Жаңалықтар

Ет тартудан басталған бизнес

Ақтөбеде жыл өткен сайын мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен кәсіп бастап, оны отбасылық бизнеске айналдырып отырғандар қатары көбейіп келеді. Солардың бірі — жақында ғана 3,5 млн теңге мөлшеріндегі облыстық грантты ұтып алған Ақтөбе қаласының тұрғыны Айнұр Есеналиева.

Қала тірлігі қауырт болғандықтан ба, әйтеуір, жұрттың көбі жартылай дайын өнім сатып алғанды немесе ыстық тамақты үйге алдырғанды ыңғайлы көреді. Осыны ескерген пысық келіншек ет тартып, тұшпара мен манты түюге білек түре кіріседі.

— Қазір қала тұрғындарының қазанға салып, бір қайнатып ала қоятын жартылай дайын өнімдерге сұранысы артқан. Нарықтағы осындай сұранысқа сай еңбек етіп жүрген жайымыз бар. Биыл наурыз айында Бауырластар елді мекенінде бір ғимаратты жалға алып, азық-түлік дүкенін аштым.Бүгінде дүкеннің кіреберісіне ет және ет өнімдерін қойып, сатуға шығардық. Сондай-ақ торт және тәтті тоқаш, бөлкелерді де қолдан жасайтын шағын цех та ашып қойдық. Жұмысқа адамдар алдық. Біздер едәуір өнімге, азық-түлікке тапсырыс берген адамға жеткізуді тегін ұйымдастырамыз. Тапсырыстарды күйеуім жеткізіп береді, — дейді кәсіпкер келіншек.

Айнұр күйеуі Айзат екеуі  былтыр «Строитель-2» бау-бақша ұжымы аумағынан алған жеріне бір айдың ішінде үй көтеріп, күл алып, от жағып жүріп, ет тартып, манты, тұшпара түйіп, ішіне тартылған ет салынған болгар бұрышы, бәліш, самса секілді тағамдарды жартылай дайындап, алдын ала тапсырыспен сатып жүрді.

Төрт баласының дені сау, болашағы жарқын болуын тілейтін тынымсыз әке мен табанды ана келешек қамын бүгіннен қолға алып, жауапкершілікпен кірісіпті.

Әуелі екеуі де«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздері курсында оқып алды. Былтыр Айнұр Есеналиева «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі, яғни 555 мың теңге грантқа ие болып, бұл қаражатқа мұздатқыш, еттартқыш, таразы, тақтайлар мен пышақтар сатып алса, күйеуі Айзат Исабаев жоба қорғап, грант ұтып, екі сиыр сатып алады. Сөйтіп, отбасылық кәсіпті ет тартып, тұшпара, манты секілді жартылай дайын өнімдер жасап, көрші-көлемге сатудан бастайды.

— Бұрын ауылда ата-анамыз соғым сойғанда ішек-қарын, ұлтабар, өкпе-бауыр, тағы басқасын етке қосып, қуырдақ жасайтын. Бала кезімізде сүйсініп жейтін едік. Қазіргі балалар ішек-қарынды жемейді. Алайда оның пайдалы екенін білетін жұрт тартылған ішек-қарынды пышақ үстінен үлестіріп әкетеді. Ыңғайы келсе, малды да өзіміз соямыз. Өзім де ішіне фарш салып жасайтын тағамдардың бәріне де тартылған ішек-қарын салып, уыттап, жасап көрдім. Дәмді болады екен. Сондықтан да тұрақты клиенттеріме ұсынып, бүгінде біздің дүкеннің фирмалық тауарына айналды десем артық айтқаным емес. Тартылған ішек-қарынның келісі мың теңге, — дейді Айнұр.

Пысық келіншек үй тірлігін дөңгелетіп, балаларының да бабын жасайды. Төрт баланың үлкені төртінші сыныпта, одан кейінгісі бірінші сыныпта оқиды. Төрт жастағы мен екі жастағы кішкентайлары «Танюша» балабақшасына барып жүр. Балаларды қосымша сабақтарға апарып, үй, мектеп, балабақша арасындажүгіріп жүріп, бәріне үлгеруге тырысатын келіншек өзін жетілдіруге де, ізденуге де уақыт табады.

— Бизнесті дамытуға қатысты қандай да бір семинарлардан қалмауға тырысамын. Білікті, тәжірибелі мамандардың айтары көп. Сондай шараларда ойлап жүрген сұрақтарыма жауап аламын. Кәсіп бастаған адамның бәрі де қаржылай қолдауды қажет етеді. Осы тұста мемлекеттен берілетін көмектің игілігін көріп отырғанымызды айтар едім. Отбасылық бизнесіміз «Бастау» жобасынан басталды ғой. Сондай-ақ семинарларда үлкен көлемдегі қайтарымсыз қаражатты қалай алуға болатынын білсек, тағы бірде табыс табу мен тұлғалық дамуға қатысты көп ақпарат айтылады. Айтпақшы, жақында 3,5 миллион теңге грант ұтып алдым. Оған қуаттылығы жоғары еттартқыш, тоңазытқышы бар сөрелер, тағы сол сияқты қажетті құрал-жабдықтар аламын. Құралсыз жұмыс өнбейтіні белгілі. Болашаққа жоспарларымыз да көп. Соның бірі — есік алдынан бір үлкен ғимарат салғымыз келіп отыр. Бір жағын цех, бір жағын дүкен еткіміз келеді.  Кірпіштерін әкеліп қойдық. Әйтпесе қазір Бауырластардағы дүкен ғимаратын жалдап отырмыз. Қиындау болып тұр. Жұмысымыз есігіміздің алдында болса, балаларымызға да қарауға ыңғайлы болар еді. Аула кең, жер бар. Көктем шықса, цех құрылысын бастауға ниеттеніп отырмыз. Биыл үйге газ кіргіздік. Үйдің қасына су келіп, мәз болып жатырмыз, — дейді кәсіптің көзін тапқан келіншек.

Табанды келіншектің ұқыптылығы мен еңбекқорлығына да сүйсінесің. Үнемі ізденісте жүретін ол соңғы кездері дастарқан сәніне айналып жатқан ерекше тағам түрлерін интернеттен қарап, үйреніп алып, соны клиенттеріне ұсынып жатады. Мысалы, Айнұр түйген тұшпара мен мантыны былай қойғанда, шпинат жапырағынан, қызылшадан, сәбізден, тартылған еттен, ірімшіктен жасалған қызылды-жасылды рулеттер мерекелік дастарқаныңды жайнатып жібереді. Айтпақшы, уақытына қарай кейде қонақ шақырып жатқан үйлерден тапсырыс алып, аспаз болып та барады. Еттен жасалатын тағамдарды дәмді әзірлейтін кәсіпкер келіншек қажетіне қарай еттің нанын да, қанша күлше болса да қолдан илеп, жазатынын айтады.

Айнұр Есеналиева осы қараша айында АҚШ Елшілігінің қолдауымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «АIKA ALEMI» компаниясы ұйымдастырған «Қолөнер бренді және өнім» курсын тәмамдапты. Енді желтоқсан айында кәсіпкерлер форумына қатыспақшы. Оған қатысатын әр кәсіпкер ерекше бір тағам әзірлеп ұсынуы тиіс екен. Ішек-қарыннан ерекше тағам әзірлеп, нарыққа ұсынып жүрген Айнұр бұл форумға да осындай қолтаңбасы бар ерекше ас ұсынбақ.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button