ТарихТәуелсіздік — 30

Кеңқияқ мұнайының мақтанышы

1966 жылдың 22 наурызында құрылымдалған «Кеңқияқмұнай» мұнай кәсіпшілігі басқармасының негізі қаланғанына биыл 55 жыл толды. Бұл мерекенің кәсіпшілік тарихында орны бөлек.

Негізінде, Темір ауданында «қара алтынды» өнеркәсіптік өндірудің ресми түрде бастау алар тұсы да осы кезеңмен байланысты. Кеңқияқ мұнайшылары Қазақстанның мұнайгаз өнеркәсібінің жаңа дәуірін осындай қадаммен ашқан еді.

Елуінші жылдардың соңында осы аумақта мұнайдың тұзүсті қабатын белсенді игерудің алғашқы талпынысы жасалғанын бүгінде екінің бірі біле бермейді. Сол тарихи сәттің сырттай бақылаушысы емес, нақ ортасында жүрген адамдардың бірі Язит Құспанов болатын.

Міне, ол ұзақ жылдардан бері Кеңқияқты мекен етіп, аянбай жұмыс істеді. Оның әулеті бәйтеректің бұтақтары секілді, жапырақтарын жайып, жан-жағын көркейте түсуде. Балалары өз алдына, немерелері мен шөберелері ылғи да аталарының жанынан табылып, айналасын ду-думан етеді.

Ауылдастары да қарияға ерекше құрметтерін көрсетуден айныған емес. Оның өзіндік себептері де бар. Өйткені ол осы өңірдің байырғы тұрғыны ғана емес, Кеңқияқтың көркейіп, өркендеуіне адал еңбегімен үлесін қосқан қайрат иелерінің бірі.

Язит ақсақалдың өмірбаяны таза еңбекпен өрілген. Ол 1942 жылдың 17 сәуірінде Гурьев облысының Қызылқоға ауданына қарасты Қатықкөл ауылында дүниеге келген. 1956 жылы олардың отбасы Ақтөбе облысына көшіп келеді. Сол жылы әкесі дүниеден өтті де, он төрт жасар Язит оқуын тастап, жұмысқа орналасуға мәжбүр болды. Өйткені ауру анасы мен кіші інісін асырау оның міндеті болатын. Осы уақыттарда Соркөл поселкесіндегі «Ақтөбемұнайбарлау» тресінің Мұғаджар аумағы партиясында механик болып жұмыс істейтін ағасы жасөспірімге қолдау жасап, ақыл-кеңесін айтып отырды. Балаң жігіт жазда мал бақты, ал қыста Мыңжасар Шерниязовтың бұрғылау бригадасында ересек адамдармен бірге еңбек етті. Бірте-бірте тәжірибе жинақтап, әрі ысылған ол он тоғыз жасында бұрғылаушылар сапына тұрды.

Кәнігі мұнайшы бүгінде еске алып отырғандай, ол кезде мұнай кәсіпшілігінде ауыр жұмысқа орналасқанда құжаттарды аса қажет ете қоймайтын.

— Соғыстан кейінгі ауыр жылдары өнеркәсіп әлі түзеліп кете қойған жоқ еді, оның үстіне шалғайдағы мұнай өндіретін аудандарда мамандар мүлдем жетіспеді. Бұрғылаушылар қатарына біліміне қарап емес, жеке басының қасиеттеріне — іске ұмтылысына, мастерлермен тіл табыса білуіне байланысты жұмысқа қабылдай беретін еді, — деп еске алады Язит Құспанов.

Кеңқияқ мұнайын кең ауқымда игеру үшін алда ұзақ әрі қиын жолдар жатыр еді. «Ақтөбемұнайбарлау» тресінің геологтары 1940 жылдардың орта тұсынан бастап он жылдан аса үздіксіз іздестірулер нәтижесінде жерасты байлығының мол қамбасын тапты. Зерттелген аумақта екі мұнайлы кеңістік анықталды. Оның біріншісі 340 метр тереңдікте орналасқан, Юрский шөгінділері деп аталды, ал екіншісі — Пермотриасты шөгінділері біріншісінен 150 метр төмендіктен табылды.

Нақ осы кен орындарында мастер Мыңжасар Шерниязовтың бригадасы жұмыс істеді. Одан басқа құрамында бұрғылаушылар Нұрдәулет Мұхамбетов, Жәрдем Сариев, Дәулет Төлебаев және бұрғылаушының жәрдемшісі Сағидолла Ықсанов секілді жұмысшылары бар Язит Құспановтың бригадасы да еңбек етті.

Бригада ұңғыманы сынақпен бұрғылауға маманданды. Алғашқы ұңғымалар мардымсыз нәтижелер берді. Осы аумақта ұзақ жыл еңбек еткен геология-минералогия ғылымдарының докторы Петр Яковлевич Авровтың өзі ақырында кен орнын өнеркәсіптік пайдалану үшін одан әрі барлаудың қажеттілігіне күмән келтіре бастады. 1956 жылдың қысында интенсивті жұмыстар ары қарай жалғастырылды. Көктемде су жайылып кетуіне байланысты барлау жұмыстары тоқтатылды, ал жазда геологтардың басым көпшілігі бұрғылау станоктарын жинап алып, Атырауға, неғұрлым перспектикалы мұнайлы аудандарға жол тартты.

Ғылыми-командалық құрамның негізгі адамдары кетіп қалғанына қарамастан, Мыңжасар Шерниязовтың бригадасы қолдарындағы небәрі бір бұрғылау станогымен «қара алтынның» үздіксіз ағынына ие болу үмітімен Кеңқияқ жеріне терең үңіліп, ауа райының қолайсыз жағдайында жанкештілікпен еңбек етуді жалғастыра берді. Алдағы бұрғылау жұмыстары үшін К-34 ұңғымасы таңдалып алынды.

Уақыт тығыз еді. Экспедиция басшылығы жедел түрде нәтиже күтті. Болмаған жағдайда мамандар мен құрал-жабдықтарды еліміздің басқа өңірлеріне ауыстыратынын мәлімдеп жатты. Ұңғымаларды одан әрі пайдалану үшін жабдықтар мұнда да жетіспейтін еді. Көптеген шаруалар қолдай атқарылды. Мұнайшылар алда да әлі талай зерттеу жұмыстары күтіп тұрғанын білді, бірақ олар күрделі геологиялық, климаттық, тіпті әкімшілік қиындықтар алдында да бас имеуге бел буды. Бұрғылаушылар бұрғыланған ұңғымаларға колонна түсіріп, оның айналасы цементтелді. Әлі игерілмеген өнімділік қабатын перфорациялау үшін геофизик-оператор Н.Ахметжановтың ескіден келе жатқан әдіспен жаңашылдық жасауы нәтижесінде саңылауы бар екі тірек дайындалды. Бұл саңылауларға кумулятивті зарядтар орнатылды. Тіректің келесі бетінен жүк тиеу үшін темір шарлар гирляндылары бекітілді. Тынбай ізденушілердің барлық үміт артқан бейімделген құрылымы қауіпсіздік техникасына қайшылықта істелгенімен, бұрғылаушылардың өздері үшін де күтпеген жағдайда мұнай қабатын ашып берді.

Сұйықтық деңгейінің күрт төмендеуі жағдайында физикадағы қарсы әсер заңы бойынша ұңғымадан құбыр сыртындағы атқыма кеңістігі арқылы мұнай мен газдың 10-15 метрге дейін шапшып шығуы орын алды. Механик А.Кабицкий ешқандай асып-саспастан мұнайға малына жүріп, бұрғылау агрегатының жетекші двигателін сөндірді.

— Біз өртке қарсы қауіпсіздік шараларын қабылдай отырып, ұңғымадағы двигательді іске қостық. Санаулы минуттар ішінде бұрғылау квадратын сорғылық компрессор құбырлары бастиегіне бұрып үлгердік, соның нәтижесінде мұнай фонтанын қажетті бағытқа бұруға мүмкіндік туды. Біздің бұл ісімізді білгеннен кейін басшылық бұрғылау бригадасы ұжымын құттықтап, алғашқы қадам жасаушылар ретінде құрмет көрсетті, — деп еске алады сол бақытты күндерді Язит Құспанов көз алдына келтіре отырып.

Кеңқияқ мұнайшыларының күтпеген табыстары жөнінде хабар тиген экспедицияның бас ғылыми жетекшісі Петр Авров өзінің ғалым-мамандарынан құралған бригадасымен Алматыдан жедел түрде ұшып келді. Мәскеуден КСРО Геология министрлігінің бас геологы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Николай Беляев, Қазақ КСР Геология министрі Александр Богатырев, сондай-ақ облыс басшылары да осында бас қосты.

Кеңқияқ кен орнының ашылуы Батыс Қазақстанда, оның ішінде Ақтөбе облысында мұнай өндіру өнеркәсібінің жаңа базасын құрылымдау үшін үлкен маңызға ие болды. К-34 ұңғымасындағы Шерниязов бригадасының ерен ерлігі бүкіл елге жайылды, бұл мұнайшылардың аңызға тән жаңашылдығы мен жанқиярлығының, темірдей ерік-жігерінің жарқын көрінісіне айналды.

Кеңқияқ тұзүсті мұнайы Батыс Мұғаджар маңы аймағындағы мұнайгаз өндірісі тұрғысындағы жекелеген ғалымдардың күдікті ой-болжамдарын түбірінен өзгертті. «Ақтөбемұнайбарлау» тресінің басшылығы жедел түрде терең бұрғылау аумағын қайта қарады. 1959 жылы Соркөлде жаңадан терең бұрғылау Мұғаджар аумағы мұнай барлау экспедициясы ұйымдастырылды. Өкінішке қарай, сейсмикалық барлау материалдарының сапасыздығынан және түсіндірудің жетіспеушілігінен Г-13, Г-14 алғашқы ұңғымалары тұздың күрт құламасына тап болды, жобалық тереңдігі 5000 метр болатын Г-11 ұңғымасы және жобалық тереңдігі 6000 метр П-12 параметрлік ұңғымасы апат салдарынан техникалық себептер бойынша жойылды.

Бұл терең бұрғылауды геофизикалық әдістермен үйлесімділікте жүргізу қажеттігін тағы да дәлелдеді, бұл ретте 2500-3000 метр қалыңдықтағы тұздан ұңғымалардың өту тәжірибесі қажет болды. Кен орнын өнеркәсіптік игерудегі қиындықтарға қарамастан, ұңғымалардың саны, соған сәйкестікте жұмысшылар ұжымы да үздіксіз өсе бастады. Бұл Кеңқияқ поселкесінде құрылыс қарқынын арттыруға септігін тигізді, Кеңестер Одағының әр қиырынан мамандар осында ұмтылу сарыны байқалды. Жергілікті тұрғындар да жаңа кәсіпшілікке бейімделе түсті. Поселкеде тіршілік қыза түсті.

«Саратовнефтестрой» басқармасы жанынан Кеңқияқ құрылыс басқармасы құрылды, ол кен орнында өнеркәсіп нысандарын құрылымдаумен және поселкеде әлеуметтік-мәдени құрылыстар салумен шұғылданды. Одан кейінгі жылдары Кеңқияқта жаңа мектеп, аурухана, мәдениет үйі және тұрғын үйлер сап түзей бастады.

Он алты жыл бұрғылаушы болып еңбек еткен Язит 1970 жылы мұнайшылық кәсібімен қош айтысып, Кеңқияқ көлік-технологиялық басқармасына жүргізуші болып орналасады. Осы жұмысын ол зейнет демалысына шыққанша атқарды.

Өмір бірыңғай күнгейімен қуанта бермейді ғой. Оның тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан берекелі отбасы да біраз ауыр сынақтарды бастан өткерді. Ұлы мен екі қызы мезгілсіз дүниеден өтті.

Ақсақал бүгінде ендігі үш ұлы мен ұрпақтарының амандығын тілеп отырады. Үлкені Мақсат Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай және газ академиясын бітірді, қазір Орал облысындағы Ақсай қаласында «Қарашығанақ-Атырау» магистральды мұнай құбырында еңбек етеді.

Мақат Алматыдан Қазақ политехникалық институтын бітіріп, «Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясында жұмыс істеп жүр.

Язит Құспановты жақын-жуықтары мен туыстары ғана емес, жерлестері де жақсы көріп, құрметтейді, оның еңбек жолындағы ерліктерін жоғары бағалап, айтып отырады.

Оның ерен еңбегі мемлекет және қоғамдық ұйымдар тарапынан «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақстан мұнайына 100 жыл» құрмет белгісімен, көптеген Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен атап өтілді. Ол — Кеңқияқ поселкесінің құрметті азаматы. Еңбек етіп жүрген жылдарында бірнеше рет аудандық және ауылдық кеңестерінің депутаты болып сайланды. Өзі ұзақ жыл еңбек еткен «Кеңқияқ» мұнайгаз өндіру басқармасының басшылығы мен ұжымы ұдайы хабарласып, мерекелерде құттықтауларын жолдап тұрады.

Қазіргі уақытқа дейін тұрақты жұмыс істеп тұрған К-34 белгісі бар аумақта орнатылған «1959 жылы Кеңқияқ кен орнында тұзүсті мұнайының алғашқы ағыны алынды» деген қысқаша жазба бар тақта осы өңірдегі ерекше оқиғадан хабардар етіп тұрады. Бұл ескерткіш Қазақстан үшін, еліміздің өркендеуі үшін жаңа дәуір есігін ашқан қарапайым мұнайшылардың еңбектегі ерлігін есте сақтауға және құрмет тұтуға үндейді.

Антон ПЕРЕЖОГИН

Басқа жаңалықтар

Back to top button