Жаңалықтар

Орталық мамандары білімдерін жетілдірді

Семинар

Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында ерекше білім беруді қажет ететін 2330 бала  тұрып жатыр. Олардың арасында аутизмге шалдыққан балалар да бар.

Аутист балаларды қоғамға бейімдеп, әлеуметтендіру мақсатында «Жас ұрпақ» орталығында қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанова мен Ақтөбе қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, «Жас ұрпақ» орталығының басшысы Татьяна Кимнің ұйымдастыруымен «Аутизм және оқыту мәселелері» тақырыбында ақпараттық марафон өтті.

Марафон аясында мамандарға семинарлар сериясы мен шеберлік сыныптар өткізілді. Бүл күні орталықта Израильдің «Sulamot»компаниясының мамандары Марина Слепян мен Люба Рубин-Ниязова «Жас ұрпақ» орталығы қызметкерлеріне дәріс оқыды.

Аутизм —  емделмейді, себебі ауру емес, оны түзетуге болады, — дейді «Sulamot»компаниясының маманы Марина Слепян. Одан әрі ол аутзим балаларға көрсетілетін көмек түрлері, тиімді түзету-дамыту ортасын қалыптастыру, жалпы білім беру мекемелеріндегі инклюзия туралы әңгімеледі.

«Жас ұрпақ» орталығының басшысы Татьяна Кимнің айтуынша, қазір орталық мамандары жүзге жуық балаға қызмет көрсетеді. Ал орталық қызметін алуға кезекте шамамен екі жүзден астам бала тұр. Сол үшін де орталық мамандары үнемі ізденісте болып, білімдерін жетілдіріп отырады. Ал семинарға қатысып отырған осы орталықтың ABA-маманы Дария Құбайдолла аутист балалармен жұмыс істеудің қиындығын, төзімділік қажеттігін әңгімелеп, ата-аналар балаларымен үздіксіз жұмыс істеген жағдайда ғана оң нәтиже болатынын айтты. Сондықтан да бастаған түзету шараларын аяқсыз қалдырмауды сұрады. Айтпақшы, «Жас ұрпақ» орталығына барып, бір ай маман қызметтерін алу үшін бір балаға 130 мың теңге қажет екен.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button