Басты жаңалықтарДенсаулық

Өңірде «Pfizer» вакцинасын егу жұмыстары басталды

22 қарашадан бастап облыста 12-17 жастағы жасөспірімдерді, 16-37 апта арасындағы жүкті және емізулі әйелдерді «Pfizer» вакцинасымен егу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда қалалық емханаларда бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Біз жауапты мамандармен екпе салу жұмыстары туралы тілдескен едік. Сонымен…

40 мың доза вакцина жеткізілді

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, бүгінгі күні өңірге «Pfizer» вакцинасының

алғашқы 40 мың дозасы жеткізілген. Жалпы алғанда облысқа бұл екпенің 93 мың дозасы әкелінбек. Қазір облыс бойынша медициналық ұйымдарда екпе салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— «Pfizer» — дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы бойынша балаларға қолдануға болатын ең сапалы және қауіпсіз вакцина. Қазіргі таңда біз барлық білім беру ұйымдарымен бірлесіп, екпе салдыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Негізі, балаға вакцина салдыру-салдырмау — әр ата-ананың құқы, яғни екпе егу тек ата-аналардың келісімімен ғана жүргізіледі. Вакцина салдырмаған оқушылар мектепке бара береді, оларға ешқандай тыйым салынбайды. Дегенмен оқушылар арасында індетке қарсы иммунитетті күшейту үшін екпе алу өте маңызды. Ата-аналар осыны түсінуге тиіс. Себебі бір сыныпта бір бала вирус жұқтырса, ол қалғандарына жұқтырады. Нәтижесінде қаншама оқушы зардап шегеді. Сондықтан әрбір баланың індетке қарсы вакцина алғаны дұрыс, —  дейді М.Сербаев.

Оның айтуынша, бүгінге дейін облыста коронавирус жұқтырғандар саны 35 мыңға жеткен. Оның ішінде мыңға жуығы — балалар. Биылғы жылғы 1 қыркүйектен бастап 750 сынып карантинге жіберілген. Қазір өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақты болғанымен, көрші және шетелдерде індет қайта өршіп, өлім-жітім саны көбейіп жатыр. Әлемде дельта штамының тағы бір жаңа түрі пайда болып, науқастар көбеюде.

Біздің еліміз жабық мемлекет емес, шетелдермен қарым-қатынас жасаймыз. Ал қазіргі таңда бірқатар елдерде карантиндік шаралар, локдаун қайтадан қолға алынып жатыр. Сондықтан елдегі халықты, оның ішінде балаларды вирустан қорғау үшін вакцина салу маңызды және қажет.

Бүгінгі күні АҚШ, Еуропа елдерінде «Pfizer» вакцинасын егу жұмыстары басталып кетті. Соған байланысты 22 қарашадан бастап біздің облыста да ревакцинация жұмыстары басталды. Қазір көп адам бұрынғы алған екпенің әсері туралы сұрайды. Біз бұл жерде әлемде болып жатқан оқиғаларды негізге ала отырып, індетке қарсы тағы да иммунитетті күшейту мәселесіне көңіл бөлуіміз керек. Соңғы зерттеулерге сәйкес қазір ғалымдар коронавирусқа қарсы иммунитет 6 айға дейін ғана сақталады деген қорытынды шығарып отыр. Сондықтан денсаулығын ойлаған әрбір адам ревакцинациядан өткені абзал.

Сонымен қатар бүгінгі таңда елімізде, оның ішінде өңірімізде жасөспірімдерге екпе салуға байланысты әртүрлі пікірлер айтылуда. Кейбір ата-аналар екпе салдыруды мақұлдаса, бірқатары бұған қарсы шығып жатыр. Сондықтан біз ата-аналарды ресми органдар мен бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының ақпараттарына ғана сеніп, қауесетке ермеуге шақырамыз. Осы тұста айта кету керек, бүгінде «Pfizer» вакцинасын  салдыруға ересек адамдардың арасында ниет білдіріп жатқандар да бар. Бұл адамдар — екпенің пайдасы бар екендігіне сенетіндер, — дейді М.Сербаев.   

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасарының айтуынша, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына, сондай-ақ қолданыстағы ережелерге сәйкес, елімізде медициналық ұйымдарда және мектептердегі медициналық кабинеттерде екпе егу жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілген. Бүгінде бұл бағыт бойынша облыста 370-тен астам кабинет жасақталған. Департамент мамандары бұған дейін кабинеттердің дайындығын тексеріп, мониторинг жүргізген. Кеткен бірқатар кемшіліктер мен олқылықтарды жою бойынша қазір білім беру ұйымдарында жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ медициналық мекемелерде екпе бригадалары жасақталған. Мамандар арнайы оқу курсынан да өткен.

«Pfizer» 93 мың тұрғынға салынады

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаеваның айтуынша, қазір «Pfizer» вакцинасы өңірде 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдерге, сондай-ақ босанғанына 42 күн болған, бала емізетін аналарға салынып жатыр. Әзірге қарсы көрсетілім болып, ауырғандар жоқ.

— Биыл облыс бойынша бұл екпемен 93 мың тұрғынды қамту жоспарланған. Оның ішінде мектеп және колледж оқушыларына көп көңіл бөлінбек. Себебі білім беру ұйымдарында бір оқушы ауырса, инфекция басқаларға тез таралуы мүмкін. Біз осы жағдайларды алдын ала қарастырып, зерттеп, білім беру ұйымдарындағы медициналық кабинеттерді екпе егу жұмыстарына арнайы жасақтадық. Алдағы уақытта оқушылар ата-аналарының немесе заңды өкілінің рұқсатымен, келісімімен екпе салдыра алады.

Жалпы, «Pfizer» вакцинасы екі компоненттен тұрады. Оларды егу аралығы — 21-28 күн. Бұл екпенің күші қанша уақытқа дейін сақталатыны туралы бізде нақты ақпарат жоқ. Дегенмен жыл аяғына дейін өңірде бұл бағыттағы жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Егер жыл соңына дейін жоспар орындалмаса, келер жылы да егу жұмыстары жалғасатын болады, — дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінде облыста 350 мыңнан астам адам екпе алған. Бұл өңірдегі жалпы халық санының 37-38 пайызын құрайды. Негізінен, індетке қарсы толықтай иммунитетті қалыптастыру үшін облыс тұрғындарының 70 пайызы вакцина салдыруы керек.

№1 емхана: 3 күнде 9 оқушы екпе салдырған

Ақтөбе қаласындағы №1 емханада бала емізетін және жүкті әйелдерге, сондай-ақ жасөспірімдерге екпе салу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы күні, яғни 22 қарашада бұл емханада 6 адам «Pfizer» вакцинасын салдырған. Ал 23-24 қараша күндері жалпы саны 14 адам екпе алған. Оның 8-і — жасөспірім.

Емхананың мектеп жасындағы және мектепке дейінгі балалармен жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі Айғайша Көпбаеваның айтуынша, бұл емханаға «Pfizer» вакцинасының 192 дозасы әкелінген. Олар 2-8 °С температурада тоңазытқышта сақталып тұр.

Бүгінгі күні біздің емханаға қарасты 14 мектеп бар. Оларда 12-17 жастағы жалпы саны 5074 оқушы білім алуда. Қазір бұл мектептерде екпе егуге арналған кабинеттер толық дайын. Дегенмен екпе салдыратын оқушылардың саны аз болғандықтан, ниет білдірушілер емханаға келіп алып жатыр. Үш күн ішінде екпе алған әйелдерден де, жасөспірімдерден де ешқандай шағым түскен жоқ. Барлық тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, — дейді А.Көпбаева.

№40 орта мектептің 7-сынып оқушысы Назым Ораз — №1 қалалық емханада алғаш болып екпе алғандардың бірі. Оның денсаулығын тексерген дәрігерлер вакцина салдыруға ешқандай қарсы көрсетілім жоқ екендігін айтқан. Оқушы екпе алып, содан кейін күту залында 30 минут мамандардың қарауында болған. Қазір Назымның жағдайы жақсы.

Назымның анасы Эльмира Қуанышқалиқызы №40 орта мектепте медбике болып жұмыс істейді. Медицина саласының маманы болғандықтан, ол қызының екпе алуына бірден келісіпті. Эльмира бұған дейін отбасы мүшелерінің барлығы вакцина алғанын айтады.

— Отбасында үш бала тәрбиелеп отырмын. Назым — үйдің ортаншысы. Үлкені — 15-те. Ол денсаулығына байланысты әзірге екпе алмайды. Ал Назым алғашқылардың бірі болып емханаға келіп, екпе салдырды. Жағдайы жақсы, денсаулығы қалыпты. Ата-аналарға айтарым, екпеден қорқудың қажеті жоқ, — дейді ол.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button