінде болуы керектігі баса айтылды.

Отырыстағы сөзінің соңында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев: «Ендігі кезекте осы мерейлі күнге жеткізген, ырысымызды арттырған Жаратқанға шүкіршілік етіп, ертеңге сенімді қадам басу қажет. Рухымызды қайрап, еңсемізді тіктеп, бұдан да биік асуларға жету үшін жә­не тәуелсіз Қазақстанның жар­қын болашағы жолында тынбай жұмыс істеуге тиіспіз! Біз кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, же­ңіске бірге жетеміз! Тәуелсізді­гі­міздің отыз жылдық белесі құтты болсын!» —деді.

Айта кетейік, отырыста Пре­мьер-Министр, партия Саяси ке­ңесінің Бюро мүшесі А.Маминнің, Парламент Мәжілісінің Төрағасы, партия фракциясының басшысы Н.Нығматулиннің, Парламент Мә­жілісінің депутаты, Nur Otan партиясы Өңірлік даму жөнін­дегі қоғамдық кеңесінің төр­ағасы Ю.Кучинскаяның, Nur Otan партиясы Шымкент қала­лық филиалының төрағасы М.Әй­теновтің, Nur Otan партиясы Павлодар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Nur Otan партиясының аудандық мәслихаттағы фракциясының басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі В.Гейнц­тің, Nur Otan партиясының мү­шесі, Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауылдық округінің әкі­мі Ә.Зарифовтің баяндамалары тың­далды.

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan».

Басқа жаңалықтар

Back to top button