Пікір

Облыста жол картасының индикаторлары кезең-кезеңмен орындалып келеді

Ербол Данағұлов,

Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары,

облыстық мәслихаттың Nur Otan фракциясының жетекшісі.

Тәуелсіздігіміздің негізін қалап, сындарлы сәттерде сарабдал саясатымен елді сүріндірмей, дамудың даңғыл жолына жетелеген Елбасы бұл жолы да қазақстандықтарға  нақты бағыт-бағдар беретін қағидаттар жиынтығын ұсынды.

Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жарияланған «Елдіктің жеті тұғыры» — бұл тәуелсіздіктің мызғымас құндылықтарын көрсететін іргелі құжат, отыз жылдық белесті елмен бірге өткізген Елбасының жас ұрпаққа арналған көшбасшылық формуласы. Онда әлемдік озық тәжірибе мен халқымыздың ұлттық тарихи-мәдени дәстүрлері ескерілген.

Нұрсұлтан Назарбаев осы құжатта кезкелген азамат үшін ең қастерлі құндылық — тәуелсіздік екенін атап көрсетті. Әсіресе, тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау — әрбір қазақстандықтың міндеті екенін шегеледі.

Расында да тарих үшін аз ғана уақытта елімізде ғасырларға жүк болар көптеген  істер атқарылғанын айтпауға болмайды. Алысқа бармай-ақ, өз облысымыздан бір ғана мысал келтірсем, 1991 жылы облысымызда 740 мың адам болған. Қазір тұрғындардың саны 927 мыңға жетті. Ақтөбе қаласының халқы да тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда екі есеге дейін өсті. Яғни халықтың өсімінен өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсарғанын білуге болады.

Әрбір қазақстандықтың әл-ауқатының жақсаруына партияның сайлауалды бағдарламасының да септігі тиіп жатқаны сөзсіз. Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында облысымызда бекітілген 14 жол картасының индикаторлары кезең-кезеңмен орындалып келеді. Мәселен, облыс тұрғындарын мазалайтын ең басты мәселелердің бірі —  баспанамен қамтамасыз ету болса, 9 айда 624 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Сайлауалды бағдарламаны іске асыру аясында өңірде 26,4 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының дамуына ерекше көңіл бөлініп, тауар өндірушілерді қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен шамамен 26,7 млрд теңге субсидия қарастырылды.  Жеке инвестиция есебінен 33 нысан қолданысқа берілді. Әрине, бұл жұмыстар елдің әлеуетін көтеруге септігін тигізері анық. Ендеше, Саяси кеңесте айтылған тапсырмаларды, облысымызды кешенді дамытуға бағытталған сайлауалды бағдарламаны уақтылы жүзеге асыру үшінқарқынды еңбек етуді жалғастыратын боламыз.            

Басқа жаңалықтар

Back to top button