Жаңалықтар

Мүгедек жандардың мүддесін қорғайтын өзгерістер таныстырылды

Сәрсенбі күні Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің өкілдері азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсінік берді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Парламент Сенатының депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын пленарлық отырыста қарап, бірінші оқылымда қабылдағаны айтылды. Соған сәйкес,енді 7-18 жасқа дейінгі балалар мүгедектік топтары бойынша бөлінеді. Бұл көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, соның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылардың мөлшерін саралауға мүмкіндік береді.

— Соның арқасында 2564 баланың жәрдемақысының көлемі өзгереді. Біздегі мәліметтерге сүйенсек, облыста I топта 312, II топта 940, ал III топта 1312 бала тіркеуде тұр. Яғни жаңашылдықтарға қарай денсаулығы дімкәс балалардың жәрдемақысы мүгедектік тобына байланысты белгіленеді. 

Екінші өзгеріс — биылғы 24 қазаннан бастап I топтағы барлық мүгедек жандардың күтушілеріне жәрдемақы тағайындалады. Бұрын тек бала кезінен мүгедектердің қамқоршыларына берілетін, — деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасарыНұрлан Мажитов.

Тағы бір жаңалық ретінде ендігі мүгедек бала асыраушысынан, яғни ата-анасынан айырылса, мемлекеттен соңғы жағдай үшін де жәрдемақы алатыны жария етілді. Бұрын мұндайға тап болған жасқа тек бір ғана жәрдемақы тағайындалатын-ды.

Брифингте сөз алған жоғарыда аталған департамент басшысының орынбасары Нонна Валиулова осы өзгерістерді орыс тілінде хабарлады.

Спикерлер баяндамасында заң жобасы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау аясында жаңартылғанын атап өтті. Сол арқылы бұл халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне оң әсер етіп, шамамен 400 мың қазақстандықты қамтиды деп күтілуде.

Ресми мәліметке сай заң жобасы 55 миллиард теңге көлеміндегіқаржыландырумен қамтамасыз етілген. Шығын нормалары 2021-2023 жылдарға бөлінген қаражат бойынша іске асырылатын болады.

Қосымша сұрақтар бойынша жұртшылықтыңЕңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жолықса болады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button