«Ақтөбе — құтты мекен»

Түнгі қаланың көркі

Қала түнгі келбетімен көрікті. Орталық көшелердің, демалыс орындары мен аулалардың шамдары жарқырап тұрса, көзге қуаныш сыйлайды. Бүгінде Ақтөбе қаласының түнгі шырайын арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынуда.

Биыл 140-қа жуық көп қабатты үйдің қасбетін жарықпен қамтамасыз ету жоспарланған.

Бүгінде қаланың тарихи аудандарының бірі Тұрғындар қалашығындағы көп қабатты үйлердің қасбеттері декоративті жарықпен қамтамасыз етілді.

Қазіргі таңда жұмыстар Әбілқайыр хан даңғылында, Тургенев және Сәтбаев көшелерінде жалғасуда. Ә.Молдағұлова даңғылы бойында орналасқан 5-шағын аудандағы көпірден Сәңкібай батыр даңғылына дейінгі үйлер де декоративтік жарықпен безендірілген.

«КМК Строй» ЖШС мердігер мекемесінің өкілдері биыл барлығы шамамен 150 үй иллюминацияланатынын айтады.

Сондай-ақ қазір қаланың ескі бөлігіндегі 8 наурыз көшесіндегі көппәтерлі үйлердің аулаларын жарықтандыру, Теміржол вокзалы маңайындағы көшелерді жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. 8 наурыз көшесіндегі 12 аула жарықтандырылды.

Жалпы қала бойынша «АМК Жарық» ЖШС 200-ден астам ауланы жарықтандыру бойынша жобаларды жүзеге асырмақ.

Айта кету керек, үйлердің қасбеттерін илюминациялық безендіру жобасы ескірген көше шамдарын үнемдегіш заманауи жарықдиодты шамдарға ауыстыру нәтижесінде жүзеге асырылуда.

Тұрғындар не дейді?

Асылбек ТӘПЕСОВ, қала тұрғыны:

— «Нұр Ақтөбенің» 3-шағын ауданында тұрамын. Бұрын көшелер жарықтандырылмаған еді. Әсіресе қыс мезгілінде таңертең және кешкі уақыттарда аялдамаға бару қиын болатын. Міне, биыл жол бойына жарықшамдар орнатылды. Бұл әсіресе оқушыларға ыңғайлы болып отыр. Енді жабық аялдама орнатылса деген өтінішіміз ескерілсе…

Қаланың шетінде орналасқан шағын аудандарға жөндеу жұмыстарының ұйымдастырылып жатқаны қуантады. Сүйікті ауданымыз бұдан да дамып, көріктене түссе дейміз.

Алмагүл НЫСАНБАЙ, қала тұрғыны:

— Аула ішінде қараңғыда жүру, әсіресе егде кісілер мен балаларға қиын. Өзім де серуендеуге жиі шығып тұрамын. Жарық қойғалы адам көп жүретін болды.

Әрине, мұның бәрі де қаланың шырайын арттырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр. Әйткенмен кейбіреулер мемлекет мүлкін бүлдіріп, шығын келтіріп отырғанын да айтпасқа болмай тұр. Тұрғындарды қаламызға құрметпен қарауға шақырамын.

Шырайлы қала көшелерінің шамдары жарқырап тұр. Алда да көркіне көрік қосып, абаттана түсетінініне сенім мол.

Сейітжан ЖҰМАШЕВ, қала тұрғыны:
Үш жылдан бері Тұрғындар қалашығы ауданында тұрамын. Биыл жазда тұрғын үйлердің сырты жаңа кейіпке еніп, ажарлана түсті. Үйіміздегі подъездердің терезесі де ауыстырылды. Жасалып жатқан өзгерістер орынды деп есептеймін. Расында көше жарығы — қала сәні. Бәрінен бұрын тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Бұрын іргелес отырған көршінің үйіне қолымызға шам ұстап, қиындықпен барушы едік. Қазір көшеміз жап-жарық. Қараңғы түскенде де қиындықсыз жүріп-тұратын болдық.

ЖАҢА БАҒДАРШАМДАР ОРНАТЫЛУДА

Биыл қала көшелеріне 8 жаңа бағдаршам орнату жоспарланған. Бүгінге дейін оның төртеуі іске қосылды. Қалған бағдаршамдар жыл аяғына дейін орнатылмақ.

Бүгінде Ақтөбе қаласында 118 жарықдиодтық бағдаршам жұмыс жасап тұр.

— Ақтөбе қалалық жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығы мекемесі Ақтөбе қаласы бойынша бағдаршам орнату және техникалық қызмет көрсету жұмыстарымен айналысады.

Қазір қалада көлік саны көп. Сондықтан жол қозғалысын реттеу мақсатында бағдаршамдарды жаңарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.

Биыл Сәңкібай батыр даңғылы, №72 және  Назарбаев зияткерлік мектептері аумағына, Қарғалы ауылында жаңа бағдаршамдар орнатылды. Барлық бағдаршамдар дыбыстық хабарлаушылармен жабдықталған.

Бұл аумақтардың барлығы жіті зерттелді. Қай жерлерде көлік ағыны көп, сол жерлерге бағдаршамдар орнатылды. Жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, — дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Таңқиев.

Бүгінде қалада жаяу жүргінші шақыру батырмасымен 15 бағдаршам жабдықталған. Көше қиылысына келген жүргінші бағдаршам кешеніндегі арнайы тетікті басқанда бағдаршамның жасыл түсі 30 секундқа жанады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға дыбыстық хабарлаушы мен жаяу жүргінші шақыру батырмасы орнатылған.

Ақтөбеде бағдаршам жасаумен «Светоком» ЖШС айналысады. Аталған компания 2002 жылдан бастап жарықдиодты бағдаршамдарды шығаруды және сатуды бастады. Екі жылдан кейін кәсіпорын өнімді сериямен шығаруды қолға алды.

Бүгінде «Светоком» ЖШС шығарған бағдаршамдар Ақтау, Жаңаөзен, Бейнеу, Атырау, Орал, Ақсай, Арқалық, Семей, Қызылорда, Шымкент, Жезқазған, Риддер, Балқаш және т.б. қалаларда жұмыс істеп тұр. Мұнда заманға сай түрлі жаңалықтар енгізу, бағдаршам құрылғыларын жетілдіру мәселесі барынша назарда ұсталады. Мысалы, бағдаршамдарға жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге уақыт мөлшерін көрсетіп тұратын индикаторлар орнату, поликорбанат материалдарын пайдалану, т.б. 2011 жылы «жаяу адам» бейнесі бар жаяу жүргіншілер бағдаршамдары шығарыла бастады.

***

«ҚАУІПСІЗ ЖОЛ»

Ақтөбеде жол қауіпсіздігін бақылау мақсатында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтті.
Нәтижесінде 10 күн ішінде 6 мыңға жуық ережесін бұзу деректері анықталды. Мас күйінде көлік құралдарын басқарған 36 адам, қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығудың 30 дерегі анықталды. Жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін 241 жүргізуші, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 1272 жаяу жүргінші әкімшілік тәртіппен жазаланды.

Бағдаршамның тыйым салатын сигналына жол жүрудің 159, белгіленген қозғалыс жылдамдығын шамадан тыс асырудың 543, сондай-ақ көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданудың 448 дерегі анықталды.
Сонымен қатар 10 күн ішінде «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 20 жол-көлік оқиғасы болып, 20 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапты.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай өткен 2112 жүргізуші анықталған. Оларға 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button