Басты бет » «Ақтөбе — құтты мекен» » Цифрландыру — уақыт күттірмейтін іс

Цифрландыру — уақыт күттірмейтін іс

Цифрландыру бағытындағы жұмыстар еліміздің елеулі экономикалық тиімділікке қол жеткізуіне, сондай-ақ  халықтың өмір сүру сапасын арттыруға өз септігін тигізбек.Облыс орталығы Ақтөбе қаласында жалпылама цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері бұл бағытта бірқатар нақты істер тындырылған. Шаһарды цифрландыру бойынша атқарылып жатқан шаруалар туралы Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызметтерді үйлестіру бөлімінің басшысы Аманат Рахимов айтып берген еді.

Ақтөбенің өз геопорталы бар

Облыс орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жер қатынастарын цифрландыру мәселелері жөніндегі тапсырмасын орындау, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Ақтөбе қаласының геоақпараттық порталы  жасалды. Геопортал іске қосылғалы қала тұрғындары жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік қызметтер мен сервистерді онлайн режимде алып жатыр. Күні бүгінге дейін тұрғындар тек портал арқылы 800-ден астам өтінім білдірген. Аталған жүйенің жұмысы пандемия кезінде тиімді болған екен. Өйткені мұнда адамдар арасында тікелей байланыс болмайды.

— Геоақпараттық портал — халық пен бизнес өкілдері үшін  жер, сәулет-қала құрылысы қатынастары саласындағы бизнес-процестерді автоматтандыруды қамтамасыз ететін электрондық ақпараттық платформа. Бұның бірнеше тиімді тұсы бар. Біріншіден, қала тұрғындары ендігі жерде бір құжатты, рұқсат қағазды немесе келісімді алуға, әсіресе жер учаскесін алғанда немесе оны қайта ресімдеген кезде көп уақыт жұмсап әуре болмайды. Екіншіден, қызмет көрсетуші мен қызмет алушының арасында тікелей байланыс болмайды. Яғни ашықтықты қамтамасыз етеді. Барлығын электронды нұсқада онлайн түрде алады, — дейді Аманат Рахимов.

Сондай-ақ кәсіпкерлер үшін өткізілетін жер аукциондары мен конкурстары туралы ақпарат та осы жерде жарияланып отырады.  Бұл қызметтің ерекшелігі — қатысу шарттары көрсетілген сауда-саттыққа қойылған учаскенің орналасқан жері, сондай-ақ өтінімдерді қабылдау орындарының барлығы порталда көрсетіліп тұрады.

Қазіргі таңда ақтөбеліктер портал арқылы 10 қызмет түрін ала алады. Жыл соңына дейін тағы 2 қызмет түрін іске қосу жоспары тұр.

Geoportal.akt.kz порталына кіріп, өзіне қажетті құжатты алуы үшін әрбір азаматтың электронды цифрлық қолтаңбасы болуы шарт. Қарапайым қала халқы үшін порталда барлығы нақты әрі түсінікті жазылған.

Аманат Рахимов геопорталдан алдағы уақытта басқа да салалар бойынша қызмет ала алатындай етіп толықтыру жоспары тұрғанын айтты.

Электронды билет жүйесі қаншалықты ыңғайлы?

Ақтөбеде көлік және коммуникация саласын цифрландыру бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биылғы басты жаңалық ретінде қоғамдық көліктердің электронды билеттеу жүйесіне көшкенін айтуға болады. Бүгінде облыс орталығындағы барлық автобустар жаңа жүйеге көшіп, дифференциаланған (сараланған) тариф енгізілді.

— Жаңа жүйеге көшу қала тұрғындары мен автобус жүргізушілері арасында бірқатар түсінбеушіліктер тудырды. Бірақ  тұрғындар электронды билеттеу жүйесіне тез үйренісіп кеткен секілді. Электронды билеттеу  — халық саны көп шоғырланған, үлкен қалаларда өз тиімділігін дәлелдеген жүйе. Әрбір жолаушы стационарлық терминалдар арқылы жолақысын көлік картасымен немесе мобильді қосымша арқылы төлейді. Мобильді терминал, яғни валидатор құрылғысы кондукторлардың болмаса  жүргізушілердің қолында болады. Бұл туралы тұрғындарға кеңінен ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді.

Қоғамдық көлікке қатысты ақтөбеліктер тарапынан AktobeBUS мобильді қосымшасы неліктен істен шықты?» деген сұрақ жиі қойылады. Аталған қосымша бұрын электронды билет жүйесін қойған компанияға тиесілі болатын. Қосымшаны пилоттық жоба ретінде сынап көрді, бірақ толық аяқталмады. Сондықтан ол қосымша істемей тұр. Біз тұрғындардың бұл ұсынысын ескердік. Бүгінгі таңда автобустардың қай бағытта келе жатқанын онлайн түрде бақылап отыратын жаңа қосымша жасалып жатыр. Жұмыс толық аяқталған соң, тұрғындарды жағымды жаңалықпен құлақтандыратын боламыз, — деді бөлім басшысы.

OSI BILLING — бірыңғай төлем құжаты

Әңгіме барысында Аманат Рахимов Ақтөбенің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылып жатқан цифрландыру жұмыстары туралы да айтты.

Бүгінгі таңда көппәтерлі үйлерді басқарудың формасы өзгеріп жатыр. Бұрынғы ПИК-тің орнын енді МИБ басады. Күні бүгінге дейін қала бойынша 65 көпқабатты үй меншік иелері бірлестігіне, 1426 үй жай серіктестікке өтіпті. Ал қалған 377 үйдің тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйді басқару формасы өзгерген соң ай сайынғы тұрғындар тарапынан төленетін төлем жүйесі де өзгеретіні белгілі. Яғни енді жұмыстар «Бір үй — бір бірлестік — бір есепшот» қағидаты бойынша жүргізілмек.

— Келер жылдың шілде айына дейін қаладағы барлық көпқабатты үйлер басқарудың жаңа формасына көшіп болады. Осыған байланысты меншік иелері бірлестігі жетекшілерінің онлайн платформасын құрып жатырмыз. «OSI BILLING» деп аталатын онлайн платформа қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылып жатқан цифрландыру жұмыстарының бір көрінісі. Бұл платформаның ерекшелігі — бірлестік жетекшілерінің жұмысын, ақшаның қайда кетіп жатқанын тұрғындарға және жергілікті атқарушы билік органдарына көріп отыруға мүмкіндік береді. Яғни, әрбір тұрғын платформаға өзінің логині мен құпиясөзі арқылы кіріп, тұрып жатқан үйіне қатысты мәліметті ала алады. Сондай-ақ әрбір меншік иелері бірлестігін басқарып отырған азамат мұнда тұрғын үйге қатысты қандай да бір мәселе немесе хабарландыруын жариялауына болады.

Жаңа платформа іске қосылған уақытта тұрғындар өздері тұрып жатқан үй туралы толық ақпарат ала алады. Біз жаңа жүйеге әрбір үйдің қай жылы салынғанын, соңғы рет қашан жөндеуден өткендігі туралы мәліметті толықтырып салуды көздеп отырмыз. Бүгінгі таңда арнайы эксперттік комиссия құрылды. Құрамында меншік иелері бірлестігін басқарып отырған азаматтар да бар. Жұмыс жасалып жатыр. Көп ұзамай өзіміз көздеген нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын, — деді Аманат Рахимов.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қоғамның барлық саласын дамытуға бағытталғаны белгілі. Біз қала бойынша жасалып жатқан нақты жұмыстардың тек бірнешеуін ғана атап көрсеттік. Өңірде білім беру саласы мен денсаулық сақтау саласында да цифрландыру бағытында оң нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Облыста тұрғындарды 100 пайыз талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамту үшін жоспар құрылып, нақты жұмыстар атқарылып жатыр.

Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызметтерді үйлестіру бөлімінің басшысы Аманат Рахимов сұхбат барысында Ақтөбе қаласы бойынша халықты сапалы байланыспен қамту бағытындағы жұмыстарға да тоқталып өтті. Қала бойынша байланыс арнасы нашар 17 нүкте анықталыпты. Келер жылдың соңына дейін бұл олқылық жойылатынын айтып сендірді. Сондай-ақ «Қауіпсіз қала» бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайы туралы да білдік. Бөлім басшысы айтып өткендей, жұмыстар облыстық ішкі істер департаментімен бірлесе атқарылып жатыр.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.