Жаңалықтар

Қартаймаудың құпиясымен бөлісті

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында  Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің патологиялық физиология және химиялық пәндер кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Қожантай Қасеновті еске алу мақсатында «Демографиялық ауысу және қартаюдың биохимиялық және патофизиологиялық аспектілеріндегі мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Шараға еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарымен қатар, Польша, Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжанның ғылыми ұйымдарынан келген өкілдер қатысты. Конференция жұмысына 60-қа жуық адам онлайн қосылды.

Шараның құрметті қонағы ретінде Қожантай Қасеновтің ұлы, медицина ғылымдарының кандидаты Амархан Хасенов шақырылды. Сондай-ақ медицина ғылымдарының докторы Эмиль Мұхамеджанов,  профессор Сәруар Ділмағамбетов, доцент Әнес Бекқожин,  философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов секілді медицина саласының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтар қатысты.

— Мен Қожантай Оразұлын университетке жұмысқа орналасқан кезінен бастап танитын едім. Ол кезінде патологиялық физиология кафедрасының меңгерушісі болған азамат.Сондай-ақ біз оны белгілі профессор, дәрігер Халида Маманованың шәкірті ретінде білеміз.

Ұйымдастырылып жатқан шараның тақырыбы ешқашан өзектілігін жоймайды. Қартаю мәселесі — қай қоғамда болса да өзекті. Бұл мәселеге өте байыппен қарап, дер кезінде шешу керек. Өйткені осыған байланысты көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер туындайды, — деді Сәруар Ділмағамбетов.

Конференция жұмысы 3 секция бойынша жүргізілді. Сондай-ақ шара барысында шеберлік кластары ұйымдастырылып, арнайы сертификаттар табысталды.

Конференцияға арнайы келген Қожантай Оразұлының шәкірттері ұстазының еңбегі мен жарқын бейнесі туралы кеңінен әңгімеледі.

— Қожантай Оразұлының шәкірттерінің барлығын жинаса, үлкен бір мектеп шығары сөзсіз. Оның  берген білімі, санамызға сіңірген құндылықтары біздің бойымызда мәңгі сақталады, — деп еске алды ұстазы туралы Любовь Төлегенова.

Ақерке МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button