Жаңалықтар

Жазушыны ұлықтады

Белгілі  жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты  Мәди Айымбетовтің 75 жылдық мерейтойы Байғанин, Мұғалжар аудандарында   жалғасты.

Қарауылкелдідегі  Мәдениет үйінде өткен кездесуде аудан әкімі Қайрат Отаров қаламгердің шығармашылығы туралы жылы лебіз білдіріп, Мәди Айтпенбетұлы мен оның зайыбы Роза Алпысбайқызына сый-құрмет көрсетті.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин жазушының «Бопай ханым» тарихи романы туралы айта келіп, Әбілқайыр ханның жары, хан кенеттен қаза тапқанда ел бірлігін сақтап қалу жолында ұлан-асыр іс тындырған Бопай ханымды ұлықтау жолында облыста атқарылып жатқан істер туралы әңгімеледі.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры  Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп отырған кеште ақын, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев Мәди Айымбетовтің шығармашылығы туралы мазмұнды баяндама жасады. Ақын Жақсылық Айжанов мерейтой иесіне арнаған өлеңін оқыды. Кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Естай Ибрагимов інілік ілтипатын білдірді. Композитор Орал Байсеңгір жиынды әнмен әрледі. Аудан өнерпаздары да әннен шашу шашты.

Кеште «Бопай ханым» тарихи романының тұсауы кесілді.

Жарқамыс ауылында өткен кеште жазушының «Қара шаңырақ» шығармасынан қойылған шағын қойылым көпшіліктің көңілінен шықты.

Алтай батыр ауылында өткен жүздесуде жазушы шығармашылығындағы кейіпкерлер туралы сөз болды. Өйткені М.Айымбетов шығармаларының негізгі кейіпкерлері  — осы өңірдің тұрғындары, біреудің атасы, біреудің әкесі дегендей,   көңілге жылылық ұялататын  бейнелер.

Қандыағаш қаласында оқырмандармен емен-жарқын әңгіме түрінде өткен кеш те өте қызықты өтті. Мұғалжар ауданының әкімі Асқар Шериязданов  қаламгер мен оның зайыбына  аудан тұрғындары атынан сый-сияпат жасады.

                                                                                                                       Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button