«Ақтөбе — құтты мекен»

Биыл қаланы қардан 10 мердігер ұйым тазартады

Биыл қалаға қар ерте түсті. Осыған байланысты жолдарды күтіп ұстайтын мердігер мекемелер қар тазарту жұмыстарына жылдағыдан ерте кірісті. Дегенмен екі-үш күннен бері ауа райы құбылып тұр. Еріген қар мен жаңбырдың салдарынан жердің бетін мұз басты. Қазір қала аумағында 10 мердігер ұйым жолаушылар мен көліктердің қауіпсіздігі үшін көше жолдарына тұз, құм сеуіп, жұмылып еңбек етуде.

Көшелерге тұз, құм себіліп жатыр

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің автомобиль жолдары секторының меңгерушісі Айнат Қазмағамбетовтің айтуынша, қазір қала аумағында 100-ге жуық техника көше жолдарына тұз, құм сеуіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

Қазіргі уақытта мердігер мекемелер жол жиегін қардан тазарту жұмыстарын жүргізуде. Атап айтсақ, мердігер ұйымдардан 6-7 адамнан тұратын 15 жұмыс бригадасы жұмыс жасап жатыр. Олар түнгі уақытта қала көшелерін, көпірлерді, жол қиылыстарын және көпір жанындағы алаңдарды арнайы техникамен тазалап жатыр. Сондай-ақ қала көшелері мен тұрғын үй массивтерінде арнайы техника мен жауапты тұлғалардың тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруда. Бұл орайда мердігер ұйымдардың әрқайсысының жұмысын тікелей кураторлар бақылап отыр.

Айта кету керек, келесі жылдан бастап автожолдарды қыста күтіп ұстау бойынша мердігерлермен үш жылдық келісімшарт жасалатын болады. Яғни мердігер мекемелер өздері міндеттеме алған жолдарға үш жыл бойы жауапты болады, — дейді сектор меңгерушісі.

Биыл қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстауға 10 мердігер ұйым жұмылдырылған. Олар: «Техэлектро Қазақстан» ЖШС, «АФ Коквест» ЖШС, «3 Q Universal» ЖШС, «Financial World» ЖШС, «БошанТрансАвто» ЖШС, «Ақжол LTD» ЖШС, «Ерхат жолдары» ЖШС, «Есентай Холдинг» ЖШС, «Абай-С» ЖШС, «Сариев» ЖК.

Қазір аталған мердігер ұйымдардың 190-нан астам арнайы техникасы жолдарды тазарту жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде 17-сі — автогрейдер, 43-і — тазалағышы бар «МТЗ-80» маркалы трактор, 12-сі — тазалағышы бар машина, 3-еуі — «К-700» тракторы, 2-еуі — шнекоротор, 17-сі — құмшашқыш техника, 30-ы — тиегіш машина, 71-і — самосвал.

Сондай-ақ бүгінгі таңда мердігер ұйымдар көктайғаққа қарсы инертті материалдар қорын да жасақтап үлгерген. Атап айтсақ, қорда 650 тонна тұз, 1600 тоннадан астам құм-тұз қоспасы және 1000 тонна құм бар.

Айта кету керек, бүгінгі күні 10 мердігер ұйым қызмет көрсететін учаскелердің жалпы ауданы — 5,9 млн шаршы метр. Яғни бұл — қала аумағындағы 711 көше, айналма автожолдар және 53 тұрғын үй массивінің жолдары.

Айнат Қазмағамбетовтің айтуынша, мердігер мекемелерге Ақжар-2 ауылы аумағынан («ҚазМұнайГаз» ЖҚС) және қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонында қар төгуге 2 арнайы полигон бекітілген.

— Биыл қар ерте түскенмен, ауа райы құбылмалы болып тұр. Қар аралас жауын-шашын соңы аязға ұласып, көктайғақ болып жатыр. Осыған байланысты қазіргі уақытта барлық қалалық коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс режиміне көшті.

Соңғы күндері кей тұрғындар тарапынан жол жиектерінің тазартылмағандығы, жолаушылар жолының тайғақ болып жатқандығы жайлы шағымдар түсуде. Қазір жауапты мекемелер барынша еңбектеніп жатыр, жұмысшылар күндіз-түні жолдарды қардан, мұздан тазартып, тұз, құм себуде. Тұрғындар осыны ескерсе екен дейміз. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жолаушылар мен көлік жүргізушілерінен жолда мұқият болуды сұраймыз. Көлік жүргізушілері ұсынылған жылдамдық режимін сақтау керек, ал жаяу жүргіншілер өз кезегінде жолда мүмкіндігінше мұқият болып, тек жаяу жүргіншілер өткелінен өтулері қажет.

Көктайғақ кезінде қажетті қауіпсіздік шараларын сақтау барлығымыздың өміріміз бен денсаулығымызды сақтайтынын ұмытпағанымыз абзал, — дейді А.Қазмағамбетов.

«Аулаларды басқарушы компаниялар тазартуы керек…»

Сөз арасында сектор меңгерушісі мердігер компаниялар өздеріне тиесілі аумақтарды ғана қардан, мұздан тазартатынын атап өтті. Ал үй маңындағы аумақтар мен көппәтерлі үйлердің аулаларын басқарушы компаниялар тазартуы тиіс.

  • Көппәтерлі үйлердің аулалары — тұрғындарға ортақ аумақ. Сондықтан үйдің күтіп ұстауымен айналысатын басқарушы компаниялар бұл жұмысты аула аумақтарында ұйымдастыруға мүдделі болуы керек. Сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдардың, мектептердің, мектепке дейінгі мекемелерінің басшылары жаяу жүргіншілер жолдарын, өз ғимараттарының кіреберісі мен баспалдақтарын қар мен мұздан тазарту процесіне белсенді қатысуы керек. Өз ғимараттарына апаратын аула ішіндегі жаяу жүргіншілер жолына көктайғаққа қарсы материалдарды себуді ұмытпауға тиіс. Ал аулалардағы қарды дер кезінде жинау және шығару, ғимараттардың шатырлары мен күнқағарларын тазалау жұмыстарын іргелес аумақтары бар меншік иелері мен барлық меншік нысандарының басшылары қолға алулары қажет, — дейді сектор меңгерушісі.

Күніне 21-22 машина қар шығарған

Қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстаумен айналысатын мердігер компаниялардың бірі — «Ерхат жолдары» ЖШС. Бүгінде бұл мекеме Әлия Молдағұлова даңғылы мен Ғазиза Жұбанова көшесіне дейін аумақты, яғни жалпы саны 30-ға жуық көшені қардан тазартады. Қазір қар тазарту жұмыстарына 70-ге жуық техника, 30 жұмысшы жұмылдырылған.

Серіктестік директоры Мұхтар Ермұхановтың айтуынша, өткен аптада мердігер мекеме өздеріне тиесілі аумақтардан күніне 21-22 машина қар шығарған.

  • Қазір біздің 3 бригада жолдардың жиегін және көшелерді қардан тазартуға барынша күш салып жатыр. Атап айтсақ, өткен аптада арнайы техникалардың көмегімен әр бригада күніне 6-7 машина қар шығарды. 1-2 күннен бері көктайғаққа байланысты жолдарға тұз себу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Техникалар тәулік бойы қызмет етсе, жұмысшылар график бойынша жұмыс жасауда. Инертті материалдар қоры жеткілікті. Дегенмен біз тұрғындарға жолдан абайлап өтіп, барынша сақ жүруді ескертеміз, — дейді «Ерхат жолдары» ЖШС директоры Мұхтар Ермұханов.

Айта кету керек, «Ерхат жолдары» ЖШС 2007 жылдан бері қаланы қардан тазарту жұмыстарымен айналысады. Бұл серіктестікте қазір 160 адам еңбек етеді. Сондай-ақ мекемеде 80-нен астам техника бар.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button